Жас ділмарлар додасы

8387
Adyrna.kz Telegram

«Мынау технология ғасырында қазақтың ескірген сөзі кімге дәрі, оның қандай маңызы бар?» – дейтін қасаң пікірлер айтылып жүр. Дәл осы ғасырға сөз өнері, шешендік өнер бірден бір қажетті һәм маңызды өнер. Ғаламтордың торында арзан визуалға алданып, рухани құлдырауға ұшырап бара жатқан қоғамның асфальттай жанын тесіп шығар бір шоқ шешек әлбетте керек. Шешендік сөз эстетикасы, сөз құдіреті тоңазыған жүрекке жылу беріп, рухани болмысымызға оралып, ұлттық мінезімізді бойымызға қайтаруға көмектеседі.

Осы орайда Көктөбенің етегінде орналасқан қара шаңырақ Абай атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта «сөз қадірін - өз қадірім» деп білетұғын дарынды оқушылар бабадан қалған бай мұра – шешендік өнерді жаңғыртуға бағытталған, дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан үшінші «Ділмар» Республикалық шешендік өнер сайысында бақ сынады. Байқау тек сайыс түрінде ғана емес, ойлы адамға мол ғибрат берерлік, есті кісі ескерерлік сабақ іспеттес өтті.

Бұл шешендік сайыс пікірсайыстан (дебаттан) өзгеше болды, тың талаптар қойылып, оқушының білімі мен болмысын түгелдей ашуға септігін тигізді. Атап айтқанда, тіл тазалығы, би-шешендердің сөздерін, мақал-мәтел қолдану секілді талаптар ана тіліміздің дамуына, таза күйіне оралуына ықпал етері даусыз. Оқушылардың арасында диалектілер мен орысша сөздерді қосу, қазақ сөздерін бұзып айту, дыбыс үндестігін сақтамау секілді түйіткілді мәселелер байқалып жатты.

Алайда, сайыс шартында тіл тазалығы болғандықтан кейбір қатысушылар дер кезінде кеткен қателікті түзей білді. Әділқазылар алқасы да әр сайыс аяқталған сайын сын-пікірлерін айтып отырды. Әрбір қатысушының киген киімі, сахнада өзін ұстауынан бастап сөйлеу мәнері, ой өресі мен сөз көркемдігіне баға берілді, кемшіліктерін тілге тиек етті.

Мұның өзі келесіде олқылықтың орнын толтырып, кемшілікті түзеуге әсер ететіні анық. Жас ұрпақтың санасына тіл тазалығы, қазақи сана, көркем, бай тіліміздің жауһарларын қолдана отырып сөйлеу дағдысын сіңіруде бұл сайыстың үлесі зор. Жарыстың өткізілу тәртібін, үлгісін көрмегендіктен біршама қатысушылардың сөзі жұтаңдау шығып жатса, кейбірі тақырыптан ауытқып кетті. Алайда, тақырыптың тамырын дөп басып, оны жақсы ашып, көсіле сөйлегендер де болды.

Мысалы,«Байлығыңызды ел игілігіне жұмсайсыз ба?» деген тақырыпты сайыстың бірінші орын иегері Әсем Жанатова байлық дегеніміз әуелі рухани байлық, денсаулық екенін, «ел игілігіне өзінде бар байлықты жұмсаймын» деп кеңінен тұжырымдай білді. Мәнді де дәмді сайыс үлгісін Абай атындағы РММИ-дің оқушылары Жалғас Қазыбек пен Айкөркем Нұрланқызы көрсетті.

«Қазақ әлем танитын бренд қалыптастыра ала ма?» тақырыбына арнайы мақал-мәтел, шешендердің сөзі болмаса да, қиыннан қиыстырып, көркем жеткізуге барынша тырысты. Күлдіре отырып, салмағы алты атанға жүк болар тақырыпта сүбелі сөз, ұтымды ой айтты. Жалғастың айтқан айшықты сөздеріне орай Айкөркем де тапқыр уәж айта алды.

Алматылық Қалдыбек Дильназ сахнада өзін еркін ұстап, кең көсілді, айтар ойын халыққа жеткізуде шешендік шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Екінші кезең сұрақ-жауаппен сайысу болды. «Ділмар» байқауының бас жүлде иегері, Абай атындағы РММИ-дің оқушысы Наурызхан Шыңғыс шешендік сөздерді қолдана отырып, ұстанымын өте тамаша жеткізіп қана қоймай, «Ұлттық мінезді болмысымызға қайтару арқылы рухани жаңғыра аламыз ба?» деп берілген тақырыпқа сай, өзекті сұрақ қойды.

«Ондай-ондай ханның қызында да болады» демекші, сайыстағы қатысушылар дайындығының аз болуы, кейбір аймақтардың іріктеусіз келе салғаны секілді «жүре түзелетін көштің» бір жағына ауып тұрған тұстары кездесіп жатты.

Ойымызды қорытындылай келсек, сайыс жоғары деңгейде өтіп, қазақ руханият мұхитына қосылған жаңа бұлақ секілді сезілді.

«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» дегендей осы дәрежеге жету үшін қаншама жұмыстар істеліп, талай тер төгілгенін біреу білсе, біреу білмес. Шешендік өнерді дамытуға барын салып, қарлығаштай тұмсығымен су тасып жүрген, сайдың тасындай, сен тұр мен атайын дейтіндей дара оқушыларды дайындаған Жарқын Сәленұлының өлшеусіз еңбегін айтпай кетуге болмайды.

Осындай тамаша жоба, керемет бастама дүниеге келіп, қалыптасып келеді. Өзгенің қаңсығына таңсық болмай, төл мұрамызды дамытайық. Барша қазақ елін асыл мұра шешендік өнерді қолдауға, қастерлеуге, биік шыңға шығуына, кеңінен қанат жаюына үлес қосуға шақырамын.

Әбдіраманхан Марат,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті,

«Ділмар» үйірмесінің тәлімгері

Пікірлер