Ақтөбеліктер спортшыларын үлкен сый-құрметпен қарсы алды

2302
Adyrna.kz Telegram
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарынан оралған ақтөбелік спортшылармен және олардың жаттықтырушыларымен кездесті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Олимпиаданың қола жүлдегері Нұрислам Санаевқа өңір басшысы пәтер кілтін сыйлады. Олимпиада ойындарына қатысқан балуан Мейрамбек Айнағұловқа, суда жүзуші Диана Назароваға, сонымен қатар, спортшылардың жаттықтырушыларына өңір басшысы бағалы сыйлықтар табыстады.
— Сіздер - еліміздің мақтанышысыздар. Жас ұрпаққа салауатты өмір салты мен спортты дәріптеуде үлгі бола отыра баға жетпес үлес қосасыздар. Адал әрі аянбай күрескендеріңіз үшін, батылдықтарыңыз бен отансүйгіштіктеріңізге шын жүректен алғыс айтамын,- деді спортшыларға зор денсаулық пен жаңа белестерге жетуді тілеген Оңдасын Оразалин.
Олимпиадаға қатысушылар облыс басшылығына кәсіби спортты қолдағаны үшін рахмет айтып, келешек жоспарларымен бөлісті.
— Халқыма қолдағаны үшін шексіз ризамын. Ақтөбеге келгеннен кейін ғана, жерлестерімнің қалай қарсы алғандарын көріп, олимпиада жүлдегері болғанымды сезіндім. Отандастарымды Парижде өтетін олимпиадада алтын алқамен қуанту үшін бұдан да күштірек дайындалатын боламын,- деді Нұрислам Санаев.
Айта кетейік, балуан Юсуп Батырмырзаев пен каратэші Нұрқанат Әжіқанов, сонымен қатар Токиодағы олимпиада ойындарында Ақтөбе облысы атынан шыққан басқа да спортшылар туған жерге енді оралады.
Сонымен бірге жүзуші Виталий Худяков Ыстық көл жанында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына кірісіп те кеткен.
"Адырна" ұлттық порталы .
Пікірлер