Ресейліктер Қазақстандық өнерпаздар арқылы идеологиясын жүргізуге кірісті

4152
Adyrna.kz Telegram

Жақында ғана Қазақстанға келіп, ИК тобынан сұхбат алған ресейлік танымал видеоблогер, журналист Юрий Дудь енді Димашпен сұхбаттасу үшін Ақтөбеге келмекші екен дегенді естіп қалдым. Дудьтің сұхбаттары мен фильмдерін біраздан бері көріп жүрмін. YouTube арқылы нөлден бастап атақты болған әнші Джастин Бибердің журналистикадағы баламасы деуге болатын шығар.

Бірақ Дудьтің кей сұхбаттарын көріп отырып, оның тасасында Кремль немесе Кремльге жақын топтар тұр ма деген ойға қалдым.
Мысалы Ресейдің басты пропагандисінің бірі Киселёвтен алған сұхбатын көріңіз. Ол сұхбатта Киселёв Дудьті "жеп" қойды. Порвал как тузик грелку. Әр сұхбаттасушысын егжей-тегжей зерттейтін, ыңғайсыз сұрақтарымен бұрышқа тақап алып терлететін Дудь бұл сұхбатта мұғалімнің алдында сүмірейіп тұрған оқушы болып қалды!
Киселёвтің атақты сөзімен айтқанда: Совпадение? Не думаю!
Бұл сұхбат Ресей пропагандасына сын көп айтылып кеткен, басты мемлекеттік телеарналардың рейтингі төмендеген тұста шыққаны да назар аудартады.
Жә, бұл олардың ішкі шаруасы. Айтайын дегенім, соңғы кездері Дудь қазақтарды айналшықтай бастады. Бізге келгіштеп кетті. Ресейдегі қазақтарды түгендеп бітіп, енді Қазақстандағы танымал бола бастаған жас буынға үйірсек болыпты. Ал Дудьтің сұхбат алуы бізге зор мәртебе. Өйткені сол арқылы сені миллиондаған адам танитын болады. Осы жерде меніңше үлкен гәп бар. Қанша жерден айтсаңыз да, Ресейдің медиатұлғалары мен саясаткерлері үшін біз бұрынғы отары, империяның маңызды перифериясымыз!
Сондықтан менің пайымымша, қазір Ресей Қазақстанды өз ықпалынан шығарып алмауға жанталасуда. Ескі буынмен арадағы әңгіме түсінікті. Бірақ уақыт өтеді, сахнаға жаңа буын шығуда.
Енді тәуелсіз елде туып, тарихы мен тағдырын Ресеймен байланыстырмайтын жаңа ұрпақты қалай өзіне қарай бұру керек? Олардың тілін қалай табуға болады? Жалпы олардың көзқарасы қандай?
Бұл сұрақтарға жауап табу үшін және жаңа, жас қазақтарды өзіңнің орбитаңнан шығармау үшін алдымен олардың тамырын басып көру қажет. Неге мәселен Дудь Қазақстан түгілі шетелге танылған Найнти Уан жігіттерінен емес, ИК-дан алды?
Меніңше, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ИК - таза Қазақстанның ішінде танылған, өздерін жастар арасында ерекше танымал К-POP бағытымен байланыстырмаған топ. Екіншіден, Найнти Уан өнердегі бунтарьлар болса, ИК көзқарас, ұстанымдарын өнер арқылы жеткізген бунтарьлар!
Үшіншіден, ИК тобының өкілдері орыстілді.
ИК жігіттерімен болған сұхбаттағы сұрақтардың өне бойынан саяси астарды аңғарған боларсыз? Дудьтің бұл сұхбатында басқа да тақырыпта қойылған сұрақтар мен жауаптардың болғанына, олардың бәрі кесіліп тасталғанына бәс тігемін.
Қателесуім де мүмкін.

Бірақ билігі кешегі империяны көксейтін, көсемі Кеңес Одағының ыдырауын "ең үлкен геосаяси апат" деп санайтын, сәйкесінше бізді тек шикізат шылауы ретінде қарастыратын (Еуразиялық экономикалық Одақтан көріп отырмыз) көршінің аяқ астынан қазақтың жас таланттарына қызығушылық танытқаны, оларды дәріптей бастағаны кездейсоқтық па? Олай емес секілді!

 

Данеш БАЙБОЛАТОВ,

тәуелсіз сарапшы 

 

Пікірлер