Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады. Құттықтаудың мәтіні Ақорда сайтында жарияланды.
"Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тұңғыш президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белгіленген бұл мереке ғасырлар бойы қазақ жерінде берік орныққан достық пен ауызбіршілік, өзара құрмет пен сенім сияқты қастерлі құндылықтарға негізделген", - деді Тоқаев.
Ол Тәуелсіздік кезеңінде негізі қаланған "әралуандығымыз – бірлікте" қағидаты Қазақстанның сан қырлы мәдениеті мен дәстүрін баға жетпес байлығымызға айналдырғанын атап өтті. Ырыс-ынтымақ пен отаншылдық рух ұлттық кодымыздың ұйытқысы болып отыр.
"Халқымыздың әділетті әрі дамыған мемлекет құрып, елімізді өркендету жолындағы мүддесі ортақ. Біз қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің, өзара қолдау мен жасампаз еңбектің арқасында кез келген қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Әр шаңырақта татулық пен өзара түсіністік болсын!", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.
Қазақстан халқының бірлігі күні 1996 жылдан бастап 1 мамырда аталып өтіп келеді.