«Тыйым салу керек»: Бекболат Тілеухан ұрығын сататындар туралы айтты

3902
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан елімізде аталық және аналық ұрықтың бірыңғай базасын құру мен бір реттен артық донор болуға тыйым салу туралы айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ол премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа ұрық доноры проблемасын көтере отырып, сұрақ қойды.

«Заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адам анонимді түрде донор бола алады. Дені сау, дене бітімі қалыпты дамыған, генетикалық сараптамасы жақсы болса, аталық ұрығын тапсыра алады. Қанша рет тапсырасыз өз еркіңіз. Шектеу жоқ. Анкетада жүзі, руы, бойы, салмағы, мамандығы көрсетіледі, болды. Каталогтан көңіліңізге қонғанын таңдап аласыз, бітті», – дейді депутат.

Бекболат Тілеуханның сөзінше, статистика бойынша жыл сайын тек бір ғана клиниканың өзінде осы жолмен 70 бала өмірге келеді екен.

«Бұл – ертең еліміздің түкпір-түкпіріндегі 20 отбасыда бір әкеден тарайтын 20 ұл-қыз бойжетіп, ержетіп шығады деген сөз. Одан көп болуы да мүмкін. Бір әкеден тараған жандардың бір-біріне үйленуінің алдын алу үшін, ауру балалардың санын азайту үшін бұл мәселе өте маңызды деп ойлаймын», – деді ол.

Депутат бір реттен артық донор болуға рұқсат етпеу керек деген пікірде. Сондай-ақ ол бір донордың ұрығын екі адамнан артыққа қолданбауды ұсынды.

Пікірлер