Төреғали Тәшенов: "Ерекше балалар неге өмірден ерте кетеді?"

4972
Adyrna.kz Telegram

Ерекше қабілетті балаға неге ерекше қамқорлық көрсете алмадық? Алматыда ерекше вундеркинд, халықаралық олимпиадалардың бірегей рекордшысы, Гарвард университетінің жиырма жастағы студенті Ақназар Қажымұраттың жұмбақ жағайда қайтыс болуы (кейін полиция департаменті өзіне қол салған деген ақпарат таратты) қоғамға түрліше ой салды.
Ұлт генофондының алтын ядросы деп бағаланған баланы неге сақтай алмадық деген өкініштер аз айтылып жатқан жоқ. Осы орайда өз тарапымыздан біз де өз ойымызды қоса кетсек дейміз.
Тәжірибелі психологтардың пайымдауынша, бәрін «іштен» біліп туған кішкентай данышпандар, яғни мыңның ішінен біреу шығатын вундеркиндтердің көбісі кейін қоғамнан лайықты орнын ала алмайды. Неге? Себебі, дарынды балалардың көбісі нақты өмірге бейімделе алмайды немесе өте ауыр түрде икемделеді.
Еврей мемлекетінде бүгінде жиырма мыңдай вундеркинд баланың жабық мектепте арнайы бағдарлама бойынша оқытылып жатуы, бұл – мемлекеттің өз азаматтарының интеллектісін пайдаланудағы керемет жетістігі демеске амалыңыз кем. Мемлекеттік құпияға жататындықтан ондағы білім беру бағдарламасы туралы ешқандай мағлұмат алу мүмкін емес. Жапоныңда да, ағылшыныңда да бұл жағынан арнайы жүйе қалыптасқан. «Алтын басты балалардың» мемлекеттің дамуына зор үлес қосатынын жақсы білетін бұл елдер вундеркинд балаларға орасан қаражат бөліп отырады. Еліміздің осы аталған елдер тәжірибесіне зер салғаны артық болмас еді.
Ерекше қабілетті вундеркинд балалар жайлы газеттен оқып, теледидардан көріп, таңғажайып қабілетіне тәнті болып жатамыз. Бірақ та осы вундеркиндтерге, біз ойлағандай емес, өмір сүру оңайға түспейтін көрінеді.
Психологиялық тұрғыдан қарағанда вундеркиндтердің нерв жүйесі әлсіз, эмоциялық тұрақсыздыққа көп жол беретіні анықталған. Кейбір «вундеркиндтер» депрессияға, өзіне өзі қол салушылыққа, есалаңдыққа туабітті бейім болады. Мұның бәрі табиғи қалыптан ауытқудың салдары. Сондықтан да, мәселен, Израиль мемлекетінде вундеркиндтерді психолог-педагогтар ғана емес, клиника мамандары да ұдайы назарда ұстайды.
Неліктен вундеркиндтер кейін бақытсыз немесе жолы болмайтындардың қатарынан болады? Таңғажайып балалар есейген соң қайда жоғалып кетеді?
Өте жоғары интеллектілі әрі ерекше қабілетті адамдар негізінен, қоршаған ортаны баланың көзімен қабылдайды әрі өмірінің ақырына дейін сол күйінде қалады. Мұндай тіл табысу мүмкіндігі төмен немесе жараланғыш «ойшылдар» күнделікті өмірде біреулердің ашуын туғызуы, ал біреулер оларды күлкі-мазаққа айналдырып, тіпті көргісі келмеуі де мүмкін. «Таланттарға көмектесу керек, талантсыздар өздері-ақ жол тауып шығады» деген қалыптасқан қағида дәл осындайларға арналып айтылған. Бұл жағдайға өмірде қарапайым мысал толып жатыр: оқушы кезінде физика, химия, математикадан алдына жан салмағандардың кейін ішкіш, маскүнемге айналып, кезбе қайыршыға айналып кеткендері аз емес.
Бала психологиясын зерттейтін ғалымдардың айтуынша, вундеркиндтер 4 пен 8 жас аралығында өздерінің негізгі қабілеттерін шыңдап үлгереді екен. Ал 4 жасында бала өзінің интеллектуалды мүмкіндіктерінің жартысын аңғарта бастайды. Ал 6 жасқа келгенде қабілетінің 70 пайызын танытады. 8 жасында өз талантының 90 пайызын ашып үлгереді. Мәселен, Моцарт үш жасынан, Штраус пен Гайдн алты жастарынан бастап музыкалық шығарма жаза бастаған. Рафаэль сегіз жасынан сурет салған. Пушкин тоғыз жасынан өлең жазған. Бетховен 12 жасында тұңғыш музыкалық туындысын дүниеге әкелген. Тарихқа есімдерін мәңгі таңбалап кеткен осындай тұлғалардың бала шағынан талантының нақты деңгейі айқындалып, даму дәрежесіне қарай бағыт сілтеніп, негізгі қарымына қолдау жасалынғаны анық.
Баланың жоғары интеллектісі оның мінезін жібектей есе алмайды. Көбінесе керісінше. Бір нәрседе ерекше қабілетін көрсете білген дарынды балаларды көбінесе қатарластары қабылдай бермейтіндіктен, осы арадан оларда түрлі комплекс пайда болады.
Олар кәдімгі қатарластарынан ойлау дәрежесі жағынан анағұрлым дамығанымен, психологиялық жағынан оза алмайды Кәдімгі балаға қарағанда әрбір вундеркиндтің индивидуалді тұлға екенін естен шығармаған маңызды. Себебі вундеркиндтердің даңқы көбінде көпке ұзамайды. Аспандағы жарық жұлдыз сияқтанғанмен, жарығын ұзақ шашып тұра алмайды.
Дарындылық пен қабілеттілік, физиологиялық тұрғыдан алғанда, гормондар деңгейінің артып кетуіне байланысты жүйке жүйесінің жылдам дамуымен түсіндіріледі. Вундеркинд балалардың көбіне жайбасар, жалқау, немесе ерік күші әлсіз болып келетінін де ескерген жөн. Мәселен, Ньютон мен Эйнштейн өте баяу дамыған, олардың бұл қасиеті кейін басқаларды қуып жетіп қана қоймай, басып озуларына кедергі келтірмегенін ұққан жөн.
Не нәрсе адамның қасиеті болса – сол нәрсе міні де. Психологтардың пайымынша, адам бойындағы бір қасиеттің ерекше артып кетуі оның өмірдің басқа бір саласынан әрдайым артта қалуына әкеп соқтырады. Вундеркиндтердің көбісінің өмір озған сайын инсулть алу мен гипертониялық ауруларға душар болу қаупі жоғары болуы да олардың өз қабілетін дұрыс бағыттай алмаудан, миларын өз дәрежесінде пайдалана алмаудан екені анық. Олардың өмірлеріне үңілсеңіз, көбісінің жастай өмірден кеткенін, қайғылы тағдыр кешкенін көресіз.
Жоғарыдағы Ақназар Қажымұраттың да солардың кебін құшқаны өкінішті.

Төреғали ТӘШЕНОВ

Пікірлер