Мұратберген мұңайған күн...

3252
Adyrna.kz Telegram
(Аз сөз немесе азасөз)
Менде үнсіз қаламын сұрақ берген,
Үнсіз мұрнын шұқиды Мұратберген.
«Туған ауыл» дейтұғын тақырыпта
Шығармадан «екі» алып, «құлап келген».
Есенғали.
Елге танымал Есенғалидың баршаға белгілі Мұратбергені дарияның жағасына жайғасқан Сыр елінің ғана маңдайға басқан момақан жігіті емес-ті. Өз жұмысын білетін, өз жөнімен жүретін, елтең-селтеңмен онша шаруасы жоқ, көп сөзге үйірсектігі де шамалы мұндай кейіпкер кез-келген ауылдан табылатын. Туған жері туралы шығармадан оңбай сүрінсе де, туып-өскен өңірін жан-жүрегімен жақсы көру жағынан қаламы жүйрік жазушылардан ешқандай кем қалмайтын ақеден адамның бейнесі еді бұл.
Әлі күнге дейін Мұратбергендер қазақ ауылының діңгегін ұстап тұр. Сол Мұратбергендер у-шуы көп қалаға мүлде көндіге алмай жүр. Бір Мұратберген ерте тұрып кеш жатады. Тағы бір Мұратберген түнімен көз ілмейді. Өткен-кеткенді, бала-шағаны ойлайды, басқаны да бастан шығармайды. Бір Мұратберген қора сыртында темекі тартып отыр. Тағы бір Мұратберген күрк-күрк жөтеліп, тар үйде төсек тартып жатыр... «Не болды?», – десең, «Әй, тыныштық...», – дейді де қояды. Бір есінеп алып, «Не жазасың?» дейтін керенаулықты бәрі де баяғыда қойған. Жазумен жан бақпайтын заман...
Есенғалидың мың-сан кейіпкерінің ішінде осы Мұратбергеннің жөні бөлек-ті. Ол – қаймана қазақ. Ол – ауылдың алтын қазығы. Ол – даланың даңғайыр диханы. Ол сылдырап аққан арықтың да, арқырап аққан сарқыраманың да мехнатын талайдан тартып келе жатқан шағын бөлімшенің ширақ мұрабы. Олардың ішінде Есенғалидың жырын жатқа оқитындары да, Есағамның есімін еміс-еміс білетіндері де бар. Бірақ сол баяғы «үнсіз мұрнын шұқитын» түпнұсқа Мұратбергеннен басқасы шартарапқа танымал ақынның кейіпкері екенін сірә да сезіне қоймас...
May be an image of бір немесе бірнеше адам, аспан және мәтін
Сол Мұратберген бүгін қалың ойдың құшағына көміліп, мүжіліп-мұңайып отыр. Бірақ оның мұңаюы жылау мен зардан артық. Жыр алыбының алыс сапарға аттанғанын естіген соң ақын біткеннің азалап, жазушы біткеннің жабырқап, елдің егіліп, сөздің сөгіліп жатқанын біледі ол. Соны жүрегімен ұғынған күллі қазақтың Мұратбергені үнсіз ғана жоқтайды бүгін... Себебі, енді оларды Есенғали ағам секілді ешкім де дәл солай жырлап бере алмайды. Қазақ әдебиетінің ақ парағына Есағаң мөр ғып басқан мәртебелі Мұратбергеннің бейнесін де ешкім көңіл төрінен өшіріп тастамақ емес.
Осыдан тура қырық бес жыл бұрын, сәуірдің он екісінде Қордайдың қоңыр желі демін ішіне тартып тына қалған сәтте қазақтың басты басылымының бірі «Халқынан ұзақ алған рахметті, Дүниеден Кенен деген ақын өтті» деп азанама жариялап еді. Сол сияқты ел-жұрты мен кейіпкерлерінің шексіз ықыласына бөленген Есенғали Раушанов көзі тірісінде-ақ бүкіл оқырманының ой-тұжырымын «классик» деген бір ауыз сөзге тоғыстырып кетті...
May be an image of 1 адам
Жалпы, тұмсықтылар мен қанаттыларды жырына қоспаған ақын жоқ. Тіпті Әлішер Науаи, Ризаи Пайванди сияқты шығысқа танымал шайырлар «Құс тілі» деген атаумен поэма жазған. Біздің жыр жүйріктері де әр заманда көк жүзіне көбірек зер салды. Барселона аэропортындағы сұңқарлардан бастап, үлкенді-кіші қала құстары мен дала құстарына дейін қалдырмай түгелдеп келеміз. Бірақ Есенғали Раушанов секілді құс атаулының терең табиғатын қара сөзбен зерлеген жыр жампозын табу – қиынның қиыны. Оның өлеңдеріне де құстың қауырсыны үнемі қыстырулы тұрады. Тіпті осы Мұратберген туралы жырында да үйдегі («Дейді тағы жай ғана маған қарап, Жалғыз әтеш ұйықтап тұр жағал қанат») және түздегі («Сұқсыр ұшты сымпылдап күміс көлден, Қырман мынау кең төсін күріш көмген») қанаттылардың бедерлі бейнесі бар.
Құстың жайын керемет білетіні соншалық, ол бізге солармен бірге ілесіп, бір ауық аспан әлемін шарлап қайтатындай көрінетін. Арқалы ақын таңсық тақырыптың сырына үңіліп, «Құстар – біздің досымыз» деген керемет кітап жазды. Таңертеңнен бері азалы жұрт Есағамның есейген шағында ағылшынша үйренгенін қайта-қайта айтып жатыр. Дегелек пен дуадақтың, саңырау құр мен қайшыауыздың тілін түсінетін адамға шет тілін игеру дегенің не, тәйірі дейсің мұндайда...
May be an image of 1 адам, standing, outdoors және tree
Тереңнен тамыр тартатын аңыз бойынша құс тілін білетін адам өзінің бұл өнері жөнінде жан баласына сыр ашпауға тиіс. Тіпті жан жарына да... Ал айтып қойды дегенше... «Мың бір түн» хикаясы мен үнді әпсаналарын байқашағына дейін қалдырмай оқып шыққандар мұны жақсы біледі. Қайдам, кейде алғырлығы мен аңғалдығы қабат кеп қалатын Есенғали ағам шабыт қысып отырғанда құс тілін білетінін өзгелерге сездіріп қойған жоқ па екен?! Содан соң сол құстар топтасып ұшып, Есағаңды әйгілі «Тотынаманың» ертегісіндегі секілді жеті қат көкке алып кетті-ау, шамасы?! Бәріміз түстеп танитын қара бауыр қасқалдақтың өзі бастап...
Сен не дейсің бұған, Мұратберген?!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер