2014 жылы Украинаға Ресей агрессиясы басталып, Қырымды Мәскеу оккупациялап алды. Ал Украина шығысында сепаратистерге қару беріп, Ресей әскерін айырым белгісінсіз кіргізіп, соғыс бастады. 2014 жылдан ащы сабақ алған Украина әскерін жаңа қару түрлерімен жарақтандырып, қорғаныс саласын модернизациялауды бастады. Украина шығысындағы соғыста 15 мыңнан астам адам қаза тапты. Киев сепаратистер қолындағы шығыс аймағын азат ету операциясын бастауы мүмкін. Қазіргі уақытта Украина әскерінде қандай қару түрлері бар?
Киев қарудың басым бөлігін НАТО елдерін сатып алуда. Тек қана сатып алмай, оны меңгеру бойынша түрлі жаттығулар өтіп жатыр. Ел шығысындағы ұрыста көбіне жеңіл атыс қарулары маңызды рөл ойнап келеді. Сондықтан біз танк, тікұшақ және ұшақтан бөлек Украина әскері сепаратистерге қандай қару түрімен жауап қайтаратынын қарастырып көрелік.
Bayraktar TB2 соққы жасаушы дрондары. Бұл дрондарды білмейтін қазақ жоқ шығар. Ол өзінің ұрыс даласындағы қуатын Ливия мен Сирияда көрсетті. Ал Қарабақ соғысында тіпті шешуші рөл ойнап, армян әскерінің тас-талқанын шығарушы қаруға айналды. 2018 жылы Украина Түркиядан 6 Bayraktar TB2 cоққы жасаушы дрондарын сатып алды. Дрондардың саны 2020 жылы және 2021 жылы екі мәрте толықтырылды. Қазіргі таңда сепаратистер қолында бұл дрондарды атып түсіретін қару жоқтың қасы. Тіпті ресми қорғаныс министрлігі бар, әскері түрлі қару түрімен жарақталған Арменияның өзі Қарабақта бұл дрондарға айтарлықтай қарсылық көрсете алмады.
Javelin танкке қарсы кешені. Бұл қару "танк өртеуші" атауына ие болған. Ресми Вашингтон Киевке бұл қаруды беру бойынша ұзақ ойланып, ақыры берді. Себебі бұл қару қуатты, жау әскерінің танк, БТР, БМП сынды бронды техникасын тас-талқан етеді. Ресей ұзақ жылдар бойы FGM-148 Javelin сынды қару түрін жасауды ойластыруда, алайда әзірге нәтижесіз. Қарудың ерекшелігі сол, зымыран траекториясы атылған соң бағытын өзгертіп, техниканың ең осал тұсы саналатын төбесінен түседі. Бұл дегеніміз танк пен БМП, БТРдің әп-сәтте отқа орануына әсер етеді. Қазіргі таңда Украинада ашық деректерге сүйенсек 52 Javelin танкке қарсы кешені бар.
MFTR-2100 радары. Бұл радарды Украина Даниядан сатып алған. Радар кешені БПЛА, ұшақтарды, зымыран кешендерінен атылған зымырандарды жоғары дәлдікпен табады. Бір мезетте 256 нысанға дейін анықтай алады. Украина Даниядан аталмыш радар кешенін тағы да еселеп сатып алуды жоспарлап отыр.
"Ольха" зымыран кешені. Бұл кеңестік "Смерч" кешеніне ұқсас. Украинаның төл туындысы. 2018 жылы Украинаның қорғаныс саласына келіп түсті. Ал 2019 жылы зымыран кешенінің модернизацияланған "Ольха-М" түрі сынақтан сәтті өтті. Зымыран кешені 120 шақырымдағы нысанды жоя алады.
"Dana-М2" өздігінен жүретін артиллериялық қондырғысы. Украина 26 дана Чехиялық өздігінен жүретін артиллериялық қондырғысын сатып алды. Бұл қондырғының сыртқы броны төзімді, 20 шақырымдағы нысанды жоя алады.
2С1 «Гвоздика» өздігінен жүретін гаубицасы. Украинада бұл гаубицаның 300-ден астам данасы бар. Әрине жаңа қару түрі емес, дегенмен ол талай әскери қақтығыста өзінің тиімділігін көрсеткен. Соңғы екі жылда Киев Чехиядан тағы да осы гаубицаларды сатып алды.
Barrett снайперлік мылтығы. Украина 2015 жылы АҚШ-тан осы қару түрін ала бастады. Сол уақыттан бастап Украин мергендерінің сепаратистер мергендерінен артықшылығы еселеп артты. Өйткені Barrett снайперлік мылтығынің оғы ұзаққа ұшады, дәл тиеді және оғы тиген жерді жұлып түседі.
Әрине бұл Украина әскерінде бар жүздеген қару түрлерінің біршамасы ғана. Киевте танктер, ұшақтар мен тікұшақтар, зеңбіректер, жағалау күзетіне арналған кемелер мен автомат, пулемет түрлері, ай сайын НАТО елдерінен келіп жатқан барлаушы дрондар, граната түрлері мен қорғаныш костюмдері, миналар мен тапаншалар және басқа қарулар бар.
Асхат Қасенғали
"Адырна" ұлттық порталы