40 малдан 4-еуі қалды: Малы жаппай қырылып жатқан шаруалар қамшыларын ұстап елордадан бір шықты

6764
Adyrna.kz Telegram

Малдары әлі де қырылып жатқан маңғыстаулық шаруалар назын айтып, елордадан бір-ақ шықты. Алғаш рет ұйымдастырылған шаруалар құрылтайына Ақтөбе мен Қызылорда облысының азаматтары да келген. Бұл туралы ”Адырна” ұлттық порталы “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шаруалар мемлекеттен берілген 1,9 миллиард теңге жұғым болмады деп ашулы. Құрылтайға олардың кейбірі қазақы нақышта костюм киім қолдарына қамшы ұстап келіпті. Малдары ресми тіркеуде тұрғандары түйеге 9 мың теңге, жылқы басына 10 мың теңге алған. Бірақ ол ары-кетсе 3 күндік жем-шөбіне жеткен. Алда қыс, қазірдің өзінде малымыз қырылып жатыр дейді.  

“Халықтың бірталай негізгі жылқысы қырылды. Далаға енді мал іздеп шықпайтын болдық. Бәрі қолына ұстап отыр. Менің сол қырық шақты түйем болған. Сол қырық шақты түйеден қазір төртеуі ғана қалды!” – дейді шаруа қожалығының иесі Нұрасыл Қармысов.  

Шаруалар ресми қырылған малдың саны 1207 емес, кемі 5 мың бас деп отыр. Қолында азын-аулақ малы барлар тіркелмегендіктен, ресми есепке алынбаған. Ал мал басына 9-10 мың теңге аздық ететінін депутаттар да айтып отыр. 

“Ерегескендей осы жылы 10 мың тг қылып тастаған. Күні бүгінге дейін ол қаражат та берілген жоқ! Ең болмаса көктемге дейін шығып кету үшін шаруаларға қаржы жағынан көмектесу керек”, – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Самат Мұсабаев.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі егер облыс әкімі үкімет резервінен жем-шөпке тағы да қаражат сұраса, министрлік тарапы қолдауға дайын екенін айтты. Бірақ қазірдің өзінде Каспий әлеуметтік корпорациясы арқылы жем-шөпке 5,3 миллард теңге қарастырылған. 

“24,1 млн тоннаға жуық шөп, 1,5 млн тонна пішендеме, 2 млн тоннадан астам сүрлем, 4,5 млн тонна сабан, сонымен қатар құнарлы жем де дайындалған болатын. Әкімдік уақытында таратып, үлестіреді деген сенімдеміз”, – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев. 

Алайда Маңғыстау облыстық әкімдігінің шенеуніктері жауап беруге асығар емес. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев іссапарда жүр деген ауылшаруашылығы басқармасының басшысы бүгінгі шаруалардың талабын міндетті түрде ескереміз деп сендірді.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер