«Арда» баспасынан оқырмандар талғамына орайлы кітаптар оқтын-оқтын шығып жатқаны ақиқат. Міне, «Ақыл мен сұлулықтан жаратылған, жаным-ай, жан екенсің дара тұлғаң!» деген айдарлы, мұқабасы келісті, көлемді кітап қолымызға тиді.
«Мейірім шуағы» деп алғы сөзін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халықаралық Шолохов сыйлығының иегері, белгілі жазушы Сәбит Досанов жазған екен. Әрі қарай парақтай көз жүгірткен едік. «Көрікті мінез, көрікті ой», «Аққу боп туған ару ол», «Сакура гүл – Құралай», «Сыр сұхбат, мақала, эссе» деп саралап бөлінген төрт тарау алдыңыздан шығады. Классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы» деген эпиграфпен берілген «Созвездие Дельфина» туындысы да осы кітапқа енгізіліпті.
Екі туындының екеуі де қаршадайынан-ақ қазақ қыздарының ішінен суырыла шығып, келе-келе есімін айдай әлемге әйгілеген ұлағатты ұстаз Құралай Ахметқызы Аққошқарова туралы екен. Кітапта көршілес елдердің зиялы тұлғалары: Өзбекстаннан Назыр Фазылов, Мәскеуден Альберт Фишлер, Серік Тойғанбаев, Қырғызстаннан ақын Ақылбек Абдықалықов, шалғай шетелдік ғұламалар, қазақстандық бірге қызметтес болған ұстаздар, шәкірттері, ақын-жазушылар… бәрінің қастерлеп мақтан ететіні, жүрекжарды сөздерін тебірене толғайтыны бір ғана адам, бір ғана тұлға – Құралайға арналыпты.
Қазақта «Ата көрген оқ жонады, Ана көрген тон пішеді» деген мақал текке айтылмаған ғой. Құралай кішкентай кезінде алғаш рет Алматыдағы Құрманғазы көшесінің бойындағы №25 мектептің табалдырығынан аттады.
– Ата-анаң кімдер болады? – деп сауал қойды оған класс жетекшісі.
Құралай іркілмей жауап қатты.
– Әкемнің аты Ахмет Аққошқаров. Ол саяси қызметте. Былайша айтқанда – дипломат!
– Бәрекелді! Анаң ше?
– Анамның аты Патшайым. Әкесінің аты Тәжібай, былайша айтқанда Тәжібаева.
– Анаң қандай қызметте?
– О-о менің анам дөкей ғалым, яғни – академик!
Кішкентай Құралайдың жауабына қайран қалған класс жетекшісі «Бәрекелді! Болайын деп тұрған оқушы екенсің» деді.
– Мамам мен мектепке келгенге дейін-ақ әріптерді, қалай жазып-сызуды үйретті. Маршак, Агния Барто, Сергей Михалков секілді ақындардың біздей жас бүлдіршіндерге арналған өлеңдерін жаттатқызды. Бұлардан басқа қазақ ақындары Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Қабыкен Мұқышев, Әнуар Дүйсенбиевтің өлеңдерін жаттап үлгердім. Сурет салуды да мамам үйретті.
– Жарайсың, болайын деп тұрған бала екенсің, – деп ұстазы Құралайды басынан сипады.
…Шынында да, Құралай айтса айтқандай, оның анасы әйгілі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің шәкірті болатын. Ол республикамызда тұңғыш рет литология ғылымының негізін салған геология-минералогия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының толық мүшесі еді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, қоғамдық, мемлекеттік істерге көп араласқан, өзі басқарған ғылым саласы бойынша көптеген шәкірттер тәрбиелеген ғұлама ұстаз. Орысша, қазақша, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін. Ұлыбританияға сапармен барғанда баяндамасын ағылшын тілінде жасап, төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген оқымыстылар қызу құптай қолдарын соққанын білеміз.
