Кербұлақ ауданына Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев жұмыс сапарымен келіп, диқан қауымының, соның ішінде, «Қызылжар» өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты.
«Қызылжар» өндірістік кооперативінің басшысы Айдын Нұртазин келген қонақтарды мекеме жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда кооператив қарамағында 50 адам жұмыс істейді. Ұжымға тиесілі 1700 гектар егістік жер бар. Оның 1300 гектарына күздік бидай себілген, бүгінде тырмалау жұмысы жүргізілуде. Ал 350 гектар жерге жаздық арпа егу жұмысы басталып кеткен. Бұл жұмыстардың басында 20-дан астам адам жүр.
– Ауа райы қолайлы болып тұр. Қолдағы бар техниканы жұмылдырып, әр күнді тиімді пайдалану мақсатында жұмыс жасаудамыз, – дейді 1995 жылдан осы кооперативте жұмыс істеп, кейінгі үш жылда кооперативті басқарып отырған азамат.
Өндірістік кооперативтің техникасы да көктемгі дала жұмыстарына сақадай-сай, жанар-жағармай жеткілікті. Шаруа жайымен толық танысқан Серік Мелісұлы ала жаздай алқапты баптап, қамбасын астыққа толтыруды ойлаған кооператив ұжымына ізгі ниетін білдіріп, жаздың аптап ыстығына, жауын-шашынға қарамай маңдай термен атқарылатын жұмысқа табыс тіледі