Елімізде гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар бойынша мақалаларын танымал халықаралық журналдарда жариялай алатын PhD докторанттары жоқ. Бұл туралы M.S. Narıkbaev atyndaģy KAZGUU Unıversıteti-нің Басқарма Төрағасы Талғат Нәрікбаев «Өзбекстанда заң ғылымын дамыту мен заң шығару қызметін жетілдірудің өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.
Басқарма Төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта елімізде Scopus мәліметтер базасында индекстелген немесе Web of Science мәліметтеріне сәйкес импакт-факторы бар журналдарда мақалалары мен шолуларын жариялаған 300-ге жуық заңгер ғалым бар. Соның ішінде олардың 238-і (80%) еңбектерін «жыртқыш» атанған журналдарда жариялады.
Конференция барысында Талғат Нәрікбаев университеттер арасындағы QS әлемдік рейтингі жайлы пікірімен бөлісіп, қазақстандық ғылым саласындағы өзекті мәселені атап өтті.
«QS университеттер рейтингінде Қазақстанның кейбір ЖОО-лары бар. Бірақ бұл рейтингтің әдістемесі академиялық адалдықтың шынайылығына, зерттеулердің сапасына және т.б. диагностика жасай алмайды. Мұндай рейтингтегі позицияларға көбінесе шетелдік өзге университеттердің сарапшыларымен жеке этикаға жатпайтын байланыстары арқылы және жарияланған мақалалар саны үшін жарысу арқылы және т.б. жолдармен қол жеткізеді. Сондай-ақ елімізде гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы PhD докторанттары мақалаларын жетекші халықаралық журналдарда жариялай алмайды және мақала ҚР БҒМ талап қойған соң ғана шығарылады», - деп атап өтті ол.
M.S. Narıkbaev atyndaģy KAZGUU Unıversıteti-нің баспасөз қызметі