Желіде вакцинацияның зияны туралы құпия зерттеу тарады

2792
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандықтар Telegram-чаттарда Альфред Уоллестің «Вакцинация пайдасыз және қауіпті» атты кітабының мұқабасының суретін таратып жатыр. Stopfake.kz журналистері ақпараттың рас-өтірігін анықтады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы сайтқа сілтеме жасап.

«Альфред Уоллес – британдық натуралист, географ, биолог және антрополог. Ол 1823 жылы дүниеге келіп, 1913 жылы қайтыс болған. Уоллес түрлі тақырыптарда көп кітап жазған. Мысалы, амазониялық пальмалар, приматтар, Марстың өмір сүруге жарамдылығы және т.б. туралы. Бұдан басқа, шешекке қарсы вакцинация мен иммундауға арналған еңбектері де бар.

Атап айтқанда, Уоллес вакцинация тиімді емес және қауіпті, ал шешек ауруы туралы статистика оған қарсы екпе жасай бастағаннан кейін өсті деп санаған.

Альфред Уоллестің кітаптары құпия емес. Оның туындылары, соның ішінде вакцинация туралы еңбектері ұдайы басылып шығады. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде аты аталған кітапты интернеттен 18,5 АҚШ долларына сатып алуға болады. Кейбір еңбектерін онлайн тегін оқуға болады.

Дәлелді медицина стандарттарының болмауына және вакцинацияның жаңалығына байланысты Уоллестің көзқарастарын оның басқа замандастары да, ізашарлары да қолдаған. Мысалы, 1798 жылы Лондон корольдік қауымдастығы өз беделіне қауіп төндіргісі келмегендіктен Эдвард Дженнердің шешек ауруына қарсы вакцинация туралы жазбаларын жариялаудан бас тартқан.

Алайда, кейіннен Дженнер вакцина ойлап тапқаны үшін бірнеше марапаттарға ие болды және оның құрметіне Трафальгар алаңында ескерткіш орнатылды.

Уақыт өте келе және жалпы медицинаның жетілдірілуімен вакциналар қауіпті аурулардың алдын алудың сенімді және қауіпсіз әдісі екені белгілі болды. Қазіргі уақытта иммундаудың арқасында әлемде шешек, полиомиелит, тырысқақ және сіреспе аурулары тіркелмейді деуге болады.

Дифтерия, қызылша және туберкулез аурулары салдарынан болатын өлім-жітім сирек кездеседі.

Заманауи вакциналар клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан өтеді, олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген.

Бүгінде Альфред Уоллестің көзқарастары тек тарихи тұрғыда ғана қарастырылады. Қазіргі ғалымдар натуралисттің кезінде вакциналардың тиімділігін бағалаудың жеткілікті құрылымдалған статистикасы мен әдістері болмаған, бұл оның пікіріне әсер етуі мүмкін деп жазады.

Дегенмен, қазір оның вакциналардың қауіптілігі және олардың тиімділігі туралы мәлімдемелерін ғылыми деректерді қолдана отырып, оңай жоққа шығаруға болады. Уоллестің кезінде көптеген ауруларға қарсы вакциналар әлі болмағанын ескерген жөн.

Осылайша, ХХ ғасырдың басындағы кітаптар құпия емес және вакцинацияның қауіптілігін де, оның тиімсіздігін де дәлелдей алмайды. Автордың қолындағы мәліметтер жеткіліксіз және ғылымның даму деңгейі салыстырмалы түрде төмен болды», - дейді сайт журналистері.

(фото stopfake.kz сайтынан)

Пікірлер