Қазақстанның халық саны 19 миллионға жуықтады

4212
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан халық саны 19 миллионға жуықтады. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы дереккөзге сілтеп.

"2021 жылы 1 наурызда еліміздегі халық саны 18 917,2 мың адам болды, оның ішінде қалалықтар - 11 187, 2 (59,1 пайыз), ауылдықтар - 7 730,0 адам (40,9 пайыз).

2020 жылғы 1 наурызбен салыстырғанда халық саны 245,3 мың адамға немесе 1,3 пайызға өсті", - деп хабарлады ведомстводағылар.

Биыл қаңтар-ақпанда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда (42,0 мың адам) 0,2 пайыз өсіп, 42,1 мың адам болды. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,71 адам.

Туу және өлім көрсеткіші

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-ақпанда туғандар саны 65,7 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-ақпанға (64,7 мың адам) қарағанда 1,6 пайызға көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 21,41 сәби.

Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 23,7 мың адам, бұл 2020 жылғы қаңтар-ақпанға (22,7 мың адам) қарағанда 4,2 пайыз көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7,70.

2021 жылғы қаңтар-ақпанда республикада 1 жасқа дейін шетінеген 517 нәресте тіркелді. 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (583 шетінеген нәресте) 11,3 пайызға азайды. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 7,86 оқиға.

Халықтың көші-қоны

Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылы қаңтар-ақпанда елімізге тұрғылықты тұруға келіп, тіркелгендер саны 1 398 адам, елімізден кеткендер саны 3 422 адам, көші-қон айырымы - 2 024 адам екені белгілі болды.

Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 19,7 пайызға кеміді. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматы (5 834 адам), Шымкент (4 842адам), Нұр-Сұлтан (4 516 адам) қалаларында және Маңғыстау облысында (216 адам).

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер