Жастар - ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үмітті іркілтпей, сенімді сапалы ақтау сол буынның парызы. Олар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал, жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, “Мәңгілік ел” болуына нық қадам бастайды.
Елбасы, Н.Назарбаев өз жолдауында: «Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сізде – тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Жұмыла жеткен жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», - деп пайымдаған. Сондықтан, Қазақстанның жаңа даму кезеңі–тікелей жастардың қолында.
Жастар – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Бұл сөздің мағынасына үңілсек, «еңбек» деген ұғыммен байланысып жатқанын ұғасыз. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтылмаса керек. Қай саланы алсақ та, мерейін үстем еткен үкілі азаматтар ащы терін сығумен биіктерге жеткен. Мәселен, өнер саласында бетке ұстар қабілетті де қарымды Димаш Құдайбергеновтың бір өзі төбе емес пе?! Ол - Қытай елінде ұйымдастырылған халықаралық «Im a singer» байқауының жеңімпазы. Сонымен қатар, Ержан Максим, Данелия Түлешова сынды мықты әнші балапандар үлкен сахналарды бағындырып, жарыстардан олжалы оралды. «Новая волна 2021» байқауында Жан Маким ұлымыз қазақ елінің көк туын аспанда қалықтатып келді. «Junior Eurovision 2020» байқауында тағы бір жерлесіміз Қарақат Башанова ІІ орынды иеленді.
Витебскте өткен «Славянский базар» халықаралық фестивалінің Гран-при жүлдесін жерлесіміз, әнші Рухия Байдукенова жеңіп алды. Кейбір қатысушылар үшін бұл шынымен қиын сынақ болып шықты. Оған қарамастан үздіктердің үздігі болып, суырыла шыққан Рухияны жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, өнерінің ұштала беруін тілейміз!
Токиода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қазақстан халқының атын шығарып, қола жүлдегері атанған ауыр атлет Игорь Сон – 2015 жылы Жетісу төрінде өткен Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы» жастар сыйлығының «Үздік жас спортшы» номинациясын, сондай-ақ, Грек-рим күресінен Азия чемпионы Демеу Жадраев – 2017 жылы «Үздік жас спортшы» номинациясын иеленген.
Тағы бір жерлесіміз – Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы, әлем бойынша 55 мың үміткердің ішінен топ жарып, Гарвард университетінің оқу грантына ие болған Сезім Ертанатов. Ол өзінің арман-мақсаттарына еңбек пен білімнің арқасында қол жеткізді. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Жетісулық жастарымыздың жеткен жетістіктері мұнымен ғана шектелмейді.
Болашақта зор үміт күттіретін айбынды жастарымыз аман болсын!
Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барша үлес қосып келеді.
Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың бастамасымен аудандарда Жастарға қызмет көрсету орталықтарына арналған мекемелер бой көтермек.
Алматы облысының аудандық және қалалық мәслихаттарының 65-і, ал облыстық мәслихаттағы 37 депутаттың 6-ы жастар. Яғни, барлығы 71 жас депутаттарымыз бар. Осыны ескере отырып, жастармен тұрақты түрде байланыс жасап, түйткілді мәселелерінің шешімін табуға үлес қосатын «Облыстық жас депутаттар» лигасын құрдық. Келесі кезекте назарларыңызда мына мәселеге бұрғым келеді: еліміз егемендік алғаннан күні бүгінге дейін өңіріміздегі балалар үйінен 1541 түлек шыққан. Олармен тығыз байланыста болып, қоғамда өз орнын табуға, тұлғалық дамуына қолдау көрсету өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл ретте, біз «Алматы облысының балалар үйі түлектерінің» қауымдастығын құруды жөн көрдік. Қауымдастық мақсаты балалар үйіндегі және постинтернаттық өмірді қадғалауға, балалар үйінен шыққан түлектерді жұмыспен қамтуға және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған.
Келесі назарларыңызға ұсынатын жобалар жастардың бос уақытын тиімді үйлестіру, маргинал және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу және жастарды әлеуметтендіру бағытына негізделген. «Namys» жобасы аясында танымал спортшылармен кездесулер, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Шараға маргинал, девиантты, жұмыссыз жастар және қандастар қатысты. Жетісу Жайдарман лигасы облыс аумағында 7000 жасты қамтып, әр аймақтағы көңілді тапқырлардың басын қосты. Нәтижесінде, республикалық лигаларда шамамен 30 команда өнер көрсетеді деп күтілуде.
Қазақстан Республикасының Президенті ағымдағы жылдың 5 қаңтарындағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау туралы» қаулысын қабылдаған. Жоба аясында мемлекет тарапынан сан түрлі салада дарынды жастарға гранттар тағайындалады. Игі іс облысымызда да жалғасын таппақ. «Жас ғалым» жобасы өңір жастарының ғылыми әлеуетін арттыруға, жас кәсікерлердің тұлғалық және кәсіби дамуына септігін тигізеді. Ғылыми жобалардың байқауына Алматы облысының ғылыми танымы мен қызығушылығы бар кез-келген жастары қатыса алады. Ал, «Жас талант» - өнер байқауы. Өңірдегі шығармашыл жастарды іріктеп қана қоймай, түрлі мәдени бағыттарға қызығушылығы бар жастарды қолдау арқылы, оңды қоғамдық пікірлерін қалыптастыруға үлес қосады.
Биылғы жыл жаңа бастамаларымен, тың серпілістерімен таңқалдырудан жалықпайды. Пандемия уақытында ауыртпалықтарға қарамастан, жұмыла жұмыс істеген ерікті жастарымыз да жаңа ғасырдың батырлары болатыны анық.Осының аясында «Қайырымды істер» марафоны бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. 2020 жылдың желтоқсан айында Волонтер жылының жабылу рәсімінде Президент Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер марафоны» ұйымдастырылатынын айтты.
Алматы облысы Жастарға қызмет көрсету орталығында «Мейірімді Жетісу» облыстық фронт-офисі ресми түрде ашылып, азаматтарды волонтерлікке тарту, көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. 17 аудан мен 3 қалада өңірлік фронт-офистердің қызметкерлері волонтерлерді көбірек тарту үшін белсенді үгіт-насихат қызметін жүргізеді.
Облысымыздың волонтерлік топтары жұдырықтай жұмылып, пандемия өршіп тұрған кезде демеушілерді тарту арқылы 30 000-нан астам отбасыға әр түрлі көмек көрсетті, 100 000-нан астам бетперде таратты, 9000-ға жуық қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды.
Нәтижесінде, облысымыздың белсенді 15 волонтері Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
2021 жылы Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерейтойы аясында «Волонтер жылының» жалғасы ретінде «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жоба аясында азаматтарды қайырымдылық жасауға тарту, волонтерлікті дамыту мақсатында әр түрлі ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілді. Осы орайда, жыл басынан еріктілер ұйымдарының саны ұлғайып, 95 бірлікті құрады, 7 мың ерікті тіркелді (2021 жыл басында 36 ұйым, 4012 ерікті).
Жастардың бастамаларын қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 2 есеге көбейтіліп, 2021 жылы 76 млн. теңге бөлінді.
Мемлекет басшысы айқындаған еріктіліктің жеті бағыты және «Қайырымды істер марафоны» аясында облыста 1216 акция өткізілді. Мұқтаж болған 75 отбасы баспаналы болып, 9 мың отбасына 170 млн. теңгеге азық-түлік себеттері таратылды.
«Біргеміз Таза әлем» жобасы аясында 50 мың адамның қатысуымен 134 экологиялық акция ұйымдастырылып, 41,8 мың түп ағаш отырғызылды. «Egov – жаршысы» жобасы аясында 100 ерікті өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында тұрғындарға қызмет атқарды.
Төтенше жағдай кезінде біздің еріктілер мұқтаж жандарға жедел көмек көрсетіп, жоғары азаматтық ұстаным танытты. Шілде айының 9-11 күндері Қапшағай қаласы, «Балдаурен» оқыту-сауықтыру орталығында, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, «ASYL JUREK» ең үздік волонтерлік топтар көшбасшыларының дәстүрлі республикалық слеті ұйымдастырылды.
Бұл істердің барлығы жастардың әлеуетін көтеруге, бастамаларын дамытуға және жаңа бағыттарға жол сілтеуге арналады.
«Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі осы, азаматтық жолы да осы»,– деп Дінмұхамед Ахметұлы бабамыз біздерден зор үміт күткендей, біздер де жастарға жүк қылып адал да, абыройлы, ең бастысы, адам болсын деген асқақ сенімді артамыз.