Мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаев "Говорит Москва"-ға берген сұхбатында қазақ тілін қорлаған орыстілді аудиторияның адамдарын, олардың қазақ тіліне қарсы әрекеттерін ақтағандай пікір айтып отыр.
Сіздер өздеріңіз қашаннан бері көріп отырсыздар ғой, орыстілді ортаның қазақ тілді ортаға, әсіресе қазақ тіліне жасаған кері әрекеттерін. Домбырамызды жерге ұрап сындырады, тілімізді таптайды, "пещерный националисттер" деп жерге тығады. Мемлекетті құрушы қазақ ұлты үшін бұдан басқа қандай қорлық пен мазақ керек!?
Әлтаев өзінің сөзінде орыстілді ортаның қазақ тілді ортаға жасап отырған тірліктерінің барлығын тізіп келе, мұны барлығы "жала" деп тоқтапты. Біздің елде қазақы рухният пен құндылықтарды мазақтап, соңынан кешірім сұрап жататындар қаншама. Біз кешірімшіліміз ғой, кешіре береміз. Бұлар қайталай береді.
Қазақы құндылықтар мен руханиятқа кесірін тигізіп отырғандардың дерлік бәрі осы орыстілді ортаның адамдары. Ал, Әлтаев болса "Говорит Москва"-ға берген сұхбатында осының барлығы "жала" дей келе, мұндай істер тек заң аясында шешімін табуы керек депті. Заң мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде қандай дұрыс шешімдер жасапты?
Ал, тілдің мәселесіне келгенде заң аясында қандай көңіл көншітер шаруалар шешіліп жатыр? Көрсетіп беріңіздерші!
Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесі бойынша дені дұрыс заң әлі қабылданған жоқ. Қазақ тілінің мүддесі үшін сот шешіміне халықтың сенімі баяғыда өлген.
Сондықтан да Әлтаевтың орыстілді ортаны қорғаштап отырғанының барлығы да негізсіз, керсінше, орыстілді ортаның азаматтарын жақтап, сойылын соғып отырған сияқты.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы