Каспий теңізінде экологиялық апат болуы мүмкін. Бұл туралы экологтар мен қоғам белсенділері айтты, - деп хабарлайды tengrinews.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындар теңіз біртіндеп таяз болып бара жатқанына алаңдаулы. Оған NCOC компаниясының түпті тереңдету жұмыстары себеп болған. Консорциум қайраңда (құрлықтың теңізге түйісетін тұсында-еск.) екі ірі канал қазуды жоспарлап отыр, себебі теңіздің таяз болуына байланысты ауыр кемелер мұнай нысандарына бара алмайды.
Ал белсенділер бұл экожүйеге кері әсер ететініне сенімді. Балықтар азайып, климат өзгеріп, жергілікті тұрғындардың денсаулығына зиян келеді.
Мамандар түпті тереңдету жұмыстары Каспийдің солтүстік-шығысының экожүйесін толығымен жойып жіберетініне сенімді. Эколог Галина Чернованың сөзінше, бекіре тұқымдас балықтардың 90 пайызы су қоймасының осы бөлігінде.
«Олар зиян келетінімен келісіп отыр. Бекіре тұқымдас балықтардың аналығы жойылып, біз кем дегенде 54 тонна қара уылдырықты жоғалтамыз. Жоба барып тұрған абсурд. Олар біздің өмір сүру кеңістігімізді бұзады және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсер етеді. Біз бұл жобаны зиян және қауіпті деп тануды талап етеміз!», - дейді Қазақстанның ҮЕҰ экофорумы үйлестіру кеңесінің мүшесі.
Қазақстандықтар түпті тереңдету жұмыстарын тоқтату туралы петиция шығарды. Петицияға қол қойған 15 мыңға жуық адам су қоймасының солтүстік-шығыс бөлігіне ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде тануды және түбін құрғатуға және тереңдетуге мораторий енгізуді сұрайды.
«Бір арнаның ені 80 метрден 115 метрге дейін жетеді. 18,5 миллион текше метр топырақ алынады. Жер көтерілетін аймақ - 29 миллион шаршы метр. Тереңдетілген жағдайда балықтар жойылады», - делінген петиция мәтінінде.
Алайда Экология министрлігі ұзақ үнсіздіктен кейін бұл жоба қоғамдық тыңдауларда талқыланғанын мәлімдеді. Оң қорытынды, ескертулермен бірге, ведомстводан тыс кешенді сараптама жасалған. Жалпы консорциум барлық келтірілген залалды өтеуге дайын.
«Арна құрылысы барысында балық ресурстарына келтірілетін зиянға келетін болсақ, жоспарланған жұмыстарды жүргізу кезінде жобамен (NCOC) теңіз экожүйесін сақтау және қоршаған ортаға әсерін төмендету үшін табиғатты қорғау шараларының кешені қарастырылғаны құжатталған», - деп мәлімдеді экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов.
Бірақ табиғат қорғаушылары Каспий теңізі мәселесіне сырттан сарапшылар тарту қажетін айтады.
«Меніңше, бұл жобаның тиімділігі негізделетін ғылыми консилиум құру қажет. Ол экологияға қаншалықты өзгерістер енгізе алады», - деді Kаz ECO PATROL қоғамдық қозғалысының жетекшісі Тимур Елеусізов.
Ал қазақстандық шенеуніктер экологиядан теңіздің таяздануы табиғи құбылыс екенін айтады. 20 ғасырда оның деңгейі өзгеріпті-мыс.
Алайда жергілікті тұрғындар мұндай мәлімдемеге сенбейтіндерін айтады.
«Бізге бұрын ештеңе болмайды деп айтатын. Содан кейін итбалықтар өлді, бекіре жоғалып кетті, теңіз тартылды. Жас кезімде Дамба ауылында балық аулайтынмын. 2006 жылдан бастап су жағадан 20 шақырымға тартылып кеткен. Егер арна қазылса, балық уылдырық шашуға Оралға түспей ме деп қорқамын. Сондықтан біз оған қарсымыз. Біздің ауданда қызыл балық 20 жылдан кейін мүлдем жоғалып кетті. Егер бұл арна салынса, тірі ештеңе қалмайды», - дейді тұрғындар.
Неміс ғалымдарының пікірінше, 2100 жылға қарай Каспий теңізіндегі су деңгейі 18 метрге төмендейді. Ал оның аумағы үштен бірге қысқарады. Егер бұл болжамдар орындалса, Каспий Арал теңізінің тағдырын қайталауы мүмкін.
"Адырна" ұлттық порталы