Грекияда ауа райының температурасы 45 градустан асып, орманды алқаптарында үлкен масштабта өрт болып жатыр. Пелопоннес пен Родос аралдарындағы ормандар өрттің құшағында қалды. Қазір Грекиядағы алапат өртке әлемнің елдері көмек қолын созуда.
Грекиядағы ауа райының темпетарурасы 1987 жылдан бері мұндай көрсеткішке жетпепті. Осындай қапырықтың салдарынан орманды алқаптарда өрттің қарқыны басылмай тұр.
Қазір Ахея облысындағы Пелопоннесте 3 мың гектарға жуық орманды алқап өртеніп кетті. Сонымен бірге өрт аралдардың маңында жағалай салынған үйлерді де шарпыды. Мемлекеттің төтенше жағдайлар қызметі адамдарды өрт шарпыған аймақтардан эвакуациялап жатыр. Қазір 8 адам өрттен ауыр зардап шегіп, ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Аймақтардағы демалыс орындарындағы туристтердің барлығы да эвакуацияланып жатыр. Родостағы өрттің салдарынан электр құрылғыларының барлығы істен шығып кетті.
Ауа райын болжаушы синоптик мамандар Грекияда ауа райының жоғары температурасы біраз уақыт сақталады деп болжап отыр. Ел үкіметі тұрғындардың бәріне сақтық шараларын қолға алуға шақырды.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы