Елімізде 3 миллион мал қырылып, 2 миллион адам жұмыссыз қалады

4595
Adyrna.kz Telegram

Елімізде үш миллионға жуық мал қырылып, екі миллион адам табысынан айырылуы мүмкін. Көңіл құлазытарлық мұндай болжамды Қазақстанның мал өсірушілер ұлттық қауымдастығы жасады. Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.

Аптап ыстықтан көлдер суалып, шөп күйіп кетті. Шаруалар мен экологтар бұған күн райын ғана емес, салғырттық танытқан шенеуніктерді де кінәлап отыр.

Мал өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде мал басының 30 процентінен айырылып отырмыз. Ал үкімет болса жағдайды түзеу үшін ешбір шара қолданбаған.

Президент жем-шөп экспортын қысқарту жөнінде тапсырма берді. Ауыл шаруашылығы министрлігі сүрлем, пішен, қара бидай мен сұлы экспортына шектеу қойды. Алайда сарапшының айтуынша, фермелер бұл дақылдарды пайдаланбайды.

"Олар фураждық бидайдың 4-5 класын, кебек пен арпаны қолданады. Ал ол экспортталып жатыр. Біздің еліміз 30 жылда жем-шөп саясаты туралы ойланып та көрмеген. Малдың қырылуы тоқтамайды, 3 миллионнан астам малдан айырылайық деп отырмыз", - дейді Садырбаев.

Ведомстводағылардың бұл жөнінде пікірі басқа. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Қайрат Мұтаевтың айтуынша, бұл саладағы жағдай күрделі, алайда дабыл қағатындай ауыр емес.

"Маңғыстау облысында 1 159, Қызылорда облысының Арал ауданында 480 бас мал өлді. Алайда мал басының жалпы санын ескерсек, қырылған мал 1 проценттен аспайды", - дейді Мұтаев.

 

 

Пікірлер