АҚШ Ресейге ауқымды санкциялар жариялап, дипломаттарын еліне қуды

9331
Adyrna.kz Telegram
АҚШ-тың Ресейге қарсы кезекті экономикалық санкциясы
АҚШ президенті Джо Байденнің тапсырмасымен бүгін Ресейдің 32 жеке және заңды тұлғалары санкцияға ілінді. Вашингтон мен Нью-Иорк қалаларынан Ресейдің дипломаттары мен елшілері қуылды.
Сонымен қатар, Ақ Үй мемлекеттік департаменттермен, сауда министрлігімен бірлесе отырып, америкалық компаниялардан Ресейдің мемлекеттік қарыздарына, компанияларына санкциялар салып, Ресей банкінің қаржылық ағымдарына тосқауыл қоюды тапсырды.
АҚШ-тың мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Джейк Салливан мұны Ресейдің Америкадағы президент сайлауына кедергі жасап, әртүрлі кибершабуылдар жасауымен де байланыстырды.
АҚШ-тың Ресейге салынып отырған осы жолғы санкциясы өте жоғары масштабта болып отыр. Ресейлік тарап бұл санкцияларға біз де жауап береміз деп мәлімдеді. Ақ Үй Украинаның территориялық тұтастығын сақтауға, Донбасс пен Қырым Украинаның суверенитетіне кіретінін, әрі Украинаны соңына дейін қолдайтынын айтты.
АҚШ Ресейдің "Ньюсфронт", "Инфорос", Southfront сияқты ақпараттық мәдени стратегиялық қорларына да санкция жариялады.
Персоналды санкциялар "Мостотреста", "Ленпромтранспроекта" сияқты алып зауыттар мен "Томмот" құрылыс дирекциясына, Қырымдағы жер қатынастары басшысы Лариса Кулиничке, Қырымның ІІД басшысы Павел Карандаға, сонымен қатар бірнеше лауазымды тұлғаларды тізімге алды.
Кремль қазір АҚШ-тың экономикалық санкцияларын халықаралық дипломатияға кереғар деп айыптап, қарсы жауап қайтаруға дайындалып жатыр. Ресейдің рублі тоқырауға ұшырап, құлдырап жатыр. Рубльге кіндігімен байланған біздің теңгенің күні енді не болар екен... Қазақстандағы үй мен көліктің бағасының көкке өрлеп, қымбаттап жатқаны осы санкцияларға тікелей байланысты. 
 
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер