БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Балалар жылы аясында «Bala Qorgau» интернет-ресурсын іске қосты. Енді мектептерде QR-коды және «Bala Qorgau» сайтының мекенжайы жазылған арнайы тақтайшалар орнатылады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
QR-кодты сканерлеу арқылы оқушылар «Bala Qorgau» сайтына өтіп, өз сұрақтарын қоя алады. Оқушылар мен ата-аналар да жасырын түрде көмек сұрап, білім беру ұйымдарындағы заңсыз әрекеттер туралы хабарлай алады. Өтініш берушілердің аноним болып қалатынына кепілдік беріледі.
«Бүгінгі күнге дейін Нұр-Сұлтан мен Алматының бірнеше мектебінде QR-тақтайшалар орнатылды. Алдағы уақытта олар басқа да білім беру ұйымдарында қойылады. Қазірдің өзінде 100-ден астам өтініш түсті, олар негізінен балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне қатысты», – делінген хабарламада.
«Bala Qorgau» сайты оқушылар әрдайым қажетті қолдау мен көмек сұрап, өздерін қауіпсіз сезінулері үшін жасалған.
«Енді оқушылар QR-кодты сканерлеп, бізбен байланыса алады, сөйтіп оларға қажетті консультация, психологиялық көмек көрсетіледі. Веб-сайт оқушыларды толғандыратын өзекті мәселелерді, сондай-ақ балалар құқықтарын бұзу фактілерін тез арада анықтауға көмектеседі. Бұл ресурс оқушылардың және олардың ата-аналарының құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді», – деді БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.
«Адырна» ұлттық порталы