Әлем секунд сайын өзгеріп жатыр. Біздің миллиардерлер неге сонша сараң?

4594
Adyrna.kz Telegram
Әлемдегі ең бай интернет сауда платформасы Amazon-ның негізін қалаған Джефри Безосты білесіздер. Миллиардер. Технократ. Интернет саудадан бөлек 2000 жылы “Blue Origin” атты жеке компания құрған. Мақсаты ғарышты зерттеу.
2021 жылы 21 шілдеде Джефри Безостың “Blue Origin” компаниясы 6 туристі ғарышқа шығармақшы. Қазір компания жасап шығарған “New Shepard” ғарыш зымыраны сынақтан өтіп жатыр. Компания 15 рет кезекті сынағын сәтті өткізді. Бұл ракетаның ерекшелігі туристер отырған капсуланы 115 км биіктікке алып ұшады. Діттеген нүктеге жеткенде капсуладан бөлініп, ұшқан жеріне қайтадан қонады. “SpaceX”-тың көп рет қолдануға болатын “Falcon9” ракетасы іспеттес. Ракетадан бөлінген туристер мінген капсула ғарышта қалықтап, айналып ұшып, қайтадан жерге қарай құлдилайды. Тиісті нүктеге жеткенде парашюттер ашылып жерге қонады.
Негізі АҚШ армандар орындалатын ел деген атына лайықты мемлекет. Тілі бай, тарихы терең ел ғой. Бұлардың байлары да ақылды адамдар өзі. Біздің байлар жарыса мешіт салады. Кезіндегі Осман империясының мешіт салып жарысқан пашалары секілді. АҚШ-тың байлары ғарышты зерттеуге, ғылымға, технократтарға инвестиция құяды. Адамның ойына келмейтін дүниелерді іске асырады. Үкіметтен де көмек сұрамайды. Кедергі келтірмесең болды бастысы.
Сонымен Джефри Безостың “Blue Origin” компаниясын назарда ұстаңыздар. 2021 жылы ғарышқа турист алып ұшқан жеке компания ретінде тағы бір адамзат баласының тарихын жазады. Тарихты жазуын жазады ғой. Бұлар біздің “Байқоңырды” Роскосмоспен қоса тірідей өлтіретін болды. Бұл аксиома.
“NASA” мен “SpaceX”-ті былай қойғанда жеке кәсіпкерлердің компаниялары біздің тұтас мемлекеттік бағдарламаларымызды басып озды. Алысқа кетті. Бұлай жалғаса берсе “Вечно догоняющий” экономикасы бар елдің деңгейінде қала береміз. Бұның басқа жолы жоқ. 
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер