ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан қаза тапқандарға неге әр түрлі марапат берілгенін түсіндірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық – құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойған еді. Сондай-ақ, өрт сөндіру кезінде қаза болған құтқарушылар I және III дәрежелі Айбын орденіне ұсынылған.
«Біріншіден, мен Жамбыл облысында болған қайғылы оқиғада қаза тапқан азаматтардың барша туған-туысқандарына көңіл айтамын. Соңғы дерек бойынша, 13 адам қайтыс болды. Өкінішке қарай, үш адамның дерегі табылмай отыр. Жарылыстардың эпицентрінде сол үшеуін іздеу жұмыстары жалғасуда. Сондықтан, қазір Мемлекет басшысының Жарлығымен Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің бірқатар қызметкерлері ғана марапатталды. Қалған қызметкерлерді ДНҚ сараптамасы бойынша анықтап, денелері табылғаннан кейін қосымша мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынамыз», - деді Юрий Ильин.
Сондай-ақ, министр ҚР Президентіне қызметкерлердің ерлігін жоғары бағалағаны үшін алғыс білдірді. «Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары «Халық қаһарманы» атағын алды. Ол алғашқы жарылыс болған кезде өрт сөндіруді, эвакуациялық жұмыстарды ұйымдастыруды басқарды. Оқиға орнында болған құтқарылған қызметкерлерді қоса алғанда, ол бірнеше адамды қауіпті жерден алып шықты. Содан кейін екінші күшті жарылыс болды, ол сол жарылыстың салдарынан қайтыс болды», - деді Юрий Ильин.
Ведомство басшысы тәртіп бойынша бірінші дәрежелі «Айбын» орденімен қайтыс болған офицерлер құрамы, ал үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен қатардағы құрам сарбаздары марапатталатынын түсіндірді.
"Адырна" ұлттық порталы