Қосшы ауылын облыстық маңызы бар қала санатына жатқызу туралы Президент жарлығының жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Егер жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойса, Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қосшы ауылы ресми түрде облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылады.
Жарлық жобасына жасалған түсіндірме жазбада Қосшының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары оның мәртебесін көтеру қажеттілігін көрсететіндігі аталған. Ауылға қала мәртебесін беру - жылжымайтын мүліктің өтімділігін, кәсіпкерлер мен тұрғындардың бизнесті құру мен дамыту үшін несиелік ресурстарға қол жетімділігін арттырады.
Қоғамдық талқылау 13 мамырға дейін жалғасады. Жарлық жобасын мына жерде талқылауға болады.
2018 жылы облыстың бұрынғы әкімі Малик Мурзалин:
"Елордаға қосылудан Қосшыдағы өмір жақсармайды. Егер біз бүгін Астанаға Қосшыны қоссақ, ертең Қоянды, Талапкер, Қараөткелдің тұрғындары да сол сұрақты қояды, бізді де астанаға беріңіздер дейді. Бұл логикалық тізбекті жалғастыра сіздер бүкіл елді бір астанаға біріктіруді қалайсыздар ма? Ол - мүмкін емес!", деді.
2020 жылы облыстың қазіргі әкімі Ермек Маржықпаев Қосшы ауыл ретінде бұдан былай бола алмайды, елді мекен облыстық маңызы бар қалаға айналуы мүмкін деді.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Қосшыны қалаға қосу жоспарлары жоқ екенін хабарлады.
Қосшы ауылы - Целиноград ауданының аумағында орналасқан елді мекен. Жалпы ауданы 2413 гектарды құрайды. Ресми тұрғыны - 50 600 адам. Қосшы ауылы - астананың оңтүстік батысында орналасқан аймақтағы ең ірі елді мекендердің бірі.
"Адырна" ұлттық порталы