Табыс та, абырой да отандық өндірісте

2340
Adyrna.kz Telegram

Адам игілігіне арналған сәнді де сәулетті ғимараттар – құрылысшылардың, құрылысқа қажетті материалдарды өндірушілердің жасампаз еңбегінің жемісі.

Бүгінде Текелі қаласында 10-нан аса кәсіпорын құрғақ құрылыс қоспаларына арналған мәр-мәр ұнтағын өндірумен айналысады. Солардың бірі – «MARMAR» сауда белгісімен отандық өндіріс саласында өзінің орнын айқындап келе жатқан «TasUn» ЖШС.

Серіктестік директоры Бектас Ермекұлы Қайымбаевтың айтуынша, 2014 жылы «Ақ-тас Береке» ЖШС болып құрылғанда компанияда тас ұнтақтайтын жалғыз ғана құрылғы болыпты. Айта кетелігі, заманауи талаптарға сай жабдықталған сол диірмен мәрмәр тасын өте майда етіп ұнтақтайтын мүмкіндікке ие болғандықтан, компания өндірген шикізатқа сұраныс артқан. Озық технологияның әлеуеті және ұжымның береке-бірлікпен еткен еңбегінің арқасында компанияның табысы да артып, тапқан пайдаға тас ұнтақтайтын диірменнің санын көбейткен. Нәтижесінде, 2017 жылы мәрмәр тасын өңдеумен бірыңғай айналысатын «TasUn» ЖШС құрылып, кәсіпорынның өрісі кеңейе түскен.

Бүгінде мәрмәр кен орнында 30, мәрмәр ұнтағы өндірісінде 50-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Атап айтқанда, желілес қос компания – «Ақ-тас береке» мен «TasUn» серіктестігін-де 90-ға тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айналасы 7-8 жылдың ішінде мұндай жетістікке жету, әрине, оңай емес. Жемісті жетістіктің сырын Бектас былай түйіндеді:

«Жұмысшылар кәсіпорынға еңбек заңына негізделген екіжақты келісім-шарт бойынша қабылданады және соған сай жұмыс істейді. Мұнда қызметкерлерге қажетті жағдайдың бәрі қарастырылған. Күнделікті жұмыс екі кезекпен жүргізіледі. Егер үстеме жұмыс істеуге тура келсе, ақысы төленеді.

Еңбекақыны уақытында беру, жұмысшылардың еңбек заңында көрсетілген құқықта-рын қорғау, мәдени өмірге, салауаттылыққа ынталандыру, ұжымның ауызбіршілігін, ынтымағын сақтау, бір-біріне көмек көрсету, мереке-мейрамдарда мүмкіндікке қарай сыйақылар тағайындау, міне, осындай қарапайым қағидаларға мән беру жұмысшылардың өз кәсіп-орнына деген сенімін нығайта түсті. Біз әрқашан кәсібилікті, бірлікті алдыңғы қатарға қойдық. Себебі, жұмысшылардың біліктілігі, өз міндетіне деген жауапкершілігі болмаса, заманауи технологияның әлеуеті желге ұшады. Оның үстіне мемлекетіміз отандық өндірісті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан, қоры мол, сапалы Текелі мәрмәрінің атағын аспандату біздің абыройлы міндетіміз деп білеміз».

Кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне де енжар қарамайды. Қалада ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларынан шет қалмай, мүмкіндігінше көмек көрсетуге атсалысып келеді.

Кәсіпорында жұмысшылардың қауіпсіздік қағидаларын берік ұстануына мән беріледі. Кен қазу орнында, өндіріс қауіпсіздігі бойынша жауапты қызметкер Виталий Кульбида, мәрмәр ұнтағын шығаратын зауытта Думан Бағдатұлы күнделікті қауіпсіздік ережелерін еске салып, қауіпсіздік шараларын қадағалап отырады.
Әсіресе, пандемияға байланысты туындаған қиындықтар тұсында жұмысшылардың жұмыстан қысқарып қалуына жол бермеу үшін кәсіпорын басшылары тарғалаңнан жол тауып, жұмыстың тоқтап қалмауына күш салып келеді. Ұжымның санитарлық талаптарды қатаң орындауын қадағалап, барлық қызметкерлердің және олардың отбасының қалыпты өмірі үшін саналы түрде екпе алудың қажеттілігін түсіндіруде. Бүгінде кәсіпорында екпе алған жұмысшылардың саны артып отыр.

Қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрысбек Жұмаділов бүгінде қаламыздағы 6 тау-кен орнын қамтыған 10-нан аса кәсіпорын ішкі нарықтағы құрғақ құрылыс қоспаларына қажетті шикізаттың 70 пайызын өндіріп отырғанын, бұл шынымен де мақтанарлық жетістік екенін айтты.

Нарықта мәрмәр ұнтағының «микрокальцит» деп аталатын өте майда сұрпын өндіретін отандық өндіріс саусақпен саналады. Қазір құрылыс саласында жаппай қолданылып келе жатқан құрғақ қоспалар мен түрлі эмульсияларды шығаратын кәсіпорындар Ресей, Түркия, Өзбекстан секілді елдердің импортына тәуелді. Әдетте, құрғақ құрылыс қоспалары түрлі нысандардың ішкі қабырғалары мен төбелерін сылауға, ал, эмульсиялар бояуға пайдаланылатындықтан оның адам денсаулығына қауіпсіздігіне, экологиялық тазалығынына баса мән беріледі. Сондықтан, Текелінің табиғи тасынан, ақ мәрмәрінен алынған шикізаттың отандық өндірістегі алатын орны өте маңызды. Осы қажеттелікті дөп басып, сұранысқа сай жоғары сапалы, экологиялық таза табиғи өнімдерімен қазақстандық өндірістің қажетін қамтуға күш салып келе жатқан кәсіпорынның болашағы зор.

Айман Асыл

Пікірлер