Құралай оқыған мектеп те ағылшын тіліне бейімделгендіктен ол да жастайынан осы тілде сөйлеуге икемделе бастады. Мектепті алтын медальмен бітірген соң, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика бөліміне түсіп, лениндік шәкіртақыға ие болды. 1972 жылы жоғары оқу орнын үздік бітірді. Сонан соң Мәскеудегі Байков атындағы Металлургия институтының аспирантурасын тәмамдады. 1976 жылы профессор К.П.Гуровтың жетекшілігімен Украина астанасы Киев қаласында «Особенности взаимной диффузии в многофазных динарных системах» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Құралай сол кезден бастап жаратылыстану ғылымының, физика ғылымы саласының өсіп-өркендеуіне қомақты үлесін қосумен келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім ұстартатын шетелдік студенттерді даярлық курсынан өткізуде де Құралай қыруар істер атқарды. Оларға қазақ тілін үйретіп, оқулықтар дайындау, ұлттық мүддені ұлағаттау іспетті шаралар шашетектен десе де болады. Құралай Ахметқызы ұстаздықтың сыртында «Молекулярлы физика» және «Термодинамика», «Механика» тәрізді өзге де көптеген ғылыми еңбектерін жарыққа шығарды. Құралай секілді Құдай қосқан жарының адами қасиетіне сүйініп, талантына тәнті болған жазушымыз Сәбит Досановтың: «Құралайым тұрғанда мен нағыз бақытты адаммын!» деп айтатыны да тегін емес шығар.
Жастайынан жұрт көзіне түсіп, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, университеттің комсомол ұйымының жетекшісі болған оқу үздігі, небәрі жиырма бір жастағы ай маңдайлы, әдепті де көрікті қыз Құралай Ахметқызы болатын.
Өткен ғасырдың 1971 жылы, қазан айының 19-20 жұлдызында Құралай өмірінде естен кетпес, айрықша оқиға болды. Осы екі күн ішінде сол кездегі Қызыл империя астанасы Мәскеу қаласы, Кремльдің үлкен сарайындағы Георгиев жиынжайында студенттердің бүкілодақтық слеті өтті.
КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонил Ильич Брежнев бастап келген жоғары лауазымды топты отырғандар орындарынан тұрып қарсы алды. Көркіне көз сүрінетін қазақ қызы Құралай төралқада Брежневтің оң жағына жайғасты.
Слет тізгінін қолына алған Құралай Леонид Ильичтен бастап сол кездегі алып елдің нарқасқалары: КСРО Ғылым академиясының Президенті М.В.Келдыш, Жазушылар одағының төрағасы, ақын А.Сурков, Кеңес Одағының маршалы И.С.Конев, БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Е.М.Тяжельников, тағы басқаларға қоңыраудай сыңғырлаған анық та қанық естілген әсем даусымен кезек-кезек сөз беріп отырды. Еш мүдіріссіз орысша әрі таза, әрі шешен сөйледі. Орайлы бір сәтте Леонил Ильич Құралайға қарап:
– Қай жерден келдің? – деп сұрады.
– Алматыдан, ұлтым қазақ.
– Атың кім?
Құралай әдеттегі «Қ» әрпінің үтір іспеттес дәйекшесін алып тастап: — Куралай! – деп жауап берді.
Бас хатшы:
– Как, как, Ку… деп күмілжігенде,
– Ку-ра-лай, – деп анығырақ қайталады Құралай.
Тағы бір сәтте:
– Вы прекрасно вели слет на русском, Ку-ра-лай, взлет свой продалжай! – деп Леонил Ильич Құралайға тәнті болып, сәл күлімсіреп қойды.
– О, многоуважаемый Леонид Ильич, вы меня вдохновляете. Бесконечно благодарна вам! – Құралайдың жүзі алқызыл алмадай алаулап кетті.
– Димаш Ахметович Қонаевті Саяси Бюроға бірауыздан мүше етіп сайладық. Қазақстан жастары бұл пікірімізді қостайтын шығар? – деді Леонид Ильич қалың шыққан қою қасын қозғалта керіп.
– Біз, Қазақстанның барша жастары, шексіз қуанышты екенімізге шүбә келтірмеңіз, Леонид Ильич! – деді Құралай.
– Өзім де солай топшылап едім, – деді Леонид Ильич.
Көсем мен шешен арасындағы қысқаша әңгіме осылай өресіне жеткен еді. 1972 жылы «Молодая гвардия» баспасы «Студенттердің Бүкілодақтық слеті» кітабын көп таралыммен жарыққа шығарды.
Димаш Ахметұлының аса жоғарғы мәртебеге ие болғанына Орта Азия республикаларының басшылары да ризашылықтарын білдірді. Әзербайжандық әріптесі Гейдар Әлиев: «Бәнім гардашым!» деп құптаса, өзбек достар: «Қонаев чундақ ұчқан!», қырғызстандықтар: «Борборлық комитеті чоң саяси бюросы қолдоп» десіп қайран қалысты.
Д.А.Қонаевтың биік мәртебесі һәм Бас хатшыменен жақсы қарым-қатынаста болған кездері Қазақстанның қарқынды қадам жасауына ерекше ықпал еткені мәлім. Бірақ жоғарғы жаққа жалтақтаумен күн кешкен кездер еді ол. Бүгінгідей егеменді Ел атанып, Тәуелсіздіктің көкбайрағы желбіреген жоқ еді.
«Жастық шақ қайта айналып келмес саған» деп келетін әйгілі «Жиырма бес» әні шырқалғанда өзімнің одан төрт-ақ жас кіші кезімде кеңестер елі көсемімен тізерлесе қатар отырып, сұхбаттасқаным есіме оралады. О, күрмеуге келмейтін, саптыаяқтың сабындай қайран дүние-ай десейші! – деп Құралай оқта-текте ой құшағына шомады.
Осындайда: «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген мақал алдыңнан сорайып шыға келетінін қайтерсің.
Өмірінің ұзақ жылдарын бір ғана әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетке арнаған ғалым Құралай Ахметқызы күллі қазақ қыздарына үлгі-өнеге боларлықтай жетістіктерге жетумен келеді. Осыдан төрт жыл бұрын университеттің ғылыми кеңесінің ұйғаруымен Құралай Аққошқарова «Университеттің құрметті кафедра меңгерушісі» атанды. Зейіні зор ғалым өз еңбегінің зейнетін көруде. Атап айтқанда: «Еңбектегі ерлігі үшін медалінің» иегері, «ҚР Білім және ғылымына еңбегі сіңген қызметкер», «әл-Фараби атындағы алтын медаль», ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, профессор…
Ол бүгінде өз мамандығы бойынша дәрістерін жалғастырып, шәкірттерін жалықпай даярлап шартарапқа шарлатудан бір де жалығып көрген емес. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегендей, Құралай хақында қанша зиялы қауым, бірге қызмет атқарған ұстаздар, шәкірттері, ақын-жазушылар ағынан жарыла алғыстарын айтып, жүрекжарды сөздерін білдіргелі қашан! Қырғыз ақыны Мархабай Ааматов:
«Бақытқа жете бербейд
самашқандар,
Мен алам, мен алам деп
талашқандар,
Тағдырда жолугушат чандағана,
Құралай жеңебездей жарашқан жар» деп Құралайдың Сәбит Досанов секілді белгілі жазушының жары екенін толғайды.
Құралайдың бастан кешкен жетелі кезеңдерін түгел айтып шығу мүмкін емес. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – мектепті алтын медальмен бітіргеннен бастап қилы-қилы өмір баспалдақтарынан жігерлі аттап, білімдарлығы, адами қадір-қасиетімен қастерлі болған қазақ қызы Құралай хақындағы қысқаша толғауымды Құралайға арналған әннің мәтінімен тәмамдасақ деймін:
Аққудай, мәпелеген көгілдірің
Көмейден тебірене төгіл жырым.
Әнімді ағылтайын Құралайдан,
Көсілген кермаралдай көңіл күйім.
Қайырмасы:
Жанарымның шырағы,
Нұры сөнбес Құралай,
Қиялымның пырағы,
Жыры теңдес Құралай.
Патшайым анасының падишасы,
Сәбиттің құдай қосқан
ханымшасы,
Қара көз, қиғаш қасты
қыздар көп қой,Қастерлі Құралайдай табылсашы!
Мыңбай РӘШ