Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар — ең қауіпті мамандық иелері. Олар үнемі өмір мен өлімнің арасында, арпалыста жүреді. "Бейбіт күннің батырлары" атанған бұл мамандық иелерінің арқасында бүгінгі күні талай адам өлімнен, қиын жағдайлардан аман қалып жатыр. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмысы қызметі бөлімінің аға инженері Саят Суликовтың осы қиын салада еңбек еткеніне 7 жылдан асқан. Ол басында қарапайым өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасыпты.
Саят Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін техника қауіпсіздігі мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқуын аяқтаған соң ол 2014 жылы өрт сөндіруші болып Ақтөбе қаласындағы №4 өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасады. Кейін ол аға өрт сөндіруші, бөлімше командирі болады. Қазір Саят өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмысы қызметі бөлімінде аға инженер болып қызмет етеді.
— Өрт сөндіруші – жүректілікті қажет ететін мамандық. Бұл саланы кез келген адам таңдамайды. Біздің қызметте өжеттілік, батылдылық пен төзімділік қажет. Менің өрт сөндіру қызметінде жүргеніме жеті жыл болды. Мамандығым өзіме ұнайды. Елге қызмет етуге әрқашан дайынмын. Менің қазіргі қызметім — облыста болған өрт оқиғаларын талдау, өрт сөндіру бөлімінің жұмысын үйлестіру, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың өзара тәжірибе алмасып, қызметте нәтижелі жұмыс жасауына жағдай жасау. Біз қандай жағдай болмасын, сақадай сай болуымыз керек. Сол себепті тәулік бойы жаттығамыз, ғимараттың іші мен сыртында жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындаламыз. Біз жыл сайын арнайы жоспар құрамыз. Сол жоспарға сәйкес әр түрлі спорттық, жаттығу шараларын ұйымдастырамыз, — дейді аға инженер. — Қазір біздің бөлім үлкен өрт оқиғалары болғанда өрт сөндірушілерді жұмылдыру, оларды тиісті техникамен қамтамасыз ету, штаб құрылған жағдайда оның жұмыстарын ұйымдастыру сияқты маңызды жұмыстарды пысықтап жатырмыз. Жалпы қандай жағдайда өрт оқиғалары тіркелсін, біз міндетті түрде сол жерде штаб құрып, қызметкерлерімізді жұмылдырамыз. Оқиға орнында жұмыс барысын реттеп, ыждағаттылықпен өртті сөндіруге барымызды саламыз.
Саят Суликовтың айтуынша, биыл Ақтөбе қаласы аумағында 4-5 ірі өрт оқиғасы ( «Әйгерім» клиникасында, темір жол ауруханасында, Әуе қалашығы ауданында) болып, өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің мамандарының өзара бірлесе жұмыс жасауының арқасында олар дереу сөндірілген. Ешқандай адам зардап шекпеген.
Бүгінгі күні Саят бір топ құтқарушылармен қала шетіндегі жағажайларды аралап, түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатқанын айтады. Себебі маусым-тамыз айларында, әсіресе, қала аумағында жазғы суға түсу маусымы кезінде қауіпсіздікті сақтамай, суға кетіп қалатындар көп.
— Біздің жедел топ әрдайым кез келген уақытта, қандай жағдай болмасын адам өмірін құтқаруға дайын. Олар күнделікті кезекшілікке шыққанда түрлі жағдайларға кезігіп, тосыннан тұтанатын қызыл жалынмен арпалысады. Өз өмірлерін қатерге тігіп, суға кеткен адамдарды құтқарады. Негізі бізге жүктелген тәртіп бойынша кез келген бөлім қызметкерлері төтенше оқиға болған орынға он минуттың ішінде жетуі керек. Сондықтан біз барынша ыждағатты түрде, жағдайға сай әрекет етуге дайын болуымыз керек.
Жалпы бұл мамандықты таңдаған кез келген маман алдымен адамдардың өмірін құтқаруға тиіс. Содан кейін ғана өрт болған орынды сөндіру үшін жедел қимылдап, өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек, — дейді ол.
Осындай қиындығы мол, жауапты жұмыстың жүгін арқалап жүрген Саят өткен жылы бір үйді жарылыстан аман сақтап қалыпты. Ол өз өмірін қатерге тігіп, өртеніп жатқан гараждан газ баллонын алып шығып, тұтас бір үлкен үйдің жарылуына жол бермеген. Оның осы еңбегі еленіп, ІІ дәрежелі «Үздік құтқарушы» атағы берілген. Сондай-ақ Саят бірнеше мәрте ҚР Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хатын иеленген.
"Ең бастысы, өткен жылы еліміздегі, оның ішінде облыстағы барлық өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы артты. Бұл мемлекеттің біз сияқты қиын мамандық иелерінің еңбегін бағалағаны деп білеміз", — дейді Саят Суликов.
Оның айтуынша, бүгінде облыста өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінде жалпы саны 955 қызметкер бар. Оның 176-сы — офицер.
Айта кету керек, биылғы жыл басынан бері Ақтөбе облысында өрт сөндірушілер мен құтқарушылар 6579 өрт және авариялық оқиғаларға шығып, азаматтардың өмірін құтқарып қалған. Атап айтсақ, аталған оқиғалардың 307-і гарнизон шегіндегі өрттер болса, 146-сы —авариялық құтқару жұмыстары, 1086-сы — жану жағдайлары, 64-і — расталмаған жану фактілері, 318-і — су көздерін түзету жұмыстары, 61-і — өрт оқиғалары, 2538-і — тағы басқа жағдайлар.
Данагүл БАЙМҰҚАШ,
"Адырна" ұлттық порталы.