30 маусым күні Ресей президенті мен елбасы Н.Ә.Назарбаев арасында өткен кездесу барысында Кенесары ханның сүйегін қайтару тақырыбы қозғалды. А.В.Путин Кенесары ханның бас сүйегін қайтаруға көмектесетінін жеткізді. Бұл «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ұстанымды берік ұстанатын қазақ үшін қуанышты жаңалықтардың бірі болғаны анық. Қазақтың басына қамыт киілгенін ұғынған Кенесарының ұлт-азаттық күресі хан әулетінің тарих сахнасындағы соңғы тұяқ серпуі еді. Кезінде Кенесары хан халық қолдауын жеткілікті деңгейде ала алмаса да, бүгінгі тәуелсіз қазақтың құрметін иеленіп отыр. Тәуелсіздік алғалы қаншама рет хан сүйегін қайтару жайлы белсенділер тарапынан ұсыныстар тасталып, хаттар жазылып жатыр. Тіпті, кезінде Кәрім Мәсімов премьер-министр болып тұрған шағында Ресей басшыларымен келіссөздер жүргізіп, осы мәселені көтерген болатын. Елімізде бұл жолда еңбек етіп жүрген «Хан Кенені қайтарайық!» қозғалысы, «Кенесары хан» қоғамдық қоры секілді ұйымдар бар. Соның ішінде «Кенесары хан» қоры 2009 ашылып, әлі күнге дейін жұмысын тоқтатпай келеді. Қор төрағасы Абаған Мұхтархан Мамырбекұлының айтуынша қордың ең алғашқы жұмысы Ресей президентіне хат жазып, Кенесары ханның басын және басқа да ұлтымызға тиесілі жәдігерлерді елге қайтаруды талап ету болған. Онымен тоқтап қалмай үздіксіз хаттар жазылып, петициялар ұйымдастырылған.
«2010 жылы деректі фильм түсіруді қолға алып, 2011 жылы көрермендерге ұсындық. Алыс-жақын шет елдерде халықаралық конференциялар, солардың бірін Қырғызстан Республикасында өткіздік. 2021 жылы маусым айында Ресей өкіметі қазақтың соңғы ханы Кенесары бабамыздың бас сүйегін қайтарамыз деген қуанышты хабар алдық. Бұл жаңалық жалғыз бізге ғана емес, бүкіл қазақ жұртына қуанышты хабар болды деп есептеймін!» - деді өз сөзінде Абаған Мұхтархан мырза.
Алайда Кенесары ханның бас сүйегі қайда? Оның Ресейде екенін атақты тарихшы, ғалым Ә.Марғұлан растаған болатын. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін Санкт Петербург қаласындағы Эрмитажда тұрғанын өз көзімен көрген екен. Алайда 1987 жылға дейін бас сүйек Кунсткамера музейінде сақталып, кейіннен бас сүйекпен қоса Кенесары ханға тиесілі 2 қылыш, құран кітап, хан әскерінің бірнеше туы және 300-ге жуық тарихи жәдігер музейден КГБ-нің құпия «ғылыми-зерттеу институтына» берілген деген де дерек бар. Бұл жайлы осы институтта 20 жыл директор қызметін атқарған Лидия Ахундова хабарлаған. Орталық 1991 жылы жабылған соң, тарихи жәдігерлер Ресейдің Гохранына тапсырылуы мүмкін. Алайда, нақты деректер жоқтың қасы. Бас сүйекті және өзге де жәдігерлерді іздеу және нақтылау үлкен еңбекті талап ететіні анық. Дегенмен жазушы Сергей Марковтың шамамен 1940 жылдарға тиесілі жазбаларына қарасақ хан сүйегінің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл құжат 2014 жылы Омбы қаласының мұрағатынан табылған. Құжатта бірнеше маңызды мәліметтермен қатар «сұлтан Кенесары Қасымұлының уақыт өте сарғайған, маңдай тұсында патшалықтың мөрі басылған бас сүйегі сақталған» деген сипаттамасы қоса жазылған екен. Яғни 1940 жылдарға дейін бас сүйектің Омбыда сақталғаны анық. 1987 жылдан кейінгі тағдыры белгісіз болып отыр.
Дәл осы секілді бастамалар арқасында 2016 жылы 6 қазанда Кейкі батырдың басы елімізге қайтарылды. Профессор, этнограф Нұрсан Әлімбай бас сүйекті Ресейде қабылдап алып, елімізге жеткізді. Торғай даласында, Амангелді ауданында батырдың бас сүйегі арулап жерленген болатын.
Қазақстаннан жан-жаққа таралып кеткен жәдігерлердің нақты санын ешкім айтып бере алмай отыр, тек қана Ұлы Петр атындағы музейдің өзінде қазақ салт-дәстүріне қатысты 1000-ға жуық экспонат сақтаулы көрінеді. Ресей, Қытай, Моңғолия, Франция, Ұлыбритания, Германия, Швейцария, Үндістан, АҚШ және т.б. елдердің музейлерінде қазақ халқына тиесілі артефакттар мен құнды қолжазбалар сақталуда. Мысалы, Франциядағы Лувр музейі мен Санкт-Петербургтегі Эрмитажда Қожа Ахмет Яассауи кесенесіне тиесілі шамшырақтар, Үндістанда Тәуке ханға Әбдірахым ханның жазған хаты, Ресейде Шоқан Уәлихановтың жазғы-қысқы шапандары сақталуда. Бұларды қайтару, әрине, үлкен еңбек пен уақытты талап етеді. 2000 жылдардың алғашқы 10 жылдығында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан тарихына қатысты іздеу жұмыстары жасалған болатын. Соның ішінде жоғарыда айтылып өткен елдерге арнайы экспедициялар жасалып, Қазақстан тарихына байланысты 5000-ға жуық қолжазбалардың көшірмелері әкелінді. Бір ғана Қытай елінен Қазақ еліне қатысты үш жарым мыңға жуық дерек табылған екен. Ал жүздеген деректер Еуропа мемлекеттерінің кітапханаларынан табылды. Қолжазбалар ішінде парсы тіліндегі «Улус-и-арба-йи-Чингизи», «Силсии-ас силатин» секілді түркі ғалымдарының шығармалары бар. Францияның ұлттық кітапханасынан «Тарих-и Туркестан» кітабына қол жеткіздік. Флоренция кітапханасынан «Асрар-Наменг» кітабынның көшірмесін иемдендік. Ал 2008 жылы Алтай тауларынан табылған шамамен 1500 жылдық домбыраны 2017 жылы Моңғолиядан филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы елімізге әкелген болатын.
Қазақ халқы үшін қазіргі таңда Кенесары сүйегін қайтару басты мақсатқа айналып отыр. «Кенесары ханның басын арулап қойған күні қазақтың рухы артады» деген қауесет те ел арасында кеңінен тараған. Әруақты риза ету, қайтыс болған адамның тыныштығын қамтамасыз ету қазақ ұғымында маңызды. Ресей президентінің «қайтарамыз» деген сөзін естігенде әр қазақтың қуанғаны сөзсіз. Алда келе жатқан 2022 жылы Кенесары Қасымұлының туғанына 220 жыл толады екен. Айтулы жылы сәтті жұмыстар жүргізіліп, Кенесары ханның сүйегін елге жеткізіп, арулап жер қойнына тапсырамыз деген сенімдеміз.
Әбләзімова Маржан
"Адырна" ұлттық порталы