М. Әйтенов: Халыққа вакцина егудің маңыздылығын қарқынды насихаттау керек

2491
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласында пандемияға байланысты құрылған жедел штабтың кезекті отырысында COVID-19-ға қарсы іс-қимылдың нәтижелері, вакциналау, тағы басқа мәселелер талқыға түсті.

Қазіргі таңда әлемде эпидемиологиялық ахуал күрделі. Елімізде де «қызыл аймаққа» кірген өңірлердің қатары артуда. Шымкент қаласы Павлодар, Қызылорда, СҚО және Маңғыстау облыстарымен бірге «сары аймақта» тұр.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһарда эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түскенін айтып, тұрғындар арасында бетперде режимін сақтау, коронавируспен күресте вакциналаудың маңызды екенін айтты.

– Індетті жеңудің жолы – вакциналау. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, екпе егу жұмыстарын қарқынды жалғастыру қажет. Вакциналаудың маңыздылығы бойынша насихат жұмыстарын күшейту керек. Екпе егілген азаматтардың жағдайын біліп, солардың пікірін беріп отырайық. Сонымен қатар, вакциналау іс-шараларын насихаттауға бас дәрігерлердің де қатысуын қолға алыңыздар. Қалада індет жұқтырғандар саны күн сайын артып отыр. Бұл қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы коронавирусқа қарсы вакцинацияны қабылдау, – деді қала әкімі.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б. Позиловтың айтуынша, бүгінде Шымкент қаласында жалпы коронавирусқа қарсы екпенің 1-ші компоненті 13 087 адамға адамға, екінші компоненті 5307 адамға егілген. Биыл жыл басынан бері 1872 адам ковид инфекциясын жұқтырған. 21 адам қайтыс болды.

– Шымкентте 7 сәуірден бастап барлық санаттағы адамдарға екпе салынып жатыр. Қалаға 30 мың доза вакцина келді. Екпе егу сенбі, жексенбі күндері де, таңғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін жүргізіледі. Әзірге 37 бекет жеткілікті. Бекеттің ішінен тағы қосымша бөлімдер ашып жатырмыз, – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, өткен тәулікте КВИ-дің 72 жағдайы тіркелді: белгілері бар - 50, белгілері жоқ - 22. 18 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 54 адам үй бақылауына алынған. Қазіргі таңда мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 1010 орын бар (қалалық инфекциялық орталық – 490, «Атамекен» клиникасы – 450, Орынбай ГБОО - 70 орын).
Инфекциялық стационарда 260 науқас емделуде (КВИ-153, пневмония- 99, ЖРВИ- 8), жан сақтау бөлімінде - 10 (5 ИВЛ, 5 НИВЛ).

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер