Енді колледж студенттері тегін оқиды

4711
Adyrna.kz Telegram

Колледждерде 9-сынып негізінде оқу 2024 жылға қарай толығымен тегін болады. Бұл туралы премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

- Колледждерде оқуға ниет білдірген 9-сынып түлектерін 100% тегін оқумен қамту жоспарланып отыр. Жыл сайын 9-сыныптан кейін 30 мың бала колледждерде ақылы негізде оқуда. Олардың біразы қаржылық қиындықтарына байланысты колледждерді бітірместен оқуын тастап кететін жағдайлар да жоқ емес. Сондықтан жастардың, әсіресе, аз қамтылған отбасы балаларын қолдау мақсатында оқуға ниет білдірген барлық 9-сынып түлектеріне колледжде тегін білім алуға мүмкіндік жасалады, – деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, премьер-министрдің орынбасары халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ЖОО-ға конкурссыз гранттар берілетін айтты.

- Бұл шешім талантты жастарды жалпы қолдауға бағытталған, түлектердің елімізде тегін жоғары білім алуына жол ашады. Сондай-ақ, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына, олардың педагогтері мен тәлімгерлеріне бір жылға ақшалай сыйлық тағайындалады, – деп қосты Ералы Тоғжанов.

Еске салсақ, 11 наурызда ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин барлық жастар алғашқы мамандығын тегін алуы үшін колледждерде кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырысты 2021 жылы 20 мың орынға ұлғайтуды тапсырды. 16 наурызда ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова тоғызыншы сынып түлектеріне енді колледжге түсу емтихандарын тапсырудың қажеті жоқ екенін айтты. Бұдан басқа, БҒМ-де "студентке ақша" қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жаңа механизмін әзірленген болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер