Ақтөбе облысында биыл 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынады

2710
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысында биыл 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Ақтөбе облысының биылғы бес айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.

Облыс әкімі Оңдасын Уразалин мемлекет басшысының азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылуы жайында баяндады.

«Ағымдағы жылдың бес айы ішінде облыста 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл дегеніңіз 1100-ден астам пәтер. Жыл соңына дейін кемінде 1 млн шаршы метр тұрғын үйді - 7 200-ден астам пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осы жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз етуге 5,6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді », - деп хабарлады облыс әкімі.

Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 824 шақырымдық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, яғни газ, су, электр және кәріз желілерін салуға 11,1 млрд. теңге бөлінеді.
Сонымен бірге өңірде үйлерді жаңарту жұмыстары жүргізілуде - жыл соңына дейін 28 жобаны іске асыруға 1 млрд. теңге бөлінді.

Сондай-ақ, тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары  демеушілік қаражатпен де жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Ақтөбе облысының әкімдігі мен ERG корпорациясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жалпы сомасы 540 млн.теңгеге 32 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Маңызды мәселелердің бірі болып әрқашан әлеуметтік нысандардың құрылысы қала береді. Халықты сапалы медициналық қызметтермен толықтай қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы жалпы құны 900 миллион теңгеден асатын 8 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу үшін 4800 балаға арналған 15 білім беру нысаны салынып жатыр, оның ішінде 10 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде бес үш ауысымды, алты жетіспейтін, бір апатты және үш ескі мектептің мәселесі шешіледі », - деді спикер.

Сондай-ақ, облыста спорт нысандарының құрылысы да жалғасуда. Жыл басынан бері роллерлік шаңғы трассасы, триатлон паркі және екі спорттық-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін облыстың тағы үш  ауданында спорттық-сауықтыру кешендерін пайдалануға жоспарлануда.

Пікірлер