(Эссе)
Ебедейсiз электрик
Қазақ университетiнiң журналистика факультетiне өндiрiсте бiрнеше жыл жұмыс iстеп келмесең түсе алмайтын кездер болды. Болашақ журналистердiң сол екi ортада айналыспайтын кәсiбi жоқ. Бiреуi – шопыр, екiншiсi – токарь, үшiншiсi – күзетшi, төртiншiсi – құрылысшы... Оқуға түскенше кiмнiң қандай жұмыс iстегенi еңбек кiтапшасында жазулы тұрады. Ал мектептен кейiн бiрден оқуға iлiнген сары ауыз балапандардың бар уақыты әскерден келгендердiң «майдан хикаялары» мен өндiрiстен келгендердiң «еңбектегi ерлiктерiнiң» жай-жапсарын тыңдаумен кетедi. Олардың арасында қайда iстегенiн тәптiштеп, көрiнген жерде әңгiмелеуге құмартпайтын да топ бар.
Қарапайымдылығынан шығар деймiз де қоямыз. Дайындық курсы арқылы түсiп қойған, ала жаздай емтихан тапсырып, арамтер болып жүрген бiзге шекесiнен қараған жетi-сегiз ноянның бiрi Талғат Батырхан да солардың қатарынан едi. Жақынырақ таныстық. Оқуға түскенге дейiн екi жыл электрик болып жұмыс iстептi. «О-о-о!» – дедiк бiз. Керемет мамандықтың иесi қасымызда жүр! Тiптi екінші разряды да бар екен. Электр шамын ажыратып-қосуды ғана бiлетiн бiз Талғатқа қатты қызығамыз. Бiр ғажабы, бiлiктi маман электр тақырыбына баспайды. Жiгерлендiремiз, электр туралы әңгiме айтып, жүрегiн жiбiткiмiз келедi. Қабағын қақпайды. Көпен Әмiрбектiң: «...Деп май шамды бiреулер жебеп бiрде, Бастық етiп жiбердi электрге!» – деген өлең жолдарын оқимыз. Бала селт етпейдi. «Лениннiң өзi «Коммунизм дегенiмiз – бүкiл елдi электрлендiру!» деген» деп, саяси сезiмiн оятуға тырысамыз. Лениндi айтқанда маңдайы сәл жiпсiгендей болады, бiрақ мәселенiң электрмен байланысты екенi есiне түсiп, қайтадан қасарысып қалады.
Бiрде жатақханада электр шамы аяқ астынан сөнiп қалды. Сол кезде бiздiң электриктiң кәсiби белсендiлiгi онша байқала қоймады. Қыздар байғұс «бiрдеңе қылсаңшы» дегендей, ортамыздағы жалғыз маманға жаутаң-жаутаң қарайды. Маман болса түнерiп, үндемейдi. Содан берi электр тақырыбын қозғағанымыз жоқ. Мiне, қырық жыл өтті, бұл мәселенi әлi де жабық тақырып етiп ұстап келемiз.
Бәрiбiр ол электрик кәсiбiн босқа таңдамапты. Жанындағыларға жағымды энергия тарататын қасиетi бар сияқты. Талғаттың төңiрегiне жолап кеткен адам шырқ үйiрiлiп шықпай қояды. Электрден басқа тақырып қозғалса болды, жорғадай жосылады. Сөйлегенде ауыздыға дес бермейдi. Бiр бастаса, бiразға дейiн көсiледi. Түн ортасы ауғанша жатақхананың дәлiзiнде сайрап отырады. Курсымыздың ақындары:
Әңгiме айтса, екi қолын сермеген,Ұшып-қонған мұндай адам көрмеп ем.Керек болса, залдан iзде сен оны,Талдыбайды таба алмайсың бөлмеден,
– деп Сәбит Дөнентаевша сiлтеп, оған өлең арнайтын.
«Черенков түгiлi, Черненко шықса да...»
Айран ұрттап, қой құрттаған ауылдың баласы едi. Ауқатты отбасында өстi. Шешесi – Жетiсу өңiрiне белгiлi атақты шопан Нұрлыхан Ысқақова. Жоғарғы Кеңестiң депутаты болған, Ленин орденiн иеленген кiсi. Сол кiсi бағып-қаққан баланың сөз өнерiне бейiмi бар екенi кiшкене күнiнен байқалды. Бiрде тракторға мiнем деп, терезесiнен құлап, бетiн әйнек жырып кетiптi. Сонда «Неге мiнесiң, өлейiн деп жүрсiң бе?!» – деген үлкендерге қаршадай ғана үрпекбас бала: «Өлейiн деп емес, көрейiн деп жүрмiн ғой!» – дептi. Иегiнде содан қалған тыртық әлi бар. Жетпiс екiншi жылы алыстағы ауылға келген алғашқы телевизорлардың бiрi осы үйге бұйырады. Арманшыл бала кiтаптан қолы сәл босаса болды, сол жиырма қойдың жүнiн өткiзiп алған «Изумрудтың» маңынан табылады. Көшеге көп шықпайды. Таза үйкүшiк. Алысып-жұлыспайды. Бала болып төбелесiп те қарқ қылмайды. Оған ықыласы да, бейiмi де жоқ. Сол телевизор үйге келгеннен кейiн Мюнхен Олимпиадасы басталды.
Оның алдында «Қайраттың» ойындарын көрiп жүретiн. Ордабаев пен Байшақовтардың ел аузындағы аңызға айналып тұрған кезi. Бiрақ Олимпиаданың жөнi бөлек екен. Баскетболдан одақ құрама командасының мүшесi Әлжан Жармұхамедовтың ойынын тамашалады. Қасындағылардың татар ма, әлде қазақ па деп таңданысқаны есiнде. Бойы – екi метр жетi сантиметр. Содан бастап спортқа деген құмарлығы оянды. «Қызылтаң» ауылы спортшы ауыл едi. Үйiнiң тура жанындағы балабақшаның спорт алаңы бар. Сонда ертеден кешке дейiн ақ тер, көк тер болып доп қуалап та көрдi. Футболшы болуға аңсары ауды. Сегiзiншi-тоғызыншы сыныпқа барғанда тәуiр спортшы болмайтынын ұқты. Себебi футболды әлдеқайда кейiн бастаған балалар көп ұзамай мектеп құрамасында ойнай бастады. Содан соң алаөкпе болып жүгiрудi қойды. Ауылда екi-үш адам ғана «Советский спорт» газетiн, «Физкультура и спорт», «Спортивные игры» журналдарын жаздырып алатын. Бұл соның бiреуi едi.
Ендi спорт журналисi болуға бел буды. Әйтеуiр, спорттың маңайында жүргiсi келдi. Николай Озеров, Котэ Махарадзе, Владимир Маслаченколардың репортаждарын үзбей көрiп отырды. Кез-келген футбол командасының ойыншыларының аты-жөнiн жатқа соғатын. Футболшының немесе баскетболшының бойының өлшемi қанша, кiм қанша доп соқты, соның бәрiнiң деректерi миында сапырылысып жүретiн. Осыған таңғалатынымыз соншалық, оқуға түскен жылы оның спорт журналисi болатынына ешкiмнiң де күмәнi жоқ едi. Оқыған-тоқығаны көп. Әдемi сөйлейдi, сөздiң мәйегiн бiледi. Журфактағы жазуға арналған тапсырмаларды шеберлiкпен орындайды. «Общым, оқуға бала емес, спорт энциклопедиясы түсiптi ғой» дедi бағасын бiлетiндер. Бiрақ сол аузында дамыл жоқ, қолында қимыл жоқ «энциклопедияны» ептеген жалқаулық құртты. Басқалардай тынымсыз болған жоқ. Редакцияларға шаба бермейдi. Алаш жұртын билеген аталарының дәстүрiмен аспай-саспай тiршiлiк еттi. Баппен жүрiп-тұрды. Тәттi арман мен тәттi ұйқыны қатар алып жүрдi.
Бiрде жатақханадағы күллi студент дәлiздегi жалғыз телевизордан атақты «Спартактың» әлдебiр шетелдiк командамен жан алысып, жан берiскен ойынын көрiп отырдық. Жанкүйерлердiң аузынан ақ көбiк ағады. Футбол десе iшкен асын жерге қоятын Талғат солардың бел ортасында. Ойынның аяқталуына небәрi үш минут қалды. Үмiт күткен «Спартак» жеңiлгелi тұр. «Шiркiн-ай, Черенков шықса екен!» – дедi жiгiттердiң бiрi. «Спартактың» ақберенi сол күнi запастағы ойыншылардың қатарында едi. Сол кезде Талғат: «Ендi Черенков түгiлi, Черненко шықса да гол болмайды!» – дедi ғой... Жұрт футболды жайына қалдырып, күлкiге көмiлдi. Бұл әбден шаршаған кезде тiзгiн ұстаған, қалт-құлт еткен кәрi генсек Константин Черненконың билiк құрған тұсы едi.
Студенттiк жылдарында «Қайраттың» бiрде-бiр ойынын жiбермей, стадионнан барып көрдi. Бiз – Талғат, Қайрат (Әлiмбеков) үшеумiз жатақхананың бiр бөлмесiнде тұратын едiк. Қайрат екеумiздiң футболға аса құлқымыз жоқ.
Бiр күнi таңертең ұйқыдан тұрып жаттық. Ертерек оянған Қайрат ақын балконға шығып, темекiсiн езуiне қыстырып, «Қар жауып тұр...» деп қуанып, өлең өрiп жүр. Соны естiген Талғат жау тигендей атып тұрды. «Не дейсiң?! Қар жауды дегенше қан жауды десеңшi. Бүгiнгi «Қайраттың» ойыны ойын болмайды ғой ендi...». Талғат көзi ақшалаңдап, күйiнiп жүрсе, Қайрат: «Мағ-ған бәр-рi-бiр!» – деп шиқылдап күледi...
Сәтсiз сұхбаттар
Талғат журналистика факультетiне баруды ұйғарғанға дейiн бала болып бiр мақала жазып көрген емес. Оның есесiне күнi-түнi кiтап кемiрдi. Рухани тұрғыдан дайын едi. Журфакқа құжат тапсыру үшiн жарияланған дүниелердiң болуы керектiгiнен де хабарсыз екен. Соны естiген бойда ордендi кемпiр бiрден ауданға тартады. Газет редакциясына келедi. Күнде газеттiң бетiн бермейтiн ол кiсiнi бәрi таниды. Iлгерiде «Жетiсу» газетi бас редакторының орынбасары Кәкiмжан Қазыбаевтың өзi Қоянкөз жайлауында жамбастап жатып, Нұрлыхан апамен әңгiмелесiп, кейiннен үлкен очерк жазған-ды. «Ойбай, апа, неғып жүрсiз?». «Балам биыл оқуға барады. Талабы бар, мақаласы жоқ!». «Болды, апа, тас қыламыз!». Редактор бұл шаруаны өзiнiң орынбасары Хасен Көптiлеуовке тапсырады. Хасекең бiздiң кейiпкерiмiздiң атынан бес-алты мақаланы екi-үш күнде жедел жариялап жiбередi. Әжесi де оларды ренжiтпей, бiр қойын сойып, шарап-шалабын апарып, жоралғысын жасап қайтады. Бiрақ бала ол жылы оқуға түсе алмайды. Ауылға келген соң клубта болған бiр концерт туралы шағын хабар жазады. Онысы аудандық газетте жарық көредi. Журналистикадағы алғашқы өз дүниесi осы едi.
Журфакқа түскен соң да мақала жазып қарқ қылған жоқ. Жанығып жүретiн курстастарына ерiп, «Лениншiл жасқа» барып көрдi. Бiрақ бiр-екi нәрседен меселi қайтып, редакцияға көп жоламай қойды. Кино тақырыбын өте жақсы бiлетiн. Сексенiншi жылдарда Алматыда iрi халықаралық кинофестиваль өттi. Курстасы Аманғали Дайрабаев екеуi «ТАСС мәлiмдеуге өкiлеттi» фильмiнiң режиссерi Владимир Фокинге жолығып, сұхбат алды. Бiрi «Социалистiк Қазақстанға», екiншiсi «Лениншiл жасқа» бермек. Бұл түнiмен отырып «Режиссер – ең қиын мамандық» деген сұхбат жазып, редакцияға алып барды. Әдебиет бөлiмiнiң қызметкерi Жүсiпбек Қорғасбеков сұхбаттың жетпеген жерiн жеткiзiп, дайындап ұсынады. Соның арасында аға газетке дайындалған сұхбат жарияланып кетедi. Бөлiм меңгерушiсi Қамбар Керейқұлов: «Мынау кеше шыққан дүние ғой», – деп ысыра салады. Тiптi оқымайды да.
Екiншi рет сол газетке тағы бiр сұхбаты өтпей қалды. Жылда одақтың 33 үздiк футболшысы анықталатын. «Қайраттың» тарихында бұл тiзiмге алғаш рет Вадим Степанов деген қорғаушы кiрген. Содан кейiн енiп тұрған Евстафий Пехлеванидидi «Медеуге» арнайы iздеп барып, сұхбат алған-ды. Спорт бөлiмiнiң қызметкерi Дүрәлi Дүйсебаев дайындап ұсынған дүниеге өзiнiң ең жақсы көретiн Сейдахмет Бердiқұлов ағасы «Мұндай жаттанды интервьюдi жариялаудың жөнi жоқ» деп сол қолымен бұрыштама жазып қойыпты. Әрине, сұхбатта жаттандылық бары рас едi...
Студент кезiн түгелдей кiтап оқуға арнады. Кеңестiк киножұлдыздар Алматыға келе қалса, соларды iздеп кетедi.
Бiрде танымал әртiс Вахтанг Кикабидзе екеуi қолтықтасып, Республика сарайының алдында жарты сағат жүргенi бар. Ұлы грузин алғашқыда мұны бала деп менсiнбегенге ұқсайды. Бұл қапталдасып қоймайды. Бiрақ өр мiнез Вахтангтың көп бiлетiн көкезу студентпен сөйлеспеске амалы қалмайды. Грузин фильмдерiнiң жай-жапсарын шемiшкедей шағып тұр. Грузинiң не, кеңестiк киноның жайын да киносыншыдан артық бiлмесе, кем бiлмейдi. Тiптi өзiн елдiң бәрiне мәлiм емес ныспысымен атап, «Буба!» деп қояды. «Әй, сен не қылған баласың? – дейдi Кикабидзе, – Жүршi былай, әңгiмелесейiк!». Содан түннiң бiр уағына дейiн сұхбат жазды.Онысын сабаққа бармай, құлқын сәрiден тұрып, «Лениншiл жасқа» алып кетiп едi, ағалары: «Баспасөз конференциясында айтылған фактiлер ғой», – деп баспай қойыпты. «Баспасөз конференциясына жолағаным жоқ, өзiмен жарты сағат әңгiмелесiп келдiм», – десе, сенбеген. Сөйтiп, қапаланып отыр екен. Байғұсты аяп кеттiм. Қолымда қарабайыр ақпарат құралы бар едi: жатақхана қабырға газетiнiң редакторы едiм. Бiр сөзiн өзгертпей жариялап жiбердiм. Мәз болып қалды. Кейiн бәрiбiр сол Кикабидзеге Астанада жолығып, әлгi сұхбатын кеңейтiп жариялады.Өзi баяу қимылдайтын адамның осындай үш сұхбатының сәтсiз болуы жазуға деген белсендiлiгiн азайтып жiбердi. Содан соң жазумен емес, оқумен айналысты. Кейде осы сәтсiздiктерiнiң өзi кейiнгi сәттiлiктерiне жол ашқан секiлдi көрiнедi.
«Әр қызметке екi рет келем...»
Бiр адамдай жалқаулығы бар. Бiрақ елдiң жазғанын оқудан жалыққан жоқ. Қолына жаңа кiтап түссе, жалқаулығы жайына қалады. Бас алмай бiтiрiп тастайды. Бiлiм-бiлiгi жағынан қатарластарының бiразын жолда қалдырады. Жан баласына ұқсамайтын бiр қасиетi бар. Автоқаламға жоламайды. Өмiрi сиямен жазады. Жүрген жерiнде қаламұш iздейдi. Қазiргi журналистер не екенiн бiлмейтiн, осыдан жарты ғасыр бұрынғы дәуiрде жазу әлемiнiң қаражорғасы саналған әйгiлi он бірінші қаламұштың жүз данасын әлдеқандай себеппен сақтап қалған қоймадан тауып алған. Соны сиясауытқа малып алып, маржандай жазуын түзедi.
Әншейiнде күнiге мың рет сүрiнiп-қабынып жүретiн ебедейсiз адамның сияның бiр тамшысын да төкпейтiнiне таңғаласың. «Он бірінші қаламұшпен тек Мұхтар Мағауин ағамыз екеумiз ғана жазамыз», – деп күледi. Сиямен жазатын қаламсаптардан коллекция жинайды. Талғатта қаламсаптың да, қаламұштың да жетi атасы бар. Көненiң сөзiн сөйлейтiн өзi секiлдi он бірінші қаламұшты үнемi сүрткiштеп, баптап отырғанын көресiң. Компьютерiңе де, интернетiңе де пысқырмайды. Миындағы мәлiметiн осылардың қай-қайсысына да айырбастамайды.
Оқу бiтiре сала өзi туып-өскен Талдықорғанға тартып отырды. Сонда практикада жүргенде әншi Татьяна Полтавскаямен сұхбаты жарияланып едi. Соның әсерi болар, мұны облыстық газет редакциясы тiлшiлiк қызметке алды. Бес жылдан соң «Халық кеңесi» газетiнiң Талдықорған облысындағы меншiктi тiлшiсi болып тағайындалды. Газет редакциясы бас редактордың орынбасары қызметiне қайта шақырды. Екi жылдан соң «Халық кеңесiнiң» сол өңiрдегi тiлшiсi қызметiне тағы келдi. «Халық кеңесi» жабылып қалған соң облыстық газетке оралып, тiлшi болды. Тағы да орынбасарлыққа көтерiлдi. Жалпы, Талғаттың журналистiк қызметiнде қызық бiр үрдiс бар. Бәрiне де екiншi рет қайтып келу пешенесiне бұйырған екен. Екi рет тiлшi, екi рет меншiктi тiлшi, екi рет орынбасар...
Кейде белгiлi бiр оқиғалардың бүкiл өмiр жолыңды өзгертiп жiберетiн кезi болады. Бiр күнi аяқ астынан Талдықорған облысы жабылып қалмағанда, Талғат әлi күнге дейiн сол өңiрде жүре беруi де мүмкiн едi. Облыс жабылған соң, облыстық газет те қоса жабылды. Күнi кеше ғана айдарынан жел есiп тұрған бас редактордың орынбасары аяқ астынан жұмыссыз қалды. Бармаған жерi жоқ. Қалалық газетке де, қалалық радиоға да бас сұқты. Орын жоқ. Қатты қиналды. Бұралып сегiз ай жатты. Шүкiр, дос-жолдастан кенде емес едi. Сол жолдастарының бiрi, найзағайға нан пiсiрiп алатын жұлымыр журналист Мұратбек Тоқтағазин Талдықорғанда жатқан жерiнен «жұлып алып», Астанадан бiр-ақ шығарды. Жаңа астанамен бiрге жаңарып жатқан «Астана ақшамы» газетi бас редакторының орынбасары болып бекiтiлдi.
– Газеттiң сол кездегi бас редакторы Жұмагүл Саухатқа мың да бiр рахмет! – дейдi Талғат. – Досымның бiр ауыз сөзiне бола сырымды бiлмесе де, сынақ мерзiмiнсiз қабылдады. Бiр-ақ шарт қойдым. «Қартаң әжем бар, соған жiберiп тұрсаңыз болды», – дедiм. Жұмагүл әпкем сөзiнде тұрды. Жылына төрт рет жiберiп тұрды. Кейде ер адамдардың бойында кездесе бермейтiн iрiлiгiн байқатып тұратын бұл кiсiден көп нәрсе үйрендiм.
Осы газет редакторының бiрiншi орынбасары қызметiне кiрiскен Жанболат Аупбаевпен бiр бөлмеде сегiз ай бiрге отырды. Жанболат ағасын жанындай жақсы көредi. Кәдiмгiдей елiктейдi. Ол кiсiнiң тағдыры қызық адамдардың өмiрiн жазу тәжiрибесiне қанықты. Содан соң бұрыннан бейiмi бар осындай тақырыптарға өзi де дендеп кiрiсе бастады. Жақаңның адамдармен қарым-қатынасы, тiлшiлерге тапсырма беру тәсiлi ешкiмге ұқсамайды. «Әртүрлi жағдай болады, ешқашан ешкiмнiң арына тиме, өйткенi адамның ең қымбат нәрсесi – сол», – деп үйреттi ағасы. Онсыз да қой аузынан шөп алмайтын бұл осы кеңестi үнемi қаперiнде ұстайды. Жақаңның журналистiгi өз алдына, газет iсiнiң жай-жапсарын өте жақсы бiледi. «Басылымның бау-шуын тартуды Ержұман мен Жанболат ағаларымнан артық бiлетiн адам жоқ», – дейдi Талғат. Кейiн Жақаңның орнына келген Дидахмет Әшiмханов газетке өткiр мiнез әкелдi. «Астана ақшамында» қызмет iстейтiн жалаң аяқ, жалаң төстердiң ешқайсысының пәтерi жоқ едi. Он төрт облыстың өкiлi журналистiк жұмыстың көрiгiн қыздырып жататын.
Талғат аз жазса да, саз жазады. Әрiптестерi: «Бұл алпыс жол мақала жазу үшiн алты кiтап оқиды», – деп күледi. Сирек кездесетiн оқиғаларға ден қойды. Қызықты тағдырларға үңiлдi. Шетелдерде мәртебелi қызметтiң тұтқасын ұстап отырған қазақтар туралы жазуға құмартты. Қысқасы, Жанболат ағасының жолын шындап қуды. КСРО Қорғаныс министрi болған маршал Дмитрий Язовтың командирi, қазақ Шаймұқан Мұқанов ақсақал туралы жазды. Кейiн Мәскеуге жолы түскенде Язовтың өзiне жолықты. Маршалға мақаланы көрсетiптi. Д.Язов: «Досыма сәлем айт, ол – керемет адам!» дептi. Жамбылдың жеке дәрiгерi болған Рахымбай Досымбеков жөнiнде қалам тербедi.
Осыдан біраз жыл бұрын «Литер-Media» компаниясына қарасты «Қазақстан темiржолшысы» газетiнiң бас редакторы әрi «Айқын» газетi бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. Астана бюросының жетекшiсi, сайыпқыран журналист Сайын Есмағимен бiрлесiп, салалық басылымға бiраз жаңалық әкелдi. Мектеп бiтiргенге дейiн пойызға бұт артып көрмеген бұл өзi өмiрi қызықпайтын темiржол бойынан да тәуiр деректер тапты. Павлодарға барып, сонда тұрған Сталиннiң вагоны туралы жазды. Көкшетауда орналасқан медсестралардың әлемдегi жалғыз музейi жөнiнде жұртшылыққа мәлiмет ұсынды. Танымал фильмдерге түскен темiржолшыларды елге танытты. Куйбышев мiнген «Кадилак» машинасын Көкшетаудан тапты. Әрине, аяқ астынан Америка ашу қиын. Бiрақ осындай тосын тақырыптарды игеру арқылы өзiнше әрі өзгеше жол салды.
Ең жақсы көретiн журналистерi – Жанболат Аупбаев, Жарылқап Бейсенбайұлы, Тiлекқабыл Боранғалиұлы. Осы үш ағасының жазған дүниесi жарық көрсе, оқып шыққанша ештеңеде шаруасы болмайды. Өз төңiрегiне де жастар үйiрiлiп жүредi. Жандос Бәделұлы, Айхан Шәрiп, Төлен Тiлеубаев, Еренғайып Қуатайұлы сынды талантты тайтұяқ нояндар Талғат мырзаның шарапатын молынан көрдi.Иманды журналистиканы ұнатады. Атыс-шабысқа, дау-дамайға толы тақырыптарға үйiр кейiнгi буынға тосырқай қарайды.
Қиырдағы қазақтардың қамқоршысы
Журналистiк сапармен Ресейге бiрнеше рет барды. Әр сапарынан олжалы қайтты. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовпен бiр апта бойы әңгiмелесiп, оқырманды аты аңызға айналған баскетболшының ел бiле бермейтiн деректерiне қанықтырды. Н.Бурденко атындағы Нейрохирургия институтының лаборатория меңгерушiсi, медицина ғылымдарының докторы, миға операция жасаудың теңдесi жоқ шеберi Дулат Мұхамеджановты өз халқына таныстырды.
Санкт-Петербург мемлекеттiк Поляр академиясының ректоры Азургет Шәукенбаева туралы мақаласы күллi жұртты елең еткiздi. Азургет Тарбайқызы осы оқу орнының негiзiн қалаған. Францияның бұрынғы Президентi Жак Ширакпен жұмыс барысында араласып-құраласып тұрған. Сол елдiң «Құрметтi легион» орденiнiң иегерi. Чувашияның Экономика министрi Гүлмира Тағайқызы Акимованы (тұрмыс құрғанға дейiнгi фамилиясы Әшiмбаева) iздеп тапқанын айтсаңшы. Оның аты-жөнiн жол үстiнде кездейсоқ бiреуден естидi. Содан ал кеп iзде... Чувашияға телефон соқса, Талғаттың министр құрдасы: «Менi де iздейтiн адам бар екен-ау!» – деп көңiлi босапты. Гүлмираның Талғатқа: «Тарихи Отаныммен табыстырғаныңыз үшiн алғыс айтамын!» – деп арнайы жазған хаты бар. Кейiн iнi Талғат пен аға Талғаттың (Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төрағасының бұрынғы бiрiншi орынбасары Т.Мамашев) өзара мәмiлесiнiң арқасында Азургет Шәукенбаева мен Гүлмира Тағайқызы Дүние жүзi қазақтарының IV құрылтайына делегат болып келдi. Екеуi де қазiр Талғатты туған бауырындай көредi.
Журналист қиырдағы қандастарын iздеуiн әлi де тоқтатқан жоқ. Бiр кездегi КазГУ-дiң физика факультетiнiң түлегi, бүгiнгi Ресейдiң бизнес-ледиi, хатшыдан өсiп басшы болған Гүлжан Молдажанова жөнiнде қалам тербедi. Ресей Балет академиясының көркемдiк жетекшiсi, атақты Мария театрының прима-балеринасы болған Алтынай Асылмұратованы iздеп барды. Осы елдегi үлкен әскери зауытта бас конструктор болып iстейтiн мықты қазақ бар. Сол жiгiтпен де жолықпақ. Жұмысының бәрi құпия, сол себептi әзiрге аты-жөнiн де құпия ұстай тұрайық. Әншейiнде жағы сембейтiн Талғат кейiпкерлерiн қашан жұртқа таныстырғанша жарнамалай бермейдi. «Бiр күнi Мозамбикте министр болып iстейтiн қазақты тауып берсем, таң қалмаңдар», – деп әзiлдейдi. Сондайда бiр кезде электрик болып қарқ қылмаған, бейiмi мен бiлiмi жете тұра спорт журналисi болу мүмкiндiгi қолынан сусып шығып кеткен әрiптесiм нағыз өз жолын ендi тапқандай көрiнедi.
Тбилиси, Талғат және «Киндзмараули»...
Қызметiнiң қай-қайсысы да екi реттен бұйырғанын айтып едiк қой. Сонысы кейінірек тағы да қайталанды. Талғат Батырхан «Астана ақшамы» газетi бас редакторының орынбасары болып екінші рет тағайындалды. Әйгiлi он бірінші қаламұшын сиясауытына малып алып, жұмысына кiрiстi. Баскетболдың бәйтерегi Әлжанды халқымен қайта табыстырды. Дүркiн-дүркiн қалам тербеп, Мәскеудi мекендейтiн марғасқаға елдiң назарын аударды. Қоғамдық пiкiрге құлақ қойған атпал азаматтар атақты спортшыны елге шақырып, сый-сияпат көрсеттi. Талғаттың бастамасымен Әлжан Астанаға елден шалғайда жүрген қандастарымыздың кездесуiне келдi. Бұл үш күн бойы қасында жүрдi. Қазiр даңқы дүние жүзiне белгiлi дарабоз ұлға қазақ жұртына бiржола қоныс аудару жөнiнде ұсыныстар айтыла бастады. Әлжан ағасы осының бәрiне разы. Өзiнiң белiнен келетiн Талғатқа мейiрлене қарап, қайта-қайта рахметiн айтты. Студент кезiнен ен таққан ең «ежелгi» кейiпкерi Вахтанг Кикабидзенi iздеп, Тбилисиге барып қайтқанын айтсаңшы. Атақты актердiң шаңырағында түстенiп, салиқалы сұхбат алды. Миллиондардың жүрегiн жаулаған Мимино маңдайы тершiп отырып, ширек ғасырдан берi соңына «шырақ алып түсiп жүрген» қазақ жiгiтiне бiраз әңгiме шерттi. Гүржiстанның кез-келген ауылы туралы азды-көптi мәлiметi бар Талғатқа ықыласы түскен серi Вахтанг елдiң бас сусыны – әйгiлi «Киндзмараули» шарабын өзiнiң жертөлесiнен алып шығып, ата-бабасынан келе жатқан жеке мүйiзқұтысына құйып, бiлек айқастырып iшудi ұсынған екен, шарап түгiлi, сыраны сiмiрiп көрмеген, шөлде өскен шүрегей секiлдi бұл ат-тонын ала қашыпты. Себебi, мүйiзқұтыны босатпай iшу иiсi грузиннiң дәстүрiнде жоқ. Өйткенi бұл ыдысты тiгiнен тiк қоя алмайсың. Жантайып, құлай кетедi. Өзгеге өзiн сыйлатып үйренген өр мiнез Кикабидзе қазақ iшiнен келген елгезек грузинтанушыға сонда да ренжiмептi. Екеуi сол жолы бiлек айқастырмаса да, жүрек «айқастырып» қайтқан сияқты.
