Auezov University-де өңір ғылымын дамытуға бағытталған форсайт орталығы ашылды

223
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2AbIaOA2LOyVgsrz85c3wSpDjdz0HQnUUWYv8TpT.jpg

Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, аймақтың ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама жүзеге асты. Auezov University-де Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен және Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп құрылған Форсайт орталығының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа құрылым ғалымдар мен өндіріс өкілдерінің өзара ынтымақтастығын жолға қойып, өңірдің өзекті мәселелеріне ғылыми тұрғыдан шешім табуға мүмкіндік береді.

Орталықтың ашылуына орай аймақ ғылымының басым бағыттарын айқындауға арналған форсайт сессиясы ұйымдастырылды. Басқосуға Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, зерттеушілер мен өндіріс саласының мамандары қатысты.

Сессия барысында университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген Мемлекет басшысының 28 қазандағы Жолдауында белгіленген өнеркәсіпті технологиялық жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану және жасанды интеллектіні енгізу міндеттеріне тоқталды.

«Өңірімізде осы міндеттерді жүзеге асыру үшін кәсіпорындардың нақты сұранысын талқылап, оны ғылыми зерттеу тақырыбына айналдыру – ортақ міндетіміз», - деді ректор.

Өз кезегінде Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Елена Шевченко өңірдің ғылыми әлеуетін көтерумен қатар, отандық өнім өндірісін өркендетуге және ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізуге басымдық беру қажеттігін атап өтті.

Форсайт сессиясы аясында көмірді терең өңдеу, өндірістік қалдықтардан инелі кокс алу, экологиялық қауіп-қатерлерді бағалау, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, сондай-ақ медицина саласында жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы жобалар таныстырылды.

Жаңа орталық өңір кәсіпорындарының өкілдеріне, жоғары оқу орындарының ғалымдарына, медицина қызметкерлері мен басқа да зерттеушілерге бірлесіп жұмыс істеуге арналған ортақ алаң ұсынады. Мұнда әртүрлі сала мамандары өз ұсыныстарын ортаға салып, өзекті мәселелерді талқылап, бірлескен бастамалар мен практикалық шешімдер әзірлей алады. Бұл ғылыми ізденістерді аймақтың нақты қажеттіліктерімен ұштастырып, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуге жол ашады.

Салтанатты рәсім аясында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен Ұлттық ғылым академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат бірлескен ғылыми ізденістер мен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға негіз қалайды.

Іс-шара университет жанынан құрылған AUEZOV AI MEDIA STUDIO интерактивті білім беру медиастудиясының ашылуымен жалғасты. Заманауи технологиялармен жабдықталған бұл кеңістік оқытушылар мен студенттерге жасанды интеллект құралдарының көмегімен бейнесабақтар мен цифрлық оқу ресурстарын әзірлеуге жағдай жасайды. Бастама білім беру үдерісін жетілдіріп, жоғары оқу орнының цифрлық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған.

Пікірлер