Екі жарым мыңға жуық азаматқа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді

2940
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте 2021 жылдың 3 айлық қорытындысы бойынша 2 386 азаматқа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілген. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына бағынысты 9 мекеме басшыларының 1-ші тоқсанда атқарған жұмыстары мен жоспарлары туралы есеп беруі барысында мәлім болды.

Атап айтқанда, стационар жағдайындағы ересектерге арналған психоневрологиялық орталықта – 460 адам, балаларға арналған психоневрологиялық орталықта – 146 бала ем қабылдаған. Ал жартылай стационар жағдайындағы коммуналдық мемлекеттік мекемелерде 349 адамға қызмет көрсетілді. Оның ішінде күндізгі қатынау бөлімшелерінде 170 бала арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылды. Сондай-ақ, 74 зейнеткерге қызмет көрсетілген.

Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтарда психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға және өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті 1-2 топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

Сонымен қатар, әлеуметтік сала мамандары жыл басынан бері 700-ден астам азаматқа үйлеріне барып қызмет көрсеткен. 169 мүгедек бала мен жасы 18-ден асқан психоневрологиялық аурулары бар 85 мүгедек азамат тұрақты күтімге алынды. 402 жалғызілікті қарт пен І, ІІ топтағы 78 мүмкіндігі шектеулі азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды.

Қазіргі таңда уақытша әлеуметтік қызметтер көрсету жағдайындағы 2 коммуналдық мемлекеттік мекемеде 273 адам қызмет алуда. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен белгілі тұрағы жоқ жандар да арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Пікірлер