«Үздік педагог» байқауында шымкенттік үш ұстаз жеңімпаз атанды

1276
Adyrna.kz Telegram

Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында республикалық «Үздік педагог» байқауында шымкенттік үш ұстаз жеңімпаз атанды. Қостанай қаласында өткен салтанатты жиында ҚР Білім және ғылым министрі Асқар Аймағанбетов үздіктерді марапаттап, кәсіби мерекемен құттықтады.

Байқау жеңімпаздарына «Үздік педагог» төсбелгісі мен қаржылай сыйақы табысталды.

Жыл сайын ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын байқауға Шымкент қаласынан 21 мұғалім қатысқан. Республикалық кезеңде бақ сынаған ұстаздар сайыстың қалалық кезеңінде 75 мұғалім ішінен топ жарған.

Республикалық ақтық сында олардың үшеуі үздік атанды. Олар №122 «Ақжар» мектебінің тарих пәні мұғалімі – Шолпан Бегманова,
М.Х.Дулати атындағы мамандандырылған №8 гимназияның математика пәні мұғалімі – Татьяна Харченко, №1 дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернатының биология пәні мұғалімі – Асел Турышова.

Конкурс – «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, педагогтердің іс-тәжірибесін насихаттау, мұғалімнің қоғамдық негізгі бейнесін қалыптастыру, қала мұғалімдерінің белсенділігін, дербестігін, креативтігін, шығармашылық ізденістігін көтеру, нәтижеге бағытталған тиімді технология мен оқыту әдістерін іздеуе бағытталған.

Жеңімпаздарды анықтауда қатысушылардың кәсіби қызметтегі жетістіктері мен өз өңіріндегі білім беруді дамытуға қосқан үлесі, оқушыларының жетістіктері және білім беру ісіндегі соңғы технологияларды қолдануы ескерілерді.

Айта кетсек, қаладағы сараптау комиссиясының құрамында "Нұр Отан" партиясы мен Адалдық алаңы өкілдері, ЖОО, педагогтардың шеберлік орталығы және "Өрлеу" орталығының қызметкерлері болған.

Ал қалада үздік болған 21 ұстазға жергілікті бюджеттен 300 АЕК көлемінде сыйақы табысталады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер