Құдабайға құрмет

3559
Adyrna.kz Telegram
Біздің Қаратерең – о баста басшыдан бағы жанған ауыл. Балығы тайдай тулаған Қосарал болған тұста да, ауы мен бауы ортақ Көпбірлік болған кезде де, бұл ауылды мықты азаматтар билепті. Бұрынғы алымды ағаларды бүкіл ел аңыз қылып айтады. Өзіміз де шет жағасын көрдік. Қаратереңнің Жанасыл Әлжанов, Өтенәли Алпысбаев, Әлімжан Жүгінісов, Молдажан Жаппасбаев, Толыбай Ұйқасов, Кешубай Маханов деген білікті басшылары болды. Бірі шаруашылық басқарды, бірі ауылнай қызметін атқарды. Бәрі де көшелі кісілер еді. Қай-қайсысы да Қаратереңнің көшін өрге сүйреді.
Тоқсаныншы жылдардың ортасына таман ауылға Құдабай әкім болыпты деген хабар жетті. Кәдімгі Құдабай Жиенбаев... Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының түлегі. Жап-жас жігіт. Бізден үш-төрт жастай кішілігі бар. Алдымыздан кесе өтпейтін ізетті ініміз. Біз қатарлас Аралбай деген ағасы бар-ды. Жігіттің төресі еді ол. Жиырмаға толар-толмаста әскер қатарында жүргенде аяқ астынан опат болды. Содан соң Құдабайға деген ықыласымыз бөлек-ті. Бірақ өз басым әдепкіде қаршадайынан қалаға тартып отыратын, сәнді киініп, сырбаз кейіпте жүретін ерке де серке Құдабай інімнің бір ауылдың шаруасын шырқ үйіріп әкетеріне аса сене қойғаным жоқ. Ары кетсе әкімдік қызметтің буы бірер жылға жетер, сосын құландай жортқан Қызылордасына тайып тұратын шығар деп ойлағам. Оның үстіне маңдайы кере қарыс анадай айбынды ағалардан кейін әкім болу деген... Әй, шыдамайсың-ау, бала...
Жоқ, біздің Құдаш өйтпеді. Өйтпейтіндей себебі бар екен. Оны ауылдың кетеуі кетіңкіреген сәтте ел ақсақалдары алқалап отырып осы қызметке ыңғайлапты. Әрине, еркіндікті сүйетін бұл алғашқыда ат-тонын ала қашқан. Біраз бұлқынған. Сосын нарық кезеңін ауырсына қарсы алған ауылын басқаруға көнген ақыры.
Сол көнгеннен мол көнді. Көнгенің не, әбден көндікті. Көнтерілі болды да шықты. Қиындықтың бәрін елмен бірге көрді. Жаман атын шығармауға тырысты. Үлкеннің де, кішінің де тілін тапты. Көз алдымызда білікті басшы болып қалыптасты. Құдабайдың тұсында ауыл түрлі сыннан өтті, ақыры еңсесін тіктеді. Кейін бақ-берекесі молайды. Іргеге су келді. Балықтың басы құралды. Жұрттың тұрмысы түзелді. Ақшаңқан үйлер салынды. Жайынбас көліктер босағада тұрды. Бәлкім, бұл қажымай-талмай жұмыс істеген Құдабайдың өмірлік жолының жақсылығы шығар. Ал оның шаруаның көзін білетін іскер әкім болғанына ешкім дау айта алмаса керек.
Қаратереңнің іргесіндегі Көкаралды көруге журналистер келгенде Құдабайдың көзі оттай жанып, өзі қырандай сілкінер еді. Ел тарихын жетік білетін, әңгімені майын тамызып айтатын еңгезердей жігітті әріптестеріміз бірден бауырға тартатын. Ірілі-ұсақты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Аралдағы алып тұлғалы әкімнің имиджі қалыптасқан-тұғын. Елордадағы журналистер кездескен сайын оны сұрап тұратын. Құдабай мен Қаратерең деген ұғымдар бір-бірінің баламасына айналып кеткелі қашан...
Аралдың шежірелі мекені – Қаратереңді ширек ғасырдай басқарған сол Құдабай екі-үш жыл бұрын едәуір науқастанып қалды. Жұмыс-жұмыс деп жаныққанның әсері шығар... Дәрігерлер ем-домын аяған жоқ. Өзі енді-енді ғана оңалып келеді. Орнына тағайындалған жас басшы Серікбай Жұбаниязов ізашар ағасының жолын лайықты жалғастыруда.
Кеше ауданның басшысы Мұхаң, Мұхтар Әуесұлы Қаратереңге арнайы келіп, талай жылғы серіктесіне құрмет көрсетіпті. Жалпы, Мұхаң бұл ауылға жолы түскен сайын әлеуетті әріптесінің халін сұрауды ұмытпайды. Бірақ оның бұл жолғы келісінің жөні бөлек. Құдабай ауданның құрметті азаматы атаныпты. Сөйтіп, көргені көп көшелі басшы біртіндеп тәуірленіп келе жатқан ер-азаматты қолтығынан демеді. Ебіл-дебілі шығып, Кіші Аралдың жағасынан ұзамай, бүкіл өмірін өткізгенін ескергені шығар... Бар болыңыз, Мұха! Сауығып кет, Құдабай! Жақсы күндерде жолығайық! Қаратереңнің жазуға болатын һәм қағазға түспейтін жырдан қызық хикаялары туралы сағаттап отырып әңгімелесетін боламыз әлі...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер