Ташкенттегі Glamour бутигінің әкімшілігі инстаграмдағы парақшасында итальяндық дизайнер Стефано Риччидің коллекциясына байланысты кешірім сұрады. Бұған дейін бутик әкімшілігі Өзбекстанның гербі бейнеленген аяқ киімнің жаңа коллекциясы туралы хабарландыру жасаған болатын деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "centralasia.media-ға" сілтеме жасап.
Итальяндық дизайнер Стефано Риччи бұған дейін Өзбекстанға арналған коллекциясын жариялаған болатын. Жанжал итальяндық дизайнердің аяқ киімге Өзбекстанның мемлекеттік рәмізін орналастыруына байланысты туындады. Бұл әлеуметтік желілерде наразылық тудырды. Өзбекстан Әділет министрлігі республиканың мемлекеттік рәміздерін қорлауға жол берілмейтіні туралы мәлімдеме таратты.
Ал Glamour бутигінің әкімшілігі: «Біз бұл жағдайға шын жүректен өкінеміз және еліміздің рәміздері бейнеленген элементтері бар кроссовкалардың кез келген моделіне тапсырыс беруден бас тартамыз»,-деп жазды.
Сатушылар бұл коллекция ешқашан бөлшек саудаға арналмағанын, оны тек алдын ала тапсырыс бойынша алуға болатынын айтты. Сондай-ақ олар болашақта мұндай дүниелерді ескеруге уәде берді.
«Барлықтарыңыздың реакцияларыңызға рақмет! Бұл біз үшін өте құнды », - деп жазды Ташкент бутигінің әкімшілігі.
"Адырна" ұлттық порталы.