Осы жылдың ақпан айында Алматы облысы әкімінің қабылдауында "Asyl Analar" қоғамдық қорының өкілдері тігін цехын іске қосу үшін жабдықтар сатып алуға көмек көрсетуді сұрады. Бұл бастаманы өңір басшысы Амандық Баталов қолдап, жақын арада көп балалы және аз қамтылған аналарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы тігін цехы ашылатынына уәде берді. Уәде ұзаққа созылмады және бүгін оның салтанатты ашылуы болды.
"Жетісу" ӘКК "РИР" АҚ тапсырмасын орындау аясында тігін цехын орналастыру үшін қалада үй-жай таңдалды. Демеушілік қаражат есебінен тігін кәсіпорнының толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жабдықтарды толық жабдықтау мен жөндеу жұмыстары жүргізілді. ӘКК "Jack" әлемдік бренді өндірген заманауи өнеркәсіптік тігін жабдығының 12 бірлігін және басқа да қажетті жабдықты сатып алып, қаржылық лизингке берді. Цех "ателье" форматында жұмыс істеп, әйелдер мен ерлердің киімдерін тігумен, кез келген күрделі бұйымдарды қалпына келтірумен және жөндеумен айналысатын болады", - деді "Жетісу" ӘКК "РИР" АҚ ресми өкілі Диас Бейсенбек.
Цехта 21 көп балалы ана мен әйелдер жұмыспен қамтылып, одан әрі 30-дан астам жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын әлеуметтік осал отбасылардың өмір сүру сапасын арттыруға және олардың экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған.
Белгілі болғандай, "Asyl Analar" қоғамдық қоры 2020 жылдың қараша айында көп балалы аналар мен аз қамтылған әйелдерге жұмысқа орналасуға жәрдемдесу мақсатында ашылды.
"Бүгінгі таңда біз демеушілік көмектің арқасында мұқтаж отбасыларға көмір, отын, азық-түлік, киім-кешек жағынан көмек көрсетеміз. Біздің көп балалы аналар үшін мүмкін емес ештеңе жоқ, олардың барлығы өте дарынды. Сондықтан біз қашанғы үнемі көмек сұрап, өмір сүреміз деп ойладық. Ақылдасып, әрқайсының қолынан келетін іспен айланысайық деп шештік. Нәтижесінде біз тігін цехын аша аламыз деген қорытындыға келдік. Ең алдымен, Мемлекет Басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевқа көп балалы отбасылар мен жалғыз басты аналарға қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Амандық Ғаббасұлы, соның арқасында 30 әйелдің жұмысы болады. Әрине, оныі ініде "Жетісу" ӘКК бар. Олар бізге осындай жарық, үлкен бөлмені ұсынды, жабдықтады. Сіздерге алғысымыз шексіз", - деді "Asyl Analar" қоғамдық қорының төрағасы Талшын Түктінова.
Жас маман Айгерім Асанова да өз әсерімен бөлісті:
"Бірінші кезекте мен "Asyl Analar" қоғамдық қорын көпбалалы аналарға арналған осы тігін цехының ашылуымен құттықтаймын. Бұрын мен жұмыс істемедім, бала тәрбиесімен айналыстым. Төрт ұлым бар. Ең үлкені 12 жаста, ал ең кішісі 2 жаста. Мен жалғызбасты анамын және тұрақты табысым болуы аса маңызды. Тігін тігуді мектеп бітіргеннен кейін үйрендім, енді өз шеберлігімді тәжірибеде шыңдайтын боламын", - дейді көп балалы жас ана.
Айта кету керек, бүгінде жаңа цехтың тігіншілері "Талдықорған көркейту"ЖШС қызметкерлеріне қажетті медициналық маскалар мен формалар тігуге кірісті.