"Үйіміз қабірімізге айналды": Түркия халқы наразылыққа шыға бастады (Видео)

6480
Adyrna.kz Telegram

Түркия президенті Реджеп Ердоған министрлермен арнайы жиын өткізіп, нәтижесінде бірқатар шешім қабылдады деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Haberturk.com  ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Қол астындағы министрлермен өткізген жиында Ердоған елдегі эпидемиялық ахуалды басты назарға ала отырып, вирустың тарауына тосқауыл ретінде локдаун енгізуді сұрады. Президенттің  бұл ұсынысы министрлер тарапынан толық қолдау тауып, 2021 жылғы 29 сәуір, кешкі 19-00-ден бастап, 17 мамыр, таңғы 05-00-ге дейінгі уақыт аралығында Түркия тұтас локдаунға жабылатын болды.

Жалпы, Түркия бүгінге дейін де түрлі тыйымдармен халқын карантин қыспағынан түгел босатпаған ел болатын. Бұған дейін де кешкі 20-00-ден таңғы 05-00-ге дейінгі аралықта Түркия азаматтарының сыртқа шығуына салынған тыйым бар-ды. Ал енді бүкіл түрік 18 күн бойы локдаун режимінде өмір сүруге мәжбүр. Әрине, мұндай қадамға баруын Ердоған елдегі эпидемиялық ахуалмен, күн санап артып жатқан науқастар санымен байланыстырды. Десек те, Түркия президенті мен министрлерінің келтіріп отырған уәжімен бұл ел халқы түбегейлі келіседі деу қиын-ақ.

Мәселен, HaberTürkiye-нің Телеграм чатында Ердоғанның шешімі туралы ақпарат тарасымен-ақ, қарапайым жұрт тарапынан  пікірлер қарша борады. «Былтырғы наурыз айынан бері тыңғылықты жұмыс істемедік. Жұмыс істемеген соң, ақшамыз да жоқ. Айналаның бәріне біртіндеп қарызға баттық. Енді тағы да локдаун енгізілді. Біз қалай күн көреміз?» дескен жұрттың наразы пікірлері әлі толастар емес. Жүздеген мың адамның бұлайша реніш білдіруі де тегін емес. Себебі, Түркияда салынған тыйым, яғни олардың тілімен айтқанда, «ясак» түрінің өзі түсініксіз еді. Түрік азаматына кешкі 7-ден кейін сыртқа шығуға «ясак» болса, ал шетел азаматы қашан, қанша уақыт сыртта жүремін десе де, «ясак» жоқ. Дәл осы жолғы салынатын тыйым ішінде де шетел азаматтарына мейлінше еркіндік беріліпті. Неге?

«Туристер, шетел азаматтары қалаған уақытында сыртқа шығып, қыдырып жүруіне болады. Ал Түркия азаматтарына үйден шығуға тыйым салынды. Сонда бұл ковид адам таңдай ма? Қалай болғаны? Түркия азаматы көшеге шықса, «жұғатын» ковид еркін серуендеген туристерге жоламайтын болғаны ма? Меніңше, бұл салынған тыйымдардың астарында басқа нәрсе жатыр. Мәселен, өткен аптада Анкарада үлкен конференция өтті. Мыңдаған адам жиналды. Артынша тағы да сондай мыңдаған адам жиналған митинг өтті. Екеуі де еліміздегі саяси партиялар арасындағы текетірес жағдайға байланысты өткен дүниелер. Осы екі жиынға мыңдап адам жиналғанда, биліктегілер ковидті ұмытып кетті де, енді Ораза айты мейрамында халықтың көптеп қыдыруынан зәресі кете қорқып отыр. Қазіргі енгізілген шектеу шаралары да Ораза айт мерекесімен тікелей байланысты. Бізді үйге қамап қойып, өздері саяси ойындарын ойнауға кіріспек»,- дейді бізбен сұхбатында стамбулдық Бурак Құрт.

«Фабрикаларды жабу туралы  ұсыныс еріксіз бас шайқатады. Бұл қалай? Бір ғана фабрикада мыңдаған кісі отбасын асырау үшін жұмыс істеп жүр. Енді олар жұмыссыз қалмақ. Ау, олардың отбасын кім асырайды? Үш аптаға жуық уақыт бойы миллиондаған адам не істейді үйде қамалып? Бұл жағын билік өкілдері ашып айтпады да. Кешелі бері ашығын айтқанда наразылық ұлғайып, халық абыр-сабыр күйге түсуде»,- дейді Чанаккале тұрғыны Тақсим Айдыноғлы.

Ал Түрік Денсаулық министрі Фахретдин Қожаның: «Өз үйіміз – берік қамалымыз. Біраз уақыт үйде қалып бұл вирусты жеңейік» деген жазбасына жауап ретінде қалдырылған пікірлер бүтін Түркия халқының үнін жеткізгендей екен. Емре Демез атты желі қолданушы:«Бәлкім, сіздің өз үйіңіз бар шығар. Сол себепті де «өз үйім- берік қамалым» деп отырған шығарсыз. Ал өз баспанасы жоқтарға қайтпек керек?»- десе, Фатих есімді түрік азаматы министрдің бұл жазбасына: «Өз үйіміз көрімізге айналды ғой»,-деп күйінішін жеткізіпті. Түрік ағайынның әлеуметтік желідегі осы тектес пікірлерін оқи отырып, орасан зор күйінудің, ызаның сарынын анық байқауға болады. Түрік халқының бұлай ызалануы да себепсіз емес. Стамбулдың  бір бөлігінде бұл «ясакқа» наразылық білдіріп жұрт тіпті көшеге шықты бүгін. «Үйде қамалып отырудан өлетін болдық. Бұл не қастандық! Жетер! Шыдамның да шегі бар!» дескен халықтың жанайғайы билікті шешімін өзгертуге итермелер ме екен, белгісіз. Сонымен қатар бұл пікірлердің ішінде билікке сес көрсетіп, бұл локдаунның ақыры жақсы болмасын ескерткен жазбалар да аз емес. "Халық ертең ашыққан кезде көресіңді көрсетер" деген сарындағы пікірлер Түркия билігіне ой салса, қанеки?!

https://twitter.com/i/status/1386648904117129221

Түркияның басты туристері саналатын орыстар мен украин халқы шектеулер туралы хабарды өздерінше таразылап, талқылауға кірісіпті.  Ресейлік БАҚ таратқан ақпарлардан Түркиядағы бұл локдаун саяси шешім деген сыңайдағы дүниелерді табасыз. Сонымен қатар бұл локдаун 18 күн емес, айларға созылуы мүмкін деп болжам жасаған басылымдар Түркияның бұл жолғы локдаунын Ердоғанның саяси қадамымен де байланыстырады. «Ердоған саясатта әлдебір дұрыс емес қадам жасаса, Түркияда локдаун енгізіледі. Ал ковид осындай локдаундар үшін өте тиімді құралға айналды» деп ақпарат таратқан Sobesednik.ru сайты  Түркияның Украина тарапына шығып, соларды қолдауы осындай локдаунға әкелді-ау деген болжамдарын тықпалайды.

Біз қарап шыққан әлеуметтік желідегі ақпарат пен пікірлер легінен байқағанымыз, дәл қазіргі сағатта Түркияның тыныштығы бұзылып, халқының сабыры таусылғандай. Жұмыссыздық жанын қысқан халық күні ертең аштықтан ашынса, Ердоған билігінің іргетасын тас-талқан етпесіне кепілдік бар ма? Қалай десек те, түрік бауырларымыздың  бұл қиын күндерден де амандықта шығуын тілейміз.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер