Шетелге барып демалғыңыз келсе...

3440
Adyrna.kz Telegram

Жазда кез келген адам күнделікті қарбалас тірлік пен жұмыстан бір сәт дамыл тауып, кезекті еңбек демалысын асыға күтетіні рас. Осындайда шет елге шығып, ел көріп, теңіз жағалауында тыныққанды тәуір көреді. Сонымен сіз қайда барып демалғыңыз келеді? Қазір қай елдерге баруға мүмкіндік бар? Қанша қаржы керек? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік...

Бүгінде әлемде көптеген ел карантин шектеуін жеңілдетіп, шетелдіктер үшін шекараларын ашып жатыр. Шенген визаларын беруді қалпына келтіру кеңінен талқылануда. Осы орайда біз қазақстандықтар қазір қандай елдерге барып демала алатыны туралы тарқатып айтып берсек.

Осыған дейін Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рей қазір қазақстандықтарға туризм үшін Түркия, БАӘ, Мысыр, Шри-Ланка, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Грузия, Тәжікстан, Черногория, Армения, Албания шекарасы ашық екенін айтқан болатын.

Бүгінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, қазір Қазақстанда халықаралық рейстер аптасына 40 бағыт бойынша 13 елге қатынайды.

Таңдау және мүмкіндік

Бүгінгі күні қазақстандықтардың ең көп баратын елдерінің бірі Түркияны алып қарасақ, бұл елге Қазақстаннан аптасына 12 рейс жүреді.

Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан - Ыстамбұл бағыты бойынша екі рейс, Алматы - Ыстамбұл - төрт рейс, Алматы - Анталия - екі рейс, Шымкент - Ыстамбұл - екі рейс және Түркістан - Ыстамбұл екі рейс ұшады. Алдағы уақытта әуе рейстерінің санын арттыру жоспарлануда.

Бұл елде қазақстандық саяхатшылардан елге келгеннен кейін карантин талап етілмейді. Алты жастан асқан барлық жолаушы Түркияға келгенге дейін кемінде төрт күн бұрын «саяхатшының кіру формасын» толтыруы керек. Мұны интернет арқылы жасауға болады. Туристерде COVID-19 тестінің теріс нәтижесі бар медициналық анықтама болуы керек. Талдау ұшқанға дейін 72 сағат бұрын жасалуы тиіс.

Бұған дейін елде карантин шаралары қатаң болғанымен, Түркия билігі жазғы туристік маусымға дайын екенін мәлімдеген болатын.

Түркиядан кейін қазақстандықтар жиі баратын елдің бірі — Біріккен Араб Әмірліктері. Бұл ел мен Қазақстан арасына аптасына 31 рейс жасалады: Нұр-Сұлтан - Дубай бағыты бойынша алты рейс, Алматы - Дубай — 10 рейс, Нұр-Сұлтан - Абу-Даби және Алматы - Абу-Даби — 2 рейстен, Алматы - Шарджа — 3 рейс, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал және Қарағанды қалаларынан Рас-эль-Хаймаға бір рейстен орындалады.

БАӘ-ге сапарға шыққандар өзімен бірге ұшудан 72 сағат бұрын тапсырылған COVID-19 үшін ПТР-тестінің теріс нәтижесі бар анықтама алу керек. ПТР-тестінің нәтижесі ағылшын немесе араб тілдерінде басылған нұсқада ұсынылуы тиіс. Қолмен жазылған деректері бар анықтамалар қабылданбайды.12 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ ауыр және орташа мүгедектігі бар адамдар тесттен босатылады.

Дубайда саяхатшылар келгеннен кейін тағы бір COVID-19 ПТР-тестін тапсыру қажет болуы мүмкін. Бұл жағдайда олардан талдау нәтижелерін күту үшін қысқа мерзімді карантиннен өту сұралады. Егер тест нәтижесі оң болса, турист кем дегенде 10 күн ішінде мемлекеттік мекемеде, ауруханада, қонақүйде немесе жеке тұрғын үйде оқшауланады.

Қазіргі таңда Қазақстаннан Мысырға аптасына екі рейс жасалады: Алматы - Шарм-эль-Шейх және Нұр - Сұлтан - Шарм-эль-Шейх (екі рейс-чартерлік, яғни ұшаққа билетті тек турпакет құрамында сатып алуға болады). Оларды «Эйр Астана» мен SCAT орындайды.

Бұл курортқа бару үшін қазақстандықтарға виза қажет емес. Алайда, егер турист Шарм-эль-Шейхтен кетіп, елге барғысы келсе, онда ол келген кезде виза алу керек болады. Оның құны — 25 доллар (шамамен 10 744 теңге).

Сонымен қатар маусымның екінші жартысынан бастап қазақстандықтар үшін тағы бір бағыт - Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан мысырлық Мерса-Матрух курорт-қаласы ашылды.

Шри-Ланкаға бару үшін қазақстандықтарға турагенттіктер тікелей ұшу пакеттерін ұсынады. Бұл елде 7 маусымға дейін толық локдаун болды. Дегенмен қазір

саяхатшылар аралдың халықаралық әуежайларына бірқатар шектеуді сақтай отырып бара алады. Әрбір рейске тек 75 жолаушы, оның ішінде ел тұрғындары мен туристер жіберіледі. Сонымен қатар, барлық жолаушы вакциналаудың болуына қарамастан ПТР-тестін тапсырып, екі апталық карантиннен өтуі керек.

Өзбекстанға елімізден аптасына 24 рейс қатынайды: Нұр-Сұлтан - Ташкент бағыты бойынша алты рейс, Алматы - Ташкент — 14 рейс, Ақтау - Үргенш  — төрт рейс. Uzbekistan Airways — 12 рейс, «Эйр Астана» - 10 рейс, SCAT екі рейс орындайды. Алдағы уақытта Түркістаннан Ташкентке әуе рейсі ашылмақ.

Өзбекстанға барған барлық жолаушы ұшуға дейін 72 сағат бұрын алынған ПТР-тест талдаудың теріс нәтижесі бар анықтаманы (ағылшын немесе орыс тілдерінде) ұсынуы тиіс. Құжат QR-кодты қамтуы тиіс немесе зертхананың ресми мөрімен және дәрігердің қолымен түпнұсқада ұсынылуы тиіс. ПТР-тест тапсырудан екі жасқа дейінгі балалар босатылды.

Ал Ресейге Қазақстаннан аптасына 10 рейс: Нұр-Сұлтан - Мәскеу бағыты бойынша алты және Алматы - Мәскеу бағыты бойынша төрт рейс ұшады. «Эйр Астана» мен «Аэрофлот» әуекомпаниялары бес рейстен орындайды.

Ресейге келетін қазақстандықтар (оның ішінде балалар) келгенге дейін кемінде күнтізбелік үш күн бұрын жасалған COVID-19 ПТР-тестінің теріс нәтижесін растайтын анықтаманы орыс немесе ағылшын тілдерінде ұсынуы тиіс. Егер бар болса, иммуноглобулин G (IgG) антиденелерінің анықталғанын растайтын медициналық құжаттарды да көрсетуге болады.

Украинаға Қазақстаннан төрт рейс: үшеуі Алматы - Киев бағыты бойынша және біреуі - Нұр-Сұлтан - Киев бағыты бойынша орындалады. Олардың үшеуін «Эйр Астана», біреуін Sky Up орындайды.

Ережеге сәйкес, Украинаға кіру үшін сізде Украинада тіркелген сақтандыру компаниясы берген сақтандыру полисі (куәлік, сертификат) болуы керек, ол COVID-19 жұқтырып, ауырып қалған жағдайда емге, бақылауға байланысты шығындарды жабады және Украинада болу мерзімінде жарамды.

Грузияға барғыңыз келсе, шекарадан өтпес бұрын арнайы электронды сауалнаманы толтыру керек, онда соңғы 14 күндегі саяхат бағытын, сондай-ақ Грузиядағы тұрғылықты жері мен байланыс мәліметтерін көрсету қажет.

Саяхатшылар шекарадан өткенге дейін 72 сағат бұрын ПТР-тестінің теріс нәтижесі бар анықтаманы ұсынуы керек. Ал шекарадан өткеннен кейінгі үшінші күні өз есебінен ПТР-тестілеуден қайта өту керек.

Бүгінде Қазақстаннан Грузияға Алматы - Тбилиси бағыты бойынша «Эйр Астана» аптасына үш рет рейс жасайды. Fly Arystan алты рейс: Нұр-Сұлтан - Кутаиси, Ақтау - Кутаиси, Атырау - Кутаиси бағыттары бойынша екі рейс орындайды.

Ал Черногория, Албания, Арменияға Қазақстан азаматтарының кіруіне ешқандай шектеулер жоқ. Дегенмен сақтық шаралары үшін ПТР-тест тапсырып, денсаулықты күткен дұрыс.

Сондай-ақ биыл әлемдегі індетке қарамастан Таиланд билігінің де туристер үшін шекараны ашу жоспары бар. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Пхукет, Самуи және Паттайя шілде айынан бастап туристер үшін аймақтарды мерзімінен бұрын ашу жоспарларын дайындады. Олар вакцина салдырған туристерді карантиннен босатқысы келеді.

Қай елде қанша қаржыға демалуға болады?

Жаз айында қазақстандықтарға шетелде демалуы үшін адам басына шаққанда  шамамен 400 мың теңге қаржысы болуы керек.

БАЭ. Бұл елде демалыс  бағасы 360 мың теңгеден бастап, 600 мың теңгеден асады. Осы ақшаға кіретіні:  7-10 күн 3-4 жұлдызды отельдерде тұрақтау. Ас-суыңызды өз ақшаңызға алып ішесіз. Сондықтан жолға шығар алдында, тамақ пен ойын-сауыққа кетер қосымша шығынды ескеру керек. Шопинг жоспарлаған туристер үшін сауда орталықтарында маусымдық жеңілдіктер қарастырылған.

Түркия. Баға 280-900 мың теңге аралығында құбылады. Ең арзаны – үш жұлдызды отельде тамақсыз  тұрақтауға немесе тек ертеңгі ас ішуге болады.  Қымбатырақ ұсыныстарда бар,  бәрі қамтылған пакетімен  бес жұлдызды отельде жақсы демалып қайтуға да болады.

Египет. Негізінен 3-4 жұлдызды отельдерді ұсынатын турлар сатылып жатыр. Жол шығыны мен 7-10 күнге орналасу құны 365-430 мың теңгені құрайды.

Бағасы 1000 доллардан асатын демалыс орындарына Мальдив аралдары, Таиланд, Доминикан Республикасы мен Шри-Ланка аралы кіреді.  Аталмыш елдерге бару және орналасу орташа құны адам басына шаққанда  –  0,8-1 млн теңге.

Мальдив аралдары. Бұл коронавирус кезінде алғаш  ашылған туристік бағыттардың бірі. Қауіпсіздік және санитарлық шараларының жақсы сақталуы 2020 жылдың жазынан бері осы  курортты қазақстандықтар арасында танымал еткен. Мальдив аралдарына апаратын тур құны отельдердің дәрежесіне және бронь алу күніне қарай 600 мыңнан 2 млн теңгеге дейін құбылады.

Таиланд.  Паттайда демалу, жол шығыны мен сегіз күн демалысты қоса алғанда 700-900 мың теңге кетеді. Ал аралдарда демалыс  бағасы қымбатырақ, 1,5 млн теңгеден басталады.

Шри–Ланка. Тур құны –  600 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін. Бұл сомаға ең жайлы жерде орналасуға болады, оған таңғы ас және кешкі ас кіреді.

Грузия. Тур құны — 238 мың теңге. Бұл елде 7 күн демалуға мүмкіндік бар.

Черногория. Тур құны — 400 мың-450 мың теңге. Бұл елде де 7-10 күн демала аласыз. Бірақ бұл сомаға 3-4 жұлдызды қонақ үйлер кіреді.

Айта кету керек, бұл көрсетілген бағаларға тек Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан ұшу керек. Егер сіз басқа қалада тұрсаңыз, жолақысына қосымша қаражат қажет болады.

Шетелге барып демалғысы келген оқырмандарымызға сәтті және керемет демалыс тілейміз. 

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер