Әлемнің 11 үздік университетінен шақырту алған қазақ баласымен сұхбат

14730
Adyrna.kz Telegram

Елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Қазыбек Тоқтаров әлемнің іргелі университеттерінен шақырту алды. Атап айтқанда, Италия, АҚШ, Гонк Конг, Финляндия, Нидерланд және Корея елдерінің ЖОО-лары қазақстандық оқушыны өз студенттерінің қатарынан көргісі келетінін хабарлаған. «Адырна» тілшісі жас дарынмен тілдесіп, алдағы жоспарлары туралы сұрап білді.

«Маған АҚШ-тың Wisconsin-Madison University, Tufts University, Drexel University сынды жоғары оқу орындары, Италияның Padua, Tor Vergata, Messina университеттері, Гонк Конгтың Hong Kong Baptist университеті, Финляндияның Lappeenranta University of Technology, Нидерландының Maastricht, Кореяның Gwangju Institute of Science and Technology және Қазақстанның КАЗГЮУ университеттері толық білім грантын тағайындады. Алдағы уақытта «Сomputer science» бағыты бойынша білім алмақ ниеттемін. Оларға өтініш жіберу кезінде бағдарламаларының тиімділігі мен бірегейлігін басты назарға алдым»,— деді ол.

Әзірге Қазыбек қай оқу орнын таңдайтынын нақты шешпеген.

«Әлі ойлану үстіндемін. Бәлкім, Корея, Америка немесе Италиядағы университеттердің бірінде білімімді жалғыстырамын»,– деп жоспарымен бөлісті жас түлек.

NIS оқушысы бірнеше елден шақырту келетінін алдын ала сезген.

«Гарвардқа түскен досым кеңес берді. Өз мүмкіндігімді арттыру үшін көптеген университеттерге өтінішімді жібердім»,– деді ол.

Қазыбек — республикалық, халықаралық олимпиадалар, жобалық байқаулар мен конференциялардың жеңімпазы.
Музыкаға деген қызығушылығы ерекше.

«Мектепте музыкамен белсенді айналыстым. Зияткерлік мектептің әнұранын орындап, мектептің бас ер вокалисті болдым. «Еco club»-тың, мектеп оркестрінің мүшесімін, түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға қатыстым»,– деді зияткер.

Әңгіме барысында Қазыбек Тоқтаров шетелде оқығысы келетін жандарға кеңес берді.

«Уақытыңызды дұрыс басқарып, тиімді пайдаланыңыз. Ең алдымен жоспар жасаңыз және әр қадамды кезең-кезеңмен орындаңыз. Иә, бұл өмірдегі қиын кезең болуы мүмкін, бірақ барлық жұмыс өз жемісін береді және болашақта ақталады»,– деп сөзін қорытындылады ол.

Әңгімелескен Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер