13 сәуір күні қасиетті Рамазан айы басталды. Айлардың сұлтаны аталған бұл ай, мұсылманның бес парызының бірі болған ораза ұстау үрдісімен, жасалған игі амалдардың еселенуімен ерекшеленеді.
Биыл Рамазан айы 30 күнге созылады: 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады.
Ораза айт мейрамы 13 мамырда басталады. Ал түндердің сұлтаны аталған - Қадір түні 8 мамырдан 9 мамырға қараған түні болады деп күтілуде.
Пітір-садақа биыл 420 теңге деп белгіленді.
Оразаны не бұзбайды?
1. Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
2. Ұйқыдан жүніп болып ояну;
3. Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
4. Әйеліне қолын тигізбесе де оған қараудан немесе шәһуәтын қоздыратын жағдайларды ойлап мәни шықса;
5. Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;
6. Аузына келген қақырықты жұту;
7. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
8. Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
9. Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
10. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
11. Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
12. Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
13. Көзге дәрі тамызу;
14. Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;
15. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;
16. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
17. Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.
Оразаны не бұзады?
- Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;
- Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
- Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту; Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес».
- Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);
- Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;
- Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. (Каффарат деп – рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады).
Оразаны кімдерге ұстамауға рұқсат?
- Жолаушылық; (сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды).
- Жүктілік пен бала емізу; (егер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады).
- Ауру-сырқау; (сенімді дәрігер ораза денсаулығына зиян тигізетінін жан-жақты анықтап барып айтса, жазылған соң ұстауға болады).
- Кәрілік; (қартайып оразаны денсаулығы көтермейтін кісілер бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп тойдырады. Оған шамасы келмесе тәубе етеді).
-Хайыз (етеккір) бен нифас; (бір әйел ораза кезінде етеккір көрсе немесе босанса ораза бұзылады. Мұндай жағдайда тоқтаған соң қазасын өтейді).
"Адырна" ұлттық порталы
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі