Шымкент: Биыл шалғай аудандардағы ішкі орамдық көшелердің құрылысына басымдық беріледі

1514
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мәжілісінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.

– Биыл Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, жол жөндеу жұмыстары барысында шалғай аудандардағы ішкі орамдық көшелердің құрылысына басымдық беріп отырмыз. Алайда жол жөндеу маусымын бастап кетуге ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде. Былтыр наурыз айының басында ойықтарды жамау және жолақ сызу жұмыстары басталып еді. Ал бұл жылы жөндеу жұмыстарына сәуір айының ортасына қарай толыққанды кіріскелі отырмыз, – деді М.Исахов.

Осы орайда қала әкімінің орынбасары жолаушылар көлігіне байланысты мәселелерге де назар аударды.

– Шымкент қаласында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін метан газымен жүретін 590 жаңа автобус сатып алынған болатын. Қазіргі таңда оның 150-і іске қосылған. Ал қалғаны газ толтыру компрессорлық станциясына байланысты болып тұр. Сол себепті бұл жұмыстарға күш салудамыз. Яғни, бүгінде екінші станцияны салу жұмысы аяқталуға жақын. Екінші бекет 15 сәуірде іске қосылған соң, 300 жаңа автобусты жүргіземіз. Жалпы, жыл соңына дейін сатып алынған қоғамдық көліктің бәрін толық жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Спикердің сөзінше, бүгінде қаладағы электронды билеттендіру жүйесі бір ізге қойылған. Аталған жүйе жеке инвестордың қаражатына жүргізілуде. Яғни, бұл өзгеріске қалалық бюджеттен қаржы жұмсалып отырған жоқ. Осы ретте Мақсұт Пернебайұлы студенттер мен оқушыларға төлем картасын рәсімдеу уақыты 15 сәуірге дейін созылғанын тілге тиек етті.

Брифинг барысында Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов 2021 жылдың жол-көлік инфрақұрылымы бойынша жан-жақты баяндады.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Фото – Ернар Мамыр

Пікірлер