Ежелгі Грекияның көрнекті өкілі Фалес Милетский теріге үйкелген янтардың электрленгенін байқаған. Бұл шамамен біздің заманымызға дейінгі 600 жылдардың шамасы болу керек. Дәл осы уақытта қазақ даласында шопанның бәйбішесі қой жүнін түткен уақытта сабаудың ұсақ қиқымдарды бойына тартатынын аңғарған. Содан бері талай дәуір өткенге кетті. Электр қуатын бағындыру талай сатыдан өтті. Адамзат сол қуатты бірнеше көзден алуды үйренді. Бұрын өзен ағындарын, қатты һәм өзге де жанғыш материалдардың көмегімен қуат алса, қазір күн, жел сынды сарқылмайтын энергия көздерін пайдаланып келеді. Электр энергиясын игеру арқылы адамзат айшылық алыс жерлерді бағындырды, жерді қойып ғарыш кеңістігіне бой ұрды. Тіпті, дәуіріміздің миы миллионға бағаланған Илон Маск пендеге дыбыстың жылдамдығы былай тұрсын, сәуленің жылдамдығын бағындыруға мүмкіндік ашуда. Қарап тұрсақ, адамзат электр энергиясын игермегенде бүгініміз ертегі мен аңыздардың ғана желісі болып қалушы еді. Бірақ, электр энергиясының шығу көзін тапқанмен, бұл жетістіктің бәрі сол энергияны сақтау мүмкіндігі пайда болғанда ғана қиялдан шындыққа айналды. Қарапайым мысал, қазір әркімнің үйінде іштен жану двигателімен жарақталған көлік бар. Электромобильді кімнің қалтасы көтере қойсын. Кәдуілгі көлікті жүргізу үшін қуат керек. Былай айтқанда электр энергиясы сақталған қор - батарея. Ол болмағанда машинаңыз көлік емес, безендіре жасалған темір қобди-дағы. Нысанамызды аңғарған боларсыз?! Әрине, қуат батареялары немесе аккумуляторлар. Жай ғана аккумулятор емес, Қазақстанның локомотивіне айналған «Қайнар» зауытының өнімі жайында. Кәсіпорынның тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған белесі хақында. Жуырда атаулы кәсіпорынға атбасын бұрып, зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық...
Қуаты қайнаған өндіріс орны
Біреу білмес, біреу білер, 2017 жылы Африка құрлығындағы Бенин елінің темір тұлпарлары BARS Asia маркалы аккумуляторларды пайдаланды. Көліктер емес әрине, Бенин тұрғындары десек, дұрыс болар. Қара материктің өзінен сұраныс тудырған шағын ғана Талдықорған деген қаладан шығатын бұл аккумуляторлар талайды тамсандырып, талайды сүйсіндіріп жүр. Оны сезінуге аса үлкен түйсік те керек емес. Жай ғана сандарға үңілсе жетіп жатыр. Зауыт өнімінің 70 пайыздан астамын экспортқа бағыттайды. Әлеуеті Еуропа мен Азияға қауқарлы Ресей мен экономикасындағы қандай да бір іс-қимыл Еуразия емес, мұхит асып әсер ететін Қытай тұрғанда мұндай қауқарлылық қайдан болсын деуіңіз де мүмкін. Нарықтық экономика заңына сай сапа мен уақыт талабымен үндесу зауытты осы деңгейге жеткізіп отыр.
«Мәскеу де бірден тұрған жоқ» деген тәмсіл бар ТМД халықтарында. Ол рас, зауыттың өткені коммунистік идеологияның ұраны жүріп тұрған дәуірден бастау алып, ел тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға бет бұрған кезеңдерді бастан өткерді. Алмағайып уақыттарда тынысын тарылтпаған өндіріс орны талай қиындықты еңсерді. Сылдыр сөз арасына сан қоссақ мәйектірек болар, зауыттың іргесі сонау 1970 жылдары қаланды. Алғашқы өнімін 1975 жылдың 13 қаңтарында шығарды. 6 С-75 ЭМ маркалы аккумулятор батареялары сол уақыттың сұранысына орай шығарылған еді. Жалпы алып КСРО құрамындағы елдердің ішінде «Қайнар» зауытымен қатар 4 өндіріс орны жұмыс істеп тұрды. Кейін Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Қиын қыстау кезеңдер туды. Бір тұралап, қайта қалпына келген зауыт нарықтық экономикаға әбден бейімделді. Бүгінде кәсіпорын Қазақстанның кез келген бұрышында өнімін тұтынушыға ұсынып келеді. Мұнан бөлек алыс-жақын 15 мемлекетпен байланыс орнатқан. Олардың қатарында Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей, Қытай, Польша, Италия, Ауғанстан және ТМД елдері бар. Демек, «Қайнар» зауытының өнімін осы елдегілер пайдаланады деген сөз. Жоғарыда айтқанымыздай, Ресей нарығында талды қаладағы зауыттың өніміне сұраныс басым. Соған орай, «Қайнардың» Ресейдің Мәскеу, Екатеринбург, Новосібір, Санкт-Петербор, Челябі қалаларында өкілдіктері ашылған. ТМД көлемінде ғана емес, Еуропа мен Азияның қажеттілігін өтеп отырған «Ростельмаш», «КамАЗ», «МАЗ», «ОралАЗ», «Белаз» сынды алпауыт машина құрастыру консерндері тікелей «Қайнардың» өнімін пайдаланып келеді. Осындай алапат жұмыстардың нәтижесінде кәсіпорын еуропалық ICO 9001:2000 сапасына қол жеткізген. Бүгінде зауытта 1200-ден астам адам нәпақасын тауып жүр. Демек осынша отбасына кәсіпорын «азық» болуда. Тіке мағынасында емес, зауыттың қызметкерлері әжептәуір жалақы алады. Ішінара қызметкерлеріне қолдау білдіріп те отырады.
«Құрыш қалай шынықты?»
Зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстыру кәсіпорын басшылығы тарапынан өндіріс директорының орынбасары Сейдахмет Жұмаханұлына тапсырылған екен. Ол саналы ғұмырының 34 жылын осы зауыттың «отымен кіріп, күлімен шығуға» арнап келеді.Мамандығы – электр-химия инжинері, Қазақ химия технологиялар институтын тәмамдаған Секең Кеңес үкіметі тұсында осында жас маман ретінде жолдамамен келген.Осындай азаматтардың арқасында шынын да зауыт алпауыттармен иін тірескен кәсіпорынға айналған. С.Жұмаханұлының айтуынша, кәсіпорын басшылығы жастарды тәрбиелеуде, оларды зауыт жұмысына баулуда көпшілікке үлгі боларлықтай қарекет етуде. Байқағанымыздай, зауыт цехтарында тер төгіп жүрген жастар көп. Солардың бірі – Қанат Байытбеков. Жас маманмен сөйлесіп көрдік. Жұмысқа орналасқанына жарты жыл болған жас жігіт цех құлағында ойнап тұр. Құдды шикізатты даяр өнімге айналдырған алып аппарат мұның ырқына әбден көніп алғандай. Әр тетігін басқан сайын тапсырмасын мүлтіксіз орындап тұр.
- Азғантай уақытта ұжымға «тастай батып, судай сіңіп» кеттік қой. Аға буын өкілдері білгенін үйретіп, кемшін тұсымызды түзеп отырады. Жастарда жалын бар, тек сол жалынды қолайлы пайдаланғандар жарқылын көрмек. Зауыт басшылығы жастарды қолдауды бір жолға қойған. Жұмысым аса ауыр емес. Негізі махаббатпен істелген қай іс те өнімді болады ғой, - деді Қ.Байытбеков.
- Зауыт 70-тен астам өнім шығарады. Аккумулятор батареялары әр салаға бейімделіп жасалады. Біздің өнімдер әскери қорғаныс және ауылшаруашылығы техникаларына, теміржолға, жүк көліктеріне, жеңіл көліктерге арналған. Кәсіпорын жыл өткен сайын жаңашыл техникаларға толығуда. Автоматтандырылған аппараттар ондаған адамның қолын байлайтын ескі цехтардың орнын алмастыруда. Жаңашыл техниканы жастар тез меңгереді ғой. Мағжан ақын «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін», - деген ғой. Біз де жастарға сенеміз. Басшылық оларға үлкен сенім артады. Өзіміз де жас болып келдік, қазір аға буынға айналдық. «Жас келсе іске» деген, олар қай істі де ұршықша иіріп әкетеді, - деді Сейдахмет Жұмаханұлы.
Еңбек өнімділігін автоматтандыру арттырады
Біздің қоғам тұтынушылыққа көп арқа сүйейміз. Шынын да солай ғой. Бір өнім жасағаннан гөрі сатып алғанды құп көреміз. Қалтада ақша болса болды деген таным. Базар барғанда не дүкен аралағанда белгілі бір бұйымның арзанына жүгіретініміз тағы бар. Неден жасалған, қалай жасалған, кім жасаған, бас қатырмаймыз. Мысалы, көлігіңіз қыс бойы қинап шықты. Бірден отала қоймайды. Анда апардыңыз, мында апардыңыз. Мамандардың айтуынша, гәп аккумулятор батареясында. Содан базар бардыңыз, керектіні саудаласып жүріп, ең төмен бағасындағысын алдыңыз. Бастысы көлік жүрсе болды. Ал сіздің көлігіңіз қалтқысыз оталып, тоқтаусыз жүруі үшін аккумуляторыңыз дайын өнім болғанша қанша кісінің қолынан өткенін де білмейсіз. Соған тоқтала өтейік...
Дайын өнім сауда сөресіне түспес бұрын біраз сатыдан өтеді. Әуелгі жұмыс пластмасса құю цехында басталады. Бұл цехта 102 адам жұмыс істейді. Мұнтаздай таза биік ғимарат ішінде 35 құйма аппарат қалтқысыз жұмыс істеп тұр. Басты шикізат пластмасса түйіршектері. Ол – Корей елінен алынады. HAITIAN балқыту және құю аппараты әп сәтте түйіршектерді қалыпта балқытып, тиісті жәшікке айналдырады. Бұл цехта аккумулятор жабындысынан бөлек, сол аккумуляторлардың құлағы, тығындары, қақпағы даярланады. 35 аппарат тынымсыз жұмыс істейді екен. Тек адамдары кезекпен, яғни үш ауысыммен жұмысшы бригадалары 24 сағат бойы аппараттарға тыным бермейді. С.Жұмаханұлының айтуынша, сұраныстың артуына байланысты жаңадан 12 аппарат әкелініпті. Жуырда іске қосылады олар да. Айтпақшы, пластмасса түйіршектеріне сұранысқа сай әртүрлі түс беріледі екен. Сол маңда аянбай жұмыс істеп жүргендердің бірі - Жазира Шахиева. Өз ісінің білгірі деген ой туды санада. Көз ілеспес жылдамдықпен жұмыс істеп тұрған маман бірер минутта бірнеше пластмасса жәшікті даярлап тастады.
- Жұмысым өзіме әбден ұнайды. Машықтанып алдық. Жылы әрі жайлы жерде кімнің де болмасын жұмыс істеуге ынтасы артады емес пе? Бүгін жеңіл көліктердің аккумулятор батареяларына жабын даярлап жатырмыз. Сегіз сағат тапжылмай жұмыс істеу түк емес. Өйткені уақытылы әрі сапалы тамақтанамыз. Медицина қызметкерлері денсаулығымызды үнемі бақылауда ұстайды. Бізден талап – сапалы жұмыс, - деді Ж.Шахиева.
Мұнан кейін аккумулятор жабындары тесу-кесу цехына ойысады. Бұл жердегі ZesaR Natek атаулы түрік қондырғысы әуелі батарея жабындарының бүтіндігін тексеріп, содан соң, жабын ішінде электрлік байланыс көздерін даярлайды. Цехтан кері қайтқан өнім аз. Өйткені заманауи техникалар қалтқысыз жұмыс істейді.
Қорғасын балқыту және плитка құю цехы зауыт орналасқан 22 гектар аумақтың ең ытық аумағы екен. Алаулаған от қорғасынды балқытып, 10 аппарат аккумулятор ішіне салынатын плиткаларды әзірлейді. Бұл жерде одан өзге қорғасын лентасын әзірлейтін екі бірдей алып қондырғы бар: бірі Италия елінен келген, екіншісі канадалық. Екі қондырғы да жүрек дүрсіліндей тынбастан жұмыс істейтіні аңғарылып тұр. Біз барған уақытта да жүрісінен танбады. Дайын болған қорғасын плиткалар майлау цехына өтеді. Бұл цехта плиткалардың бетін сылақ жаққандай арнайы қоспаны жағатын қондырғылар орналасқан.
Дайын болған қорғасын плиткалары құрастыру цехына өтеді. Ең алғашқы пластмасса цехынан келген аккумулятор жабындары мен плиткаларды біріктіретін цехта ұзын саны 7 қондырғы орналасқан. Нағыз конвейер. Айтпақшы, бұл жердегі аппараттардың төртеуі толық автоматтандырылған. Өзі Аустрияның өнімі екен. Адам күшін аз қажет етеді. Бұл маңда жұмысшылар көбіне-көп бақылаушының қызметін атқаратындай. Ал қалған 3 қондырғы италиандық, жартылай автоматтандырылған. Атаулы цехта әр қондырғы бойында 8 адамнан бар. Олар келген дүниелердің көп бөлігін қолдан жинайды. Бұл бөліктен шыққан өнім қуаттау цехына өтеді. Бір мезетте қуаттау цехына 12 мың аккумулятор орналастырылады.Мұнан соң соңғы тексеріс, сапа бақыланады, өнімнің бүтіндігі тексеріледі де, жүк тиеу аймағына жіберіледі.
Қалдықсыз өндіріс - қауіпсіздік кепілі
Зауыт басшылығының негізгі ұстанымы қоршаған ортаның қауіпсіздігі. Әдетте ірі өндіріс орындары маңайындағы табиғатқа орасан шығын әкеп жатады. Ал «Қайнар» зауыты қайта өңдеуді де қолға алған. Мәселен, сіздің көлігіңіздің аккумуляторы істен шықты. Жаңасын алдыңыз делік, ескісін далаға тастамайсыз. Арнайы диллерлерге өткізесіз. Олар зауытқа қайта әкеледі. Күллі Қазақстан бойынша қалыптасқан жүйе осылай. Кәсіпорында жарамсыз дүние қайтадан пайдалы өнімге айналады. Бір аккумуляторды жасау үшін бес түрлі қоспа пайдаланылады. Оның бәрі кәдеге жарайды. Ескі һәм жарамсыз батареялар өңдеу цехына әкелінеді. Алып қондырғы әр материалды бөліп, құю цехтарына жөнелтеді.
Кәсіпорынның жасыл экономикаға бағыт алғанын ішінде жүріп көз жеткіздік. Адам бойынан сәл ғана биік шыны білеулер арқылы зауыттағылар суды жылы күйінде пайдаланады екен. Бұл білеулер суды күн көзімен жылытатын қондырғы екен. Мұнан бөлек, зауыттағы техникалар да, қондырғылар да табиғи газбен және электр жарығымен жұмыс істейді. Демек, ауаға да зиянды заттар тарамайды деген сөз.
- Қоршаған ортаның бүлінбеуін жіті назарда ұстаймыз. Аккумулятор құрастыруда химиялық көптеген элементтер қолданылады. Зауыт басшылығы қалдықсыз өндіріс жасау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Табиғаттың амандығы – адам саулығының кепілі. Біздегі қызметкерлердің де денсаулығы үнемі бақылауда. Әлсін-әлсін медицина қызметкерлері жұмысшылардың саулығын тексеріп отырады, - деді Сейдахмет Жұмаханұлы.
Өнімде сапа болғанда сұраныс артады
Дайын өнімнің тиісті орынға бұзылмай, бүлінбей жеткені де олжа. Мәселен, сауда сөресінде шеті мүжілген болмаса сыртқы жапсырмасы мыжылған, жабыны тілінген дүние тұрса сатып алмайтыныңыз тұр ғой. Нарық заңына сәйкес,сыртқы жабын көз тартарлықтай болуы керек. «Қайнар» зауытында тауарды бүлінбеуі үшін арнайы цех жұмыс істейді. Олар дайын өнімнің астына, үстіне және жанына салынатын қорғаныш құрылғыларын даярлайды. Жастайынан зауыттың тыныс-тіршілігіне араласып жүрген Дүйсенбек Айтбеков бас-көз болып отырған ағаш цехы біраз шаруаны еңсеріп отыр. Қырық жылдан астам еңбек етіп келе жатқан аға шебер Дүйсекең бастаған шеберлердің қолынан поддондар даярланады. Поддондар аккумуляторлардың астына төселеді. Мұнан бөлек, зауыт өнімі қанша жерден төрт бұрышты болғанмен, оның құлағы, тығындары болады. Олардың зақымданбауы үшін ағаш цехтан тіреу бұйымдары жасалады.
Мұнан бөлек зауыт ішінде энергиямен жабдықтау, қондырғыларды өңдеу, темір бұйымдарды дәнекерлеу, қалпына келтіру, т.б. басқа да цехтар бар. Олардың жұмысы тікелей аккумулятор жасау болмағанмен, зауыттың жұмысының тоқтамауына тікелей қатысы бар.
Бүгінде зауыт қалтқысыз жұмыс істеп келеді. Күніне 12 мың, айына 300 мың, жылына 2,5 млн. өнім шығарып жүрген зауыт биыл жаңа межені бағындыруды көздейді. Мақсат – 3 млн. өнім шығару. Зауыт қарқыны жаман емес, межеге жететініне кәміл сенеміз. Өндірісі өрісті кәсіпорынға, зауыт тіршілігін таныстырған Сейдахмет Жұмаханұлына алғысымызды білдіріп, біз де өз тірлігімізге бет алдық. Мида сан ой, мақаланы қалай берген орайлы шықпақ деген беймазалық басым. Бастысы, Талдықорған әлеуетінің өсуіне, экономикасының дамуына септесіп отырған «Қайнар» зауытының шынайы көрінісін оқырманға жеткізу. Мақала барысында не көрдік, қоспасыз соны жаздық...
P.S. Мақала жазу барысында новатор Илон Маск туралы жаңалыққа көзім түсіп кетті. Жуырда ол заманынан озық туған смартфонын көпшілікке ұсынбақ. И.Маск онсыз да адамзатты жаңашылдыққа сүйреп жүргені белгілі. Өткен жылы ғана адамзат тарихында алғаш рет мемлекет емес, жеке компания ғарышқа кеме жөнелтті. Ол осы Илонға тиесілі. Заманауи электромобилдерді жасап жатыр. Жасанды интелект құрастыруды да қолға алды. Санада сан ой, сонау таулар мен талдармен көмкерілген Қазақстанның бұрышындағы Талдықорған қаласында аккумулятор құрастыратын «Қайнар» зауытының өніміне Илон Маск сұраныс түсірсе... Қиялда шек жоқ, бірақ ол да орындалмай тұрмайды. Дана қазақ «болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демей ме, лайым қиял жүзеге ассын дейік...
Дастанбек Садық