Шымкент қаласындағы мемлекеттік және жекеменшік емхана жанынан құрылған мобильді бригадалар күніне мыңнан аса шақыртуға барады. Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты амбулаториялық көмек көрсететін бригада мамандарына түсетін шақыртулар саны артып отыр. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда 39 мемлекеттік және жекеменшік емханада 205 мобильді бригада жұмыс істеуде. Аталған бригада қызметкерлері Covid-19, пневмонияға шалдыққан, жіті респираторлық аурудың белгілері бар пациенттерге үйде амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіп, ковидке күдікті пациенттерден жедел және ПТР-тестілеу алады.
Бақытжан Позилов – Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Қазіргі таңда 4 313 науқас емделіп жатыр, оның ішінде 2 551 науқас үй жағдайында амбулаторлық ем қабылдауда. Осы амбулаториялық ем қабылдап жатқандарға мобильді бригада қызметкерлері көмек көрсетуде. Қалада жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 13 521 науқас анықталған. Өкінішке қарай, 248 науқас қайтыс болған. Соңғы бір айда көз жұмғандардың саны күрт көбейген.
Сондай-ақ, қауіпті дертке шалдыққандар қатарында жүкті әйелдердің де қатары азаймай тұр. Қазіргі таңда инфекциялық стационарда коронавируске шалдыққан 121 жүкті әйел емделуде. Инфекция жұқтырған 2 жүкті әйелдің жағдайы ауыр, -дейді Бақытжан Позилов.
Бақытжан Позилов – Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Айта кетейік, өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 418 жағдайы тіркелді. Қазір инфекциялық стационарлардағы жансақтау бөлімінде 171 науқас емделуде. Төсек-орын толымдылығы 64% құрайды. Басқарма басшысы, дельта штаммына байланысты барша қала тұрғындарын сақтық шараларын жіті ұстануға шақырады.
Перизат Ортай