Қостанайда 30 жыл бойы 3 ауыл сусыз отыр (ВИДЕО)

3780
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 30 жыл уақыт өтті. Тәуелсіз ел болсақ та, Қостанай облысындағы 3 ауыл 30 жыл бойы ауыз сусыз өмір сүріп келе жатыр. Сондай-ақ, 220 ауыл суды кезекпен алады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Көршілес Ақмола облысынан теміржол арқылы жеткізіледі екен. Биыл ғана сусыз күн көріп келе жатқан елді-мекендерді сумен қамтамасыз ету жобасы дүниеге келген. Алайда оны жүзеге асыру үшін 500 млн теңге қаражат қажет. Мердігер бұл соманың бестен бірін ғана игерген. Аудандық әкімдік қаражат жағынан мәселелер бар екенін түсіндірді.

Бұл ауылда бүгінгі таңда 2000-ға жуық тұрғын бар. Көбі су тапшылығынан қиындық көріп көшіп кеткен. Адамдар кезекке тұрып су алады.

“ Суға келіп тұрмын. Үйде жоқ. Есігін қақсам жабық. Арасына сағат салып береді. Таңертең бірнеше сағат, кешке бірнеше. Жұмысқа да үлгермей қалатын уақыттар болады. Қиын...”,- деді Троебратское ауылының тұрғыны Москвин.

Ауыл тұрғынының сөзінше, жазда аса қатты қиыншылық туындамайды. Алайда, қыста қиын. Әкімдіктегілер биыл бұл мәселе шешіледі деп уәде етуде. Жоба 2 жылға созылады.

Бұл арада Қостанай облысының басқа елді мекендерін сумен қамтамасыз етуде де проблемалар бар. Екі жыл ішінде облыс билігі 46 мыңнан астам адам тұратын 220 ауылда импортталатын суға модульдік тарату нүктелерін орнатуды жоспарлап отыр. Ал егер жоба жүзеге асатын болса, онда ауыл тұрғындарының 82%-ы  сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер