Халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 25,4 %-ға жетті

4891
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев 2021 жылдың 9 айында жүзеге асқан жұмыстардан хабардар етті. Басқарма басшысы қалада дене шынықтыру және спортты дамытудағы негізгі үш бағыт – бұқаралық спортты, спорттық инфрақұрылымды дамыту, жоғары спорт шеберлігі бойынша жұмыстардың барысына тоқталып өтті.

2021 жылдың 6 айында дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 340 305 адамды немесе қала тұрғындарының жалпы санының 31,2 %-ын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,6 %-ға артқан.

Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасындағы «Халықтың 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз етілуі» нысаналы индикаторына сәйкес, 2021 жылы 25,1 %-ға (34315 шаршы метр) жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта Нұрсәт шағынауданы, 188 А мекенжайда орналасқан спорт кешені пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш 25,4 %-ға жетті. Индикатор көрсеткіші орындалды.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен жалпы орта білім беру мекемелерінің оқушылары арасында (2021-2022 оқу жылында) «Шымкент жастар лигасы» спорттық іс-шарасы басталды.

Шымкент қаласында спорт секцияларында шұғылданушылардың санын арттыру үшін тиісті инфрақұрылымды және қосымша жұмыс орындарын көбейту мақсатында спорттық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру іске асырылуда. Биылға қалада 4096 балаға 71 спорт түрінен тегін спорт секцияларын ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен (жан басына шаққандағы қаржыландыру) 339,8 млн теңге қаржы бағытталды.

Мемлекеттік спорттық тапсырысқа бөлінген қаржы artsport.edu.kz ақпараттық порталына енгізілді. Нәтижесінде 65 кәсіпкерден өтінім түсіп, оның ішінен 38 кәсіпкер біліктілік іріктеуден өтті. Біліктілік іріктеуден өткен кәсіпкерлер 14 спорт түрі бойынша 12 188 өтінім берген. Қазіргі уақытта ата-аналардан жалпы 9615 балаға өтінім түсіп, 9122 баланы жаттықтыруға келісімшарт жасалды. Спорттық секцияларда оқу-жаттығу сабақтары жүргізілуде.

Пікірлер