Аз жазады, бiрақ саз жазады. Бiрде Талғаттың үйiнен осыдан отыз жеті жыл бұрын оған өзiм сыйлаған әдемi блокнотты тауып алдым. КазГУ-дiң елу жылдығына арнайы шығарылған осы бiр дүниенi университет оркестрiнiң мүшелерiне таратып берiп едi. Мен оны Талғатқа тарту еттiм. Былай деп жазыппыз:
«Жылдар өтер... Fұмыр жетсе:
Бұл күндерi бiздерден жоғалыпты ән,
Әлi талай атады ағарып таң.
Ол Талғатқа шал Талғат ұқсамайды,
Не қалды екен баяғы Омаровтан?! –
деп кабинетiнде ыңыранып отыратын қарт журналист боларсың. Сол кезде Алматыны шарлаған сан iзiмiздi (мақсатты-мақсатсыз) еске аларсың деп осы блокнотты ұсындым. 12.12.84». Төртiншi курста сыйлаған осы блокнотым әлі тап-тазасымен тұр екен. «Көңiлiмнiң тазалығындай ғой», – дейдi өзi. Бәлкiм, бұл да оның әр сөйлемiн он ойланып, тоғыз толғанып жазатын тектiлiгiнiң белгiсi шығар.
Кикабидзеге тегiннен-тегiн үйiрсектеп жүрген жоқ. Кино әлемiн сұмдық жақсы көретiн. Көрмеген киносы, амандаспаған актерi жоқ. Кез-келген киносыншымен төрт сағат тәжiкелесе алады. Бала кезiндегi бiр арманы кинорежиссер болу едi. Бiрақ мұны ауыл баласының қолы жетпейтiн мамандық деп есептедi.
Бiрақ бұл әулеттен киноның ауылы алыстамайтын сияқты. Сәби күнiнен әкесiнiң әңгiмесiн құлағына құйып өскен қызы Ақбота кинорежиссер болуға бел буды. Басындағы бiлiмi құлағынан ағып жүретiн Талғаттың арманына айналған биiктердi бағындыру үшiн ақ тұманды Альбионға аттанды. «Болашақ» стипендиясын иеленген ол Лондондағы Сарри университетiнiң кинематография факультетiнде оқыды. Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар шыққан Ақбота Батырхан ұлыларға ұя болған Ұлыбританияда ұлық өнердi игерiп, елге қайтып оралды. Қазір Президенттің телекешенінде қызмет істейді. Бүгінде Венгрияда білім алып жатқан кіші ұлы Шерхан да келешек кино маманы болмақ.
Өзi жасынан шығармаларын сүйiп оқыған Оралханша айтсақ, Талғатқа тiзгiнiн ұстатпай қойған «Тортай мiнген ақбоз ат» өзгенiң емес, өз перзенттерінің тақымында кеттi... Тәубә!
* * *
Он бірінші қаламұштың иесі, бір кездегі бір ауылдың болбырлау электригі, бүгінгі «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының ойлы орынбасары Талғат Батырханның алпыстың алтын кілеміне аяқ артқан күні құтты болсын!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