Бүгін қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 75 жасқа толды

8626
Adyrna.kz Telegram

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Биыл ғарышкер мерейлі 75 жасқа толып отыр.

Ғарышкер жайлы бірер сөз

Тоқтар Әубәкіров Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған. Осы кезде авиация саласындағы ерен еңбегі үшін Тоқтар Әубәкіровке "Кеңес Одағының Батыры" атағы беріледі.

Бұдан кейін 1989 жылы бірінші болып "МИГ-29К" дыбыстан жылдам ұшатын ұшағын "Тбилиси" авиакрейсеріне қондырып, қайтадан сол кемеден трамплиннен ұшып шығады. Бұлайша көкке көтерілу әлемде тұңғыш рет тіркеліп, оның есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылы 25 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшады.

Ғарышкер физикалық дайындықтан бұрын бұл сапарына ғылыми тұрғыда да дайындалады. 300-ден аса ғалым мен мамандар бас қосып, арнайы бағдарлама әзірлейді. Ол бойынша тартылған Аралдың экологиялық жағдайын ғарыштан зерттеу назарға алынады. Сөйтіп ғарыштан Арал аймағы фотоға түсіріліп, ондағы тұздың солтүстік мұзды мұхитқа қарай ұшатыны анықталған.

Бұдан да басқа зерттеулер болған. Оның бәрі әлем назарына ілініп, соңғы 30 жыл ішінде мұндай жаңалықтарды осындай зерттеулері арқылы көрсеткен бірде-бір ғарышкердің болмағаны туралы жазылып, Тоқтар Әубәкіровтің еңбегі жоғары бағаланады.

Міне, қазақтың тұңғыш ғарышкерінің есімі осылайша әлемдік тарихта қалды.

 

Сұхбаттар «сөйлейді»

Тоқтар Әубәкіров: "Жалпы, ғарышкерлердің арасында жазылмаған мынадай заң бар. Ғарыш кемесі көтерілер сәтте "поехали" деп айту керек. Ол сөз Юрий Гагариннен қалған. Бірақ мен осы дәстүрді бұзып: "Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!" — дедім. Қазақша айттым, ол сөздерім таспада бар".

***

"...1977 жылы 17 жолдасымнан айырылдым. Бұл — бір жылдың ішіндегі жағдай. Бүкіл аэродром босап қалды".

***

"Мен отыз жылдай Ресейде қызмет еттім. Атақты Микоян атындағы мекемеде білдей қызметте отырдым. Ол жерде жұмысым құпия еді. Тіпті куәлігімде жәй ғана "жүргізуші" деп жазылған болатын. Бірақ еліме қайтқым келді. Сосын елге оралдым".

***

Тоқтар Әубәкіров Айдын Айымбетов туралы: "Айдын Айымбетов – қазақ азаматтығы бар алғашқы ғарышкер. Бұл біздің отандық Ғарыш агенттігінің ең үлкен жетістігі дер едім. Олар өздерінің позициясын ұстанып, жақсы жұмыс тындыра білді. Әрине, ағылшын туристінің ұшудан бас тартқаны да бізге тиімді болды".

***

"Мен екі рет депутат болдым. Ол кезде мені халық сайлады. Ол кездің депутаттары мен қазіргілерді салыстыруға келмейді. Ол кезде халық сайлайтын. Мені билік қабылдағысы келмесе де, менің туған жерімнің тұрғындары мені сайлады. Оған алғысым шексіз".

 

Тоқтар Әубәкіров туралы қызықты деректер

*Тоқтар Әубәкіров — қаз дауысты Қазыбек бидің тікелей ұрпағы.

*Оның әкесі Оңғарбай мен анасы Кәмила өмірде ұста болған.

*Тоқтар Әубәкіров — әлемнің 256-шы, КСРО-ның 72-ші, Қазақстанның бірінші ғарышкері.

* Бүгін, яғни 27 шілде — Тоқтар Әубәкіров пен қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов туған күн. Қазақтың маңдайына біткен қос ғарышкері бір күнде дүниеге келген.

*Тоқтар Әубәкіров ғарышқа екінші рет ұшуды армандайды.

*"Әлемдегі ең қауіпті жануар – адам" деген оймен толықтай келіседі.

*Ол ғарыш кемесінен бөлек велосипедпен жүргенді ұнатады.

*Марста өмір сүруге қарсы емес.

*Ғарышкер өзге ғаламшарлықтардың бар екендігіне сенеді.

*Халық қаһарманы өмірде тышқаннан қорқады.

*Ғарышкер немересінің есімін өзіне ұқсатып Тоқтар қойған. Толық есімі — Тоқтар Тимурұлы Әубәкіров.

*Қазір Тоқтар Әубәкіров өз қожалығында жылқы өсіреді.

*Елімізде Тоқтар Әубәкіров атында бірнеше мектеп, көше, ауыл атаулары бар. Бірақ қазақтың тұңғыш ғарышкеріне арналған ескерткіш жоқ.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер