Рәмізді аялау һәм құрметтеу адамдық парыз!

4629
Adyrna.kz Telegram

Мұраға қалған мәдениетіміз бен өмірі өшпес өркениетіміз бейнеленген, жүрегіміздің көшірмесіндей болған төл рәміздеріміз- егемендіктің жаршысындай. Дербестікке қол жеткізу қаншалықты қиындықпен келгені елім деген әр перзенттің жүрегінде екені хақ.

Аңсап жеткен тәуелсіздігімізді алған жылы-ақ рәміздеріміз дүниеге келген еді.

Әрбір азамат құрметтеуге һәм мақтан етуге тиіс мемлекеттік рәміздер– Ту, Елтаңба, Әнұран 1992 жылы 4 маусымда қабылданды.

Ұлттық құндылықтармен ғана әлемдік аренада топжара шаба алатынымызды ескерсек, ең әуелі төл рәміздерімізді қастерлеп қана қоймай, Елтаңбамыз бен Туымыздағы бейнелерді тереңінен ұғыну, Әнұранымызды жатқа білу – азаматтық борышымыз.

Қуанышымызға орай, қазіргі таңда Әнұранды жатқа білмейтін адамдар кемде-кем. Ал, Елтаңба мен Тудағы жанды-жансыздар тегіннен-тегін бейнеленбеген.

Туымыздың түсі көк – аспанның түсі. Бұл халықты бейбіт өмір сүруге, көк аспанның астындағы ынтымағы жарасқан ел болуға шақырса, қыран құс еркіндікті, ешбіріне бас имейтін қанымызда бар тектілікті бейнелейді.

Ал күн - береке мен байлық белгісі.

Елтаңбадағы символикалық белгілердің мағыналары да кең. Ең бірінші шаңырақ – көшпелі түркілер үшін қастерлі болған киіз үйдің күмбезі. Тұлпар – сарқылмас жігердің, еркіндікке ұмтылған еріксіз қайраттың бейнесі болып табылады.

Елтаңба авторлары: белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков, Шота Уәлиханов. Ту авторы: Шәкен Ниязбеков. Әнұран авторлар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, Шәмші Қалдаяқов.

Алайда, төрткүл дүниеге тәуелсіздігімізді паш етуші – рәміздерімізді аяқасты етіп, құрметсіздік танытушылар табылып, бір кездері сай-сүйегімізді сырқыратқаны бар. Халық тарапынан дабыл қағылып, тиісті мекемелерге бұл мәселені бей-жәй қалдырмауын сұрағанда, елім дейтін еңселілеріміздің көп екендігіне көзіміз жетіп еді. Кешегі жер мәселесі көтерілгенде де, ардалы азаматтарымыз атқа қонып, көк туымызды қолдарына алып, желбіреткен күйі жүріп өткенде жүрегіміз аттай тулап, рухымыз бір көтеріліп, сол атты азаматтарымызбен бірге шарықтап еді.

Бұл сан ғасырлар бұрын қолдарына жалау ұстап жауға шапқан батыр бабаларымызды көз алдымызға әкелгендей.

Қорыта айтқанда, қай елдің болмасын қадір тұтуы керек мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Оларды құрметтеу ең әуелі рәміздерін құрметтеуден бастау алмақ. Қазақ елі үшін де рәміздерін қадірлеуді жас ұрпақтың бойына сіңіру бүгінгі күннің басты талабына айналуы тиіс.

Себебі, рәміздерімізде тағылымы терең тарихымыз, аңғал, ақкөңіл болмысымыз бейнеленген. Оны ойымызда, жүрегімізде, тілегімізде көтеріп жүру Алла алдындағы адамдық, ел алдындағы перзенттік борышымыз!

Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер