Сот төрағасы «SHANYRAQ» орталығында қоғамдық қабылдау жүргізді

2460
Adyrna.kz Telegram

Қоғамдық қабылдаулар кестесіне сай бүгін «SHANYRAQ» Отбасы институтын қолдау орталығында Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сайханов қабылдау жүргізді.

Орталыққа өз қиындығымен келетін аналардың ең бір өзекті мәселесінің бірі – алимент өндіру. Ажырасу белең алуының салдарынан алимент өндіру де көбейіп отыр. Бүгінгі кездесудің де негізгі тақырыбы алимент тақырыбы болды. Баланың әкесінен алимент өндіре алмай жүрген аналар үшін сот төрағасы алимент өндіру үшін қайда барып, қандай шара қолдануға болатынын баяндады.

Егер алимент бойынша сот шешімі шығып, сот орындаушысы алимент төлеушіге тиісті құжаттарды тапсырған күннен бастап үш ай өтсе, бірақ алимент төленбесе алимент өндіруші бірінші кезекте сот орындаушыдан алимент қарызы туралы қаулы алады, екіншіден жергілікті полиция бөлімшесіне барып, ҚР Қылмыстық кодексінің 139 бабы бойынша борышкерді жауапкершілікке тарту туралы арызданады.

«Өз перзенттерінің алдындағы міндетін орындаудан бас тартып жүрген адамды нақты жазаға тартуға болады. Және осы заң талабын қолданып, полицияға арызданудан қорықпау керек. Алименттен жалтару да қылмыс құрамы бар әрекетке жатады» – деді Д.Сайханов.

Тағы бір айта кететін мәселе – егер алимент төлеуден жалтарып жүрген адам жұмыссыз болса, онда алимент ҚР-дағы орташа жалақы сомасымен, яғни 216 000 теңгенің 25 пайызы – әр балаға 54 мың теңге болып есептеледі.
Сонымен қатар көптеген аналар сот орындаушының алимент өндіруге қатысты еш әрекет жасамайтынын айтып шағымданады. Мұндай жағдайда сот орындаушының әрекетсіздігіне аудандық прокуратура органдарына, Әділет басқармасына шағым түсіруге құқылысыз.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер