Қорғаныс саласы Ауғанстаннан төнуі мүмкін қауіпке дайын

1368
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі уақытта төрткүл дүниенің назары Ауғанстанда. Алғаш рет халықаралық деңгейде террорлық ұйым деп табылған лаңкестік қозғалыс бір елді тұтас жаулап алды. Бұл Орталық Азия мемлекеттерін алаңдатып отыр.

Өйткені Ауғанстан Орталық Азиямен шекарасы бар, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстанмен тікелей шекаралас аймақ болып табылады. Сондықтан террорлық қауіптің аймаққа өтуіне біздің қауіпсіздік күштері дайын ба деген маңызды сауал әр қазақстандықтің көкейінде жүргені анық. Сондықтан біз, «Адырна» ұлттық порталы Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігіне «Қазақстан билігі Ауғанстандағы жағдайды мұқият қарап отыр. Біздің әскери әлеует Ауғанстандағы жағдайға қарап, лаңкестік ұйым деп табылған қозғалыстан тұтас елдің әскері жеңіліс тапқанына анализ жасау, қателіктерін саралау және сол бойынша әскери дайындық жасау жолын жүргізуде ме?» деген сұрақ жолдадық. Министрлік уәделі уақытта өз жауабын берді. Министрліктің жауабын өзгертпестен беріп отырмыз

 

«Адырна» ұлттық порталы атынан жолданған сұрау сауал Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде қаралды, қарау нәтижелері бойынша мынаны хабарлаймыз.

Ауғанстан Ислам Республикасындағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Қарулы Күштерде қырағылықты күшейту бойынша шаралар қабылданды. Ең алдымен бұл арнайы операциялар күштерінің бөлімшелеріне, майдан және әскери-көлік авиациясына, әуе шабуылына қарсы қорғанысқа қатысты болып отыр.

Өңірдегі жағдайды қадағалау және талдау, күштер мен құралдардың тәуліктік кезекшілігін ұйымдастыру бойынша міндеттер және жоғары қырағылықты қамтамасыз ету мақсатында әскери қызметшілердің кезекшілік атқаруы бойынша жүктемені бірдей бөлу қажеттілігі аталуда.

Қарулы Күштерде қырағылықты күшейту шеңберінде мынадай іс-шаралар жүргізілуде:

- дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде кезекші күштер мен құралдардың іс-қимылдары тәртібі нақтыланды және жаттығулар өткізілді;

- ықтимал бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру бойынша мемлекеттік органдармен, басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды;

- әуе кеңістігін қорғау бойынша қызмет атқаратын кезекші күштер мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс және майдандық авиация құралдарының құрамы ұлғайтылды;

- әскери нысандардың диверсияға қарсы қауіпсіздігі күшейтілді, қоймалар мен арсеналдарды күзету үшін қосымша жасақтар бөлінді;

- арнайы операциялар және әскери-көлік авиациясы күштерінің бөлімшелері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді;

- Қарулы Күштердің мемлекеттік шекараны қорғауды күшейту жөніндегі іс-қимыл жоспарлары нақтыланды” дейді министрлік өкілдері.

 

Министрлік жауабынан түсінгеніміздей, еліміздің қорғаныс күштері барлық қауіпке сақадай сай. Әуе, жер және теңіз дейгейінде елдің тұтастығы мен тыныштығын қорғауға дайын. Ауғанстаннан төнуі мүмкін қауіптің алдын алу маңызды. Себебі ауған қыр астында болса да, арамызда буферлі аймақ ретінде өзге елдер тұрса да, одан төнетін қауіп азайып, сейілмейді. Атап айтқанда лаңкестерден бас сауғалап қашқан нөпір халықтың саны мыңдаған адамды құрайды. Алдағы таңда олардың саны жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған болуы мүмкін. Босқан бейбіт халықтың ішінде қой терісін жамылған жат ағымның содырлары да еніп кетпесіне кепілдік жоқ. Сондықтан Қазақстан қарулы күштері қырғидай қырағылық танытуда. Әсіресе шекаралық аймақтың күзеті күшейтіліп, қорғанысы мығымдалған.

Одан бөлек Ауғанстаннан есірткі тасымалдау трафигі де еселеп артуы мүмкін. Өйткені лаңкестік ұйымдардың басты қаржы көзі заңсыз қару сату мен есірткі саудасы. Ауғанстан-Орталық Азия – Ресей – Еуропа маршрутын жауып тастау мақсатында қорғаныс күштері мен ұлттық қауіпсіздік сарбаздары арнайы жаттығу өткізіп, қорғанысты күшейткен. Лаңкестік ұйым тарапынан төнуі мүмкін идеологиялық қауіпке де қарсы тұру жұмыстары жасалуда. Жат ағымның жеңісі мен лаңкестердің үстем болғанын көрген радикалдық көзқарастағы азаматтардың шалыс басып, ел тыныштығын бұзуға тырысу әрекеттері болмау үшін идеологиялық кеңістікте үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Сондықтан аумағы алып Алаш елінің тыныштығын қасқыр жүрек қазақ сарбаздары қашанда жанын салып қорғауға әзір екенін айтуға тиіспіз.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